МУЗЫКА МАЙТАЛМАНЫНА АРНАЛҒАН КЕШ
Сыр өңірінің мәдениет саласында есімі құрметпен аталатын жандарың бірі – Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық училищесінің директоры, Тұрмағанбет атындағы ұлт аспаптар оркестрінің дирижері әрі көркемдік жетекшісі Кеулімжай Ботабаев.
Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында өнерімен елдің рухын көтеріп жүрген талантты дирижер, «Құрмет» орденінің иегері Кеулімжай Ботабаевтың 60 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеші өтті.
Дарынды өнер иесінің мерейтойына арналған шығармашылық кеште облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова сөз сөйлеп, Сырдың талантты перзентіне Қызылорда облысының «Құрмет» Грамотасын табыстады.
Кешке елімізге белгілі өнер иелері арнайы келіп, мерейтой иесінің қуанышына ортақтасты. Мәселен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің және Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» халық аспаптар оркестрінің дирижері Мүсілім Әмзе, «Құрмет орденінің» иегері, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының Дәулеткерей атындағы оркестрдің бас дирижеры, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Еркін Нұрымбетов, халықаралық пианисттер конкурсының дипломанты Жания Ботабаева, халықаралық байқаулардың лауреаттары – Мақсат Мақұлбеков пен Сымбат Тасбергенова мерейтой иесіне ізгі тілектерін жеткізіп қана қоймай, құрметпен өнер көрсетті.
Концертте Л.Боккерини, Г.Форе, К.Сен-Санс, П.Чайковский, А.Лара, Ш.Гуно сынды шетел композиторларының туындылары, Құрманғазының, А.Жұбанов пен Е.Бруссиловскийдің шығармалары және халық әндері де орындалды. Бірқатар күрделі шығармаларға мерейтой иесінің өзі дирижерлық етті. Мәселен, К.Ботабаевтың дирижерлығымен орындалған А.Жұбановтың «Романс», Л.Боккерини «Рондо», Г.Форе «Пробуждение» және К.Сен-Санс «Аллегро аппассионато» сынды шығармаларды көрермен қауым ыстық ықыласпен тыңдады.
Бұған қоса, халық әні «Екі жиренді» халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары Мақсат Мақұлбеков, халық әні «Ахау бикемді» Сымбат Тасбергенова шырқады. М.Мақұлбеков А.Лараның «Гранада» шығармасын орындады. Оны Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар сүйемелдеді.
Ал жергілікті камералық оркестр орындаған П.Чайковскийдің «Ноктюрн» шығармасына Мүсілім Әмзе дирижерлік етсе, виолончелистер ансамблі (дирижері Еркін Нұрымбетов) А.Арутюнянның «Экспромт» шығармасын ұсынды.
Осылайша, Сыр халқы рухани мерекенің қуанышына ортақтасты.
Сыр елінің талантты ұлы К.Ботабаев «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен және «Құрмет» орденімен марапатталған. «Білім саласының үздігі». Оның басқаруындағы іргелі өнер ордасының шәкірттері Сыр елінің абыройын биіктетіп келеді. Соңғы үш жылда колледждің 40-қа жуық оқушысының халықаралық, республикалық конкурстардан лауреат болып оралуы ұстаз еңбегінің нәтижесі.
Қызылорда облыстық филармониясы ұйымдастыруымен өткен кешке Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің студенттері де үлес қосты.
Д.ЕЛУБАЕВ,
«Кызылорда-ньюс»