ЗЕРДЕЛІ ЖАСТЫҢ ЗЕЙІНІН АШАТЫН ҚАЗЫНА
Кітап - қазына. Әлі есімде, біздің әкеміз кішкентай күнімізде неше түрлі кітап сатып әкеліп беретін. Әріп танымайтын кезімізде суретін бояп, түрлі-түсті бояуларына қызығып қарайтынбыз. Кейін бас алмай оқитынбыз. "Абай жолын" сатып әкелгенде қатты қуанғанмын. Кейін көршілер бір-бірімізден кітап алмастырып оқуды дағдыға айналдырдық. Ол кітаптар әлі күнге сақтаулы. Кітап сатып алу - мен үшін дағды, кітапқа қаражатты ешқашан аямаймын. Шынымды айтсам, қазір кітап оқуға уақыт жеткізе алмаймын. Соңғы алған Омар Жалелдің "Харекетіне" қатты қызығып жүрмін. Демалыс күндеріне жоспарлап отырмын бұйыртса. Кітап туралы естігеннен оны қолыңа алып оқыған әлдеқайда маңызды. Бізде көбіміз деректің өзін емес, естіген жайды айтамыз. Өзің сіңіріп, түсініп алмасаң бәрі бекер.
Жақында Астана қаласына Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласына 1 жыл толуына орай ұйымдастырылған көрмеге бардым. Көрмеде "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар мен шаралар туралы мәліметтер жайлы видеороликтер, слайдтар көрсетілді. Бағдарлама бойынша алты арнайы жобаның бір жылдық қорытындысы жасалды. Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы бастаған шығармашылық ұжым 18 кітаптың тұсауын кесіп, оқырманға ұсынды. Жоба басталғалы көпшіліктен 800-ге жуық кітапты аударуға ұсыныс түскен. Бұл әрі қарай да жалғасын табатын болады. Биылғы жылы 31 кітапты аудару жоспарланып отыр. Қазіргі таңда бұл жобаның айналасында 200-ге жуық білікті мамандар жұмылдырылыпты. Алдағы уақытта университет ғалымдары қатарымызға қосылса, артық болмас еді, - деді өз сөзінде Рауан Кенжеханұлы. Әрине, кітаптардың сапасы өте жоғары. Мазмұн жағын қолымызға алған соң таразылайтын боламыз. Әзірге жарыққа шыққан 18 кітап философия, әлеуметтану, экономика, дінтану, тіл білімі салаларына байланысты танымал авторлардың еңбектері. Мен үшін Ли Энн Пек пен Гай С Рилдің "Медиа этика" кітабы қатты ұнады. Екеуі де PhD докторлар. Бірі студенттердің этикалық шешім қабылдауына көмектессе, екіншісі журналистік этикаға байланысты түрлі жағдайларда қалай әрекет етуге үйретеді. Меніңше аталған кітап журналистерге, студенттерге, оқытушыларға, тіпті кез келген оқырманға көп көмегін тигізеді. Тағы бір айта кететінім, бұл еңбектер Гарвард, Оксфорд университеттерінде пайдаланылады. Достар, кітаптармен кеңінен танысу үшін 100kitap.kz кіруіңізге және алдағы уақытта аталған кітаптарды жүктеп оқуыңызға болады.
Гүлмира Әшірбекова
"Рухани жаңғыру" орталығының бөлім басшысы