100 ОҚУЛЫҚ – ӨРКЕНДЕУ КІЛТІ
Егемендік алғалы бері экономикамыз ілгері жылжыды, елеңсесін тіктеді. Бастысы, уақыт о баста дұрыс таңдау жасағанымызды көрсетті. Елбасының сарабдал саясаты осындай материалдық құндылықпен қатар, рухани байлығымызды да жаңғыртатын сәтпен тоғыстырды, бізді – Қазақстан халқын. Тура бір жыл бұрын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – кешегіні – кемел келешекке жалғап, Мәңгілік елдің мұрасын жаңғыртуға жол сілтеген құжат.
Ел келешегі – кейінгі ұрпақпен тікелей астас. Ендеше қазіргі кезеңдегі бәсекеге қабілеттілік алдымен білікті мамандарды оқытудан басталуы тиіс. Оқытудың көзі, тегі – оқулықтарда. Талай ғасырдан берi әрi қазiрдiң өзiнде де кітап идеологиялық, адами, құқықтық ықпал-әсер ету құралы болып келедi. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған 100 оқулықты аудару мәселесі біздің рухани жаңғыруымыздың қозғаушы күші болады, соған серпін беретін және соны жүзеге асырудың тетігі болатын дүние.
100 жаңа оқулықтың қоғамдық сананы жаңғыртудағы рөлі ерекше. Бұл – кез келген қоғамдық дамудың көшінде бар тәжірибелер. Алаш автономиясы құрылған сәтте олардың да алдында дәл осындай мәселе туындағаны рас. Әліпби мәселесі, жаңа оқулық құрастыру, аударма мәселесі күн тәртібінде тұрды. Осы кезеңде Алаш қайраткерлерінің барлығы дерлік оқулық аударумен айналысқан. Мәселен, Мағжан Жұмабаев «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытов «Психология», Халел Досмұхамедов «Биология» пәнін аударса, жиырма жастағы Мұхтар Әуезов «Жеткіншек» деген оқулық жазды. Қаныш Сәтбаев – алғашқы «Математика» оқулығын жазған авторлардың бірі. Мұның бәрі ХХ ғасырдың басында жаңалық болып саналды. Қазіргі дүниеге келер болсақ, жаһандану дәуірі басталды. Ғалам ғарыштап дамып барады. Әлемдегі экономиканың, өндірістің, адамзаттың ақыл-ойының дамуы ерекше. Сондықтан біздің де «100 жаңа оқулықты» аудару мәселесін қолға алуымыз – қажеттілік.
Әлемдік экономикалық үндестікке білім арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Білім мен ғылым оқулық арқылы келеді. Сол оқулық арқылы санамызды жаңғыртамыз.
«Жаңа гуманитарлық білім, қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы, әлемнің озық, заманауи және таңдаулы үлгілері негізінде жастарға жаңа деңгейдегі сапалы білім беруді қамтамасыз етуді көздейді. Оқулықты аударудың өзіндік ерекшелігі бар. Бұл – көркем аударма емес немесе әркімнің қалауы бойынша істейтін шаруа емес. Әр пәннің, әр ғылыми ортаның өзіне тән терминологиясы, ұғым-түсінігі, стилі бар.
Жалпы, мақаланың әрбір жобасы мемлекеттік бағдарламалардың жүгін арқалап тұр деуге толық негіз бар. Елбасының мақаласы шын мәнінде санаға сілкініс берді. Қара бастың қамы емес, қалың елдің мүддесі үшін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, мүлтіксіз қызмет етуіміз қажеттігін ұқтырды. Яғни, ұлтымыздың барын бағамдап, жоғын түгендеп берген бұл бастама ел ырзығын еселейді. Елбасы сөзімен айтсақ, «Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді».
Айтуған Сауяев
Арал қаласы