ҚАЗАҚСТАННЫҢ 11 ҚАЛАСЫНДА БАЛАЛАРДЫ БАЛАБАҚШАЛАРҒА ЭЛЕКТРОНДЫ ТҮРДЕ БӨЛУ ЖҮЙЕСІ ЕНГІЗІЛГЕН
Қазақстанның 11 қаласында жыл басынан бері балаларды балабақшаларға электронды түрде бөлу жүйесі енгізілген, ал аталмыш жүйені толықтай енгізу жұмыстарын 2018 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР БҒМ баспасөз қызметі таратқан мәліметке сай, автоматты түрде электронды тіркеу кезінде баланың жетістіктері мен оқыту траекториясы жазылған электрондық төлқұжат жасалады. Енгізіліп жатқан сандық технологиялар білім беру саласындағы үрдістердің ашықтығын қамтамасыз етіп, білім алушылардың білім сапасы мен бағдарламаны меңгеру деңгейін жақсарта түспек.
«Білім беру саласындағы цифрландыру оқыту дерекқоры бойынша жалпы мәліметтер базасын құру арқылы білім беру саласының барлық деңгейлерін қамтиды - мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіби, жоғары» делінген хабарламада.
Сондай-ақ, биыл білім берудің барлық салаларын басқару жүйесін біріктіру аяқталатын болады, бұл өз кезегінде білім беру үрдістерінің бірыңғай координациясын қамтамасыз етіп, білім алушылар бойынша ақпараттың жүйеленуіне әкеледі. Алдағы уақытта бұл білім беру үрдісін және адами капиталды дамытуға арналған жасанды интеллект енгізуге мүмкіндік береді. 2019 жылдың соңына дейін республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі білім беру ұйымдарының 100%-на білім берудің барлық деңгейлері бойынша ақпараттық жүйелер енгізілетін болады.