«ТЫҒЫЛМАҚ» ПЕН «АСАН» ФИЛЬМДЕРІ КАНН КИНОФЕСТИВАЛІНЕ ЖОЛ ТАРТТЫ
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген қысқаметражды фильмдер мамырдың 8-19 аралығында Францияда өтетін Халықаралық Канн кинофестивалінің Short Film Corner бағдарламасы аясында көрсетілетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат киностудияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әлемдік қысқаметражды фильмдерге арналған Канн фестивалінің кәсіби бөлімі - Short Film Corner бағдарламасы аясында отандық екі кинотуынды - «Тығылмақ» және «Асан» атты фильмдер көрсетіледі.
«Аталған бағдарламаның басты мақсаты - кино әлеміндегі кәсіби киногерлердің басын қосып, жас режиссерлер мен продюсерлер, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған дистрибьюторлар арасында байланыс орнату. Осы бағдарлама аясында көрсетілген фильмдер халықаралық кинофестивальдерге жолдама алып, халықаралық серіктестер және дистрибьютор табуға мүмкіндіктері бар», - деп хабарлайды киностудияның баспасөз қызметінен.
Биыл Short Film Corner бағдарламасына қатысуға әлемнің бірқатар елдерінің режиссерлерінен 2 мыңнан астам тапсырыс келіп түскен. Жыл сайын ұлғаятын бұл көрсеткіш қысқаметражды фильмдерге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
Айта кетсек, «Тығылмақ» және «Асан» фильмдері былтыр «Қазақфильм» киностудиясындағы «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігі ұйымдастырған сценарийлер конкурсында жеңіске жетіп, өндіріске жіберілген болатын.
«Режиссер Венера Қайыржанова түсірген «Тығылмақ» фильмі ересектер проблемасына куә болған екі кішкентай қыз туралы баяндайды. Олар сол жағдайдан қашып, өз балалар әлеміне жасырынамыз деп, көшеде «тығылмақ» ойнайды. Бұл туынды Санкт-Петербор қаласында өткен дыбыс режиссерлеріне арналған «Inтоннация» V халықаралық кинофестивалінде Григорий Франк атындағы арнайы жүлдемен марапатталды (фильмнің дыбыс режиссері Қойшын Қанай). Ал режиссер Берік Жахановтың «Асан» фильмінде көп жылдары әкесін көрмесе де, оны ақтық сапарға шығарып салуға барған жігіттің өмірі суреттеледі», - делінген хабарламада.