КӨРКЕМСӨЗ ОҚУ ШЕБЕРЛЕРІНІҢ ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУЫ
Жақында Төтенше жағдайлар департаментінде облыстық азаматтық қорғау саласының 20 мен 29 жас аралығындағы жас қызметкерлері арасында «Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауына» іріктеу өтті.
Байқауға Төтенше жағдайлар департаментінен, сондай-ақ Департаментке бағынысты мекемелерден 18 қызметкер қатысты. Байқаудың мақсаты тек облыстық байқауға іріктеу ғана емес, облыстық азаматтық қорғау саласы қызметкерлерінің тіл мәдениетін арттыру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, көркем әдебиетті насихаттау. Іріктеу байқауын Департамент бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі А. Төлешев сөз сөйлеп ашып, талапкерлерге байқаудың мақсатын түсіндіріп, сәттілік тіледі.
Сайысқа қатысқан қызметкерлер байқаудың шарты бойынша І кезеңде қазақтың белгілі жазушыларының көркемдігі жоғары прозалық шығармаларынан үзінді оқыса, ІІ кезеңде Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай поэзиялық шығармаларынан үзіндіні жатқа айтты. Департаментте өткен іріктеу байқауына Н. Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртісі Ұ. Баймаханов, Халық шығармашылығы орталығының қызметкері А. Кемалбекқызы және Департаменттің кадр жұмысы бөлімінің бас маманы Е. Үсенбаев қазылық жасады. Іріктеу байқауының нәтижесінде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Замира Серікқызы Ахметова, ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы – Мақсат Алтынбекұлы, Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы қызметкері Гаухар Ғалымжанқызы Асанова ерекше көзге түсіп, облыстық байқауға жолдама алды.
Аталған қызметкерлер Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханада өткен «Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауына» жоғарыда таныстырылған шарт бойынша өз өнерлерін көрсетті. Облыстық байқауға Қызылорда қаласы мен аудандардан 26 талапкер қатысты. Облыстық байқау қорытындысы бойынша Департамент қызметкері З. Ахметова мен ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ қызметкері М. Алтынбекұлы ынталандыру сыйлықтарына ие болып, арнайы дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталса, «ОӨАЖҚЖ» ММ қызметкері Г. Асанова алғыс хатпен марапатталды.
Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің
Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы