«ДЕСТРУКТИВТІК ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІ»
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді дана халқымыз. Бүгінде дәстүрлі емес діни ағымдардң ағылып кеп, ел ішіне іріткі салуы қоғамның дертіне айналды. Көптеген жастардың санасы уланып, өздерін түсініксіз әлемнің тұңғиығына лақтыруда. Бұған себеп дінге бет бұрған жастардың деструктивтік діни ағымдардың теріс идеологиясына деген иммунитетінің әлсіздігінен орын алуда. Сондықтан мемлекетіміз дін туралы саясатын жүйелі жүргізу мақсатында ҚР дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітіп, осыған сәйкес халықтың діни сауатын арттыруда түрлі шаралар жүргізілуде. Түсіндірме жұмыстарының арқасында талай адам теріс жолынан қайтып, дәстүрлі дінімізге қайта оралды. Бүгінгі ұрпақтың бет бұрысын түзеп, ұлттық құндылықтарымыздың ұмытылуының да алдын алуда.
Әрине, жас ұрпақтың жат ағымдардың жетегінде кетуінен сақтау үшін ең алдымен оларды тәрбиелейтін ортаның, атап айтқанда ата-ананың, мектеп ұстаздарының, мешіт қызметкерлері мен құзырлы органдардың белсенділігі қажет.
Жас ұрпақтың діни сауатын арттыру мақсатында Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығы жүйелі жұмыстар жасап келеді. Орталықтың теолог мамандары көпшілікке дәстүрлі емес діни ағымдардың түпкі теріс мақсатын ашып айтып, теріс идеологияларынан сақтану жолдарын түсіндіріп келеді. Бүгінгі облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының мәжіліс залында өткен жиынның да мақсаты сол, зайырлы қоғамдағы діни экстремизмнің алдын алу. Шараға ҚМДБ өкілдері, Дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог мамандары, ішкі істер органдары мен Облыстық ішкі саясат басқармасының қызметкерлері қатысып, деструктивтік діни ағымдардың жастарға әсері мен қатерін талқыға салды. Кездесуде Л.Гумилев атындағы «Еуразия» ұлтық университетінің доценті Алмат Нурадинов «Деструктивтік діни ағымдардың психологиялық әдіс-тәсілдері» тақырыбында семинар-тренинг өткізіп, жат ағымдардың теріс әрекеттеріне тосқауыл қоюдың тың тәсілдерін түсіндірді. Әлемдегі белгілі ғалымдардың тәжірибесінен де мысалдар келтіріп, жастарды жат ағымдардан сақтаудың түрлі жолдарын ұсынды. Жиын соңында теолог мамандар, мешіт имамдары мен құзырлы орган өкілдері өзара пікір алмасып, мәселе төңірегінде ойларын ортаға салды.