РОЛЛАН СЕЙСЕНБАЕВ АНТУАН ДЕ СЕНТ-ЭКЗЮПЕРИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЫЙЛЫҚТЫҢ ЛАУРЕАТЫ АТАНДЫ
Халықаралық «Абай» клубынан жақында жан жадыратар жақсы жаңалық хабар келіп түсті. Белгілі қазақ жазушысы Роллан Сейсенбаев аса көрнекті шығармашылық қызметі үшін Антуан де Сент-Экзюпери атын¬дағы халықаралық сыйлықтың лауреаты атанды. Мұндай шешімді Германия мен Францияның әдебиет, өнер мен мәдениет қайраткерлерінің «Глория-Лион» ассоциациясы бірауыздан қабылдаған.
Осыған жалғасқан екінші жағымды жаңалық та көп күттірмеді. Америка Құрама Штаттарының Сан-Франциско қаласында орналасқан Халықаралық Арт-Орталығы 2018 жылғы Джек Лондон атындағы халықаралық әдеби сый¬лығының лауреаттарын жария етті. Нақ осы Сан-Франциско қаласында 1876 жылдың 12 қаңтарында бүкіл әлем Американың әйгілі жазушысы һәм қоғам қайраткері Джек Лондон ретінде білетін Джон Гриффит Чейни дүниеге келген болатын.
Осынау мәртебелі сыйлықпен марапатталған әр елдің мәшһүр жазушыларының арасында көрнекті қазақ жазушысы Роллан Сейсенбаев та бар. Оның «Құм кезген өліктер» роман-эпосы ХХІ ғасырдың таңдаулы романдарының бірі деп танылды.
Қазақ руханиятының қабырғалы өкілдері қатарындағы қарымды қаламгер «Өзімді іздеп жүрмін» атты алғашқы прозалық жинағымен-ақ оқырман жүрегін жаулап, әдебиетімізге олжа салар ойлы жазушының келгенін аңғартқан еді. Кейін Ол «Шайтанның тағы», «Құм кезген өліктер», «Дүние тас-талқан болған күн» сияқты сүбелі романдар жазып, жаңа шығармашылық белестерге көтерілді. Әлемдік деңгейдегі классигіміз Әбіш Кекілбаев бастаған әріптестері бұл елеулі еңбектеріне жоғары баға берді. Мәскеудің беделді баспаларынан бірнеше кітабы орыс тілінде жарық көрді. Көптеген пьесалары еліміз театрларының сахнасында қойылды. Ұлы Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін дүние жүзіне танытуға аянбай атсалысты. «Аманат» журналы арқылы әлем әдебиетінің інжу-маржандарын қазақшаға аударып, көпшілік игілігіне жаратты. Ендеше ардақты ағамыздың алдағы уақыттарда да табысты еңбек ете беруіне тілектестігімізді білдіреміз.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»
«Егемен Қазақстан»