БІЛІМНІҢ ОЗЫҚ ЖЕТІСТІКТЕРІН МЕҢГЕРУГЕ ЖОЛ АШАДЫ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет. Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз», – деген еді.
Елбасының тапсырмасымен қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағдарламасы аясында Ұлттық аударма бюросы құрылды. Осы орайда, бұл жобаға жүзден аса оқытушы ғалым, аудармашы, редакторлар мен баспагерлер тартылды. Баршамызға белгілі, жақында Мемлекет басшысының қатысуымен «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған кітаптардың таныстырылымы өтіп, алдағы уақытта ағылшын тілінен аударылған 18 оқулық оқырмандарға жол тартқалы тұр.
Бұл кемел келешекке құлаш сермеген Қазақстан елінің үлкен жетістіктерінің бірі деп білем. Себебі, 100 оқулықты аудару – ғылыми контентті көбейтіп, қазақ тілінің ғылыми қорын халықаралық ғылыми лексикамен байытады. Сондай-ақ, жоғарғы оқу орындарындағы білім мазмұны әлемдік деңгейге көтеріліп, еліміздегі аударма мектебін дамытуға зор үлес қосады.
Дабылов Бөрі,
Арал ауданы