ТҰРМЫСЫҢ ЖАМАН ЕМЕС ЕКЕН ҒОЙ...
Қазақтың атақты жазушысы Сәбит Мұқанов даңғайыр диқан Ы.Жақаев туралы әйгілі «Сырдария» романын жазар кезде бір жылға жуық Шиелі ауданында болыпты. Көрнекті жазушы көктемгі жер айдау, тырмалау, күріш себу, суға бастыру, суда ұстау мен суды тоқтатып күріштің пісу дәуірінде және орақ науқанын аяқтап, сүдігер жыртуды өз көзімен көріп барып, Алматыға қайтқан екен.
«Ы.Жақаев ауылындағы осы күнгі Қойшыбай Оразымбетов көшесінің аяғындағы көлдің жағасына колхоз арнайы қараша үй тігіліп, жазушы сонда демалып жатады екен. Сәбең күнде таңертең таңғы шайды Ыбыраймен бірге ішіп, ол кісінің батасын алады екен», - деп оқиғаны көзімен көрген, Ыбырайдың батасын таңғы шайда Сәбит Мұқановпен бірге алған Шиелі ауданы, бұрынғы Қызылту колхозының механизаторы, қазіргі таңда Байсын ауылының батагөй ақсақалы Ысқақ Махашев.
Ысқақ ақсақал ойын былайша өрнектеді:
– Ол кезде мен жаспын, колхозда механизатордың көмекшісі болып жұмыс істеймін. Жамсап деген трактор бригадиріміз бар болатын, бірде таңертең колхозға келсем сол кісі жастарға қарап:
– Колхозға біраз уақыттан бері қазақтың атақты жазушысы Сәбит Мұқанов келіп, Ыбекең туралы кітап жазамын деп елмен, халықпен араласып жатыр. Күнде таңертең шайды Ыбекеңмен бірге ішіп, батасын алады екен. Сендер де жүріп Ыбекеңнің батасын алыңдар, әрі жазушыны көріп қайтасыңдар, - дегесін 5-6 жігіт Жамсапқа еріп бардық. Барсақ екеуі шайды ішіп болуға жақындап қалған екен.
Біз де нан ауыз тиіп болғасын Сәбит Мұқанов:
– Жас жігіттер екен, мен күнде таңертең Ыбекеңе сәлем беріп, батасын аламын, сендер де бірге қол жайыңдар, - деп Ыбекеңнен бата сұрады. Ыбекең батаны жаймен ғана берді. Аяқ жағында «Елдің алды болыңдар!» деген жағын естіп қалдым.
Ырымшыл халықпыз ғой, Құдайға шүкір, жаман болғаным жоқ. Елдің алды болдым деп те айтуыма болады. Жасым 80-нің үстіне шықты. Бала-шағам, бау-шарбағым аман. Атадан бата алғасын ба, батаны көңіліме медет қылып, ардақтағасын ба өмірім жаман болған жоқ. Аллаға шүкір деп бала-шағамның қызығын көріп отырған жайымыз бар, - деп сөзін аяқтады қазыналы қария.
...Сол жылы қысқа қарай Ыбекең жолы түсіп Алматыға барса Сәбең үйіне қонаққа шақырыпты. Астан кейін Сәбит Ыбекеңе бөлмелерін аралатып көрсетіпті. Үйдің подвалы бар екен, онда қысқа дайындалған соғымның еті, үйрек, қаз, қырғауыл, қоян – бәрінің еті бар екен. Жоғарыға шыққаннан кейін Сәбең Ыбеке:
– Биыл сәл қоңторғайлаумыз. Келініміз екеуміз айына 3500 сом айлық аламыз, - депті. Сонда Ыбекең жаймен ғана күлімсіреп:
– Сәбитжан-ау, сен мен туралы кітап жазам дегесін батаның шұрайлы жерлерін шын көңілмен бергенмін-ау деймін. Тұрмысың жаман емес екен ғой, - депті.
Есіркеп ШӘДІБЕКОВ,
Шиелі ауданы