КӘСІПКЕРЛІКІ ДАМЫТУДАҒЫ ЗАҢНАМАЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР ЖӘНЕ ОНЫ ІСКЕ АСЫРУДАҒЫ ТІРКЕУШІ ОРГАННЫҢ РӨЛІ
Қазақстанның экономикалық жағдайын жақсарту үшін халықаралық рейтингтер аясында жүргізілген реформалардың мәні айтарлықтай жоғары. Түрлі рейтингтер нәтижесі міндеттер мен проблемаларды классификациялауға, идентификациялауға, оларды мемлекет пен экономиканы тиімді стратегиялық басқару үшін қолдануға мүмкіндік береді. Еліміздің бәсекеге қабілеттілігін негізгі бағалау Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік жаһандық индексі нәтижесіне сүйенеді.
Бұл еліміздің орта және ірі кәсіпорындары жетекшілеріне сауалдама жүргізу нәтижесі бойынша есептеледі. Осылайша, ұлттық бәсекеге қабілеттілік деңгейін бағалау көбіне бизнес-қоғамдастық өкілдері пікіріне тәуелді және еліміздің орта және ұзақ мерзімді келешегінің бәсекеге қабілетті өсуі мен дамуы үрдісін көрсетеді.
Қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігі Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік жаһандық индексі үйлестірушісі ретінде бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексі көрсеткішін жақсарту бойынша шаралар жоспарын әзірледі. Осы шаралар жоспарындағы көрсеткіштерге жауапкершілік мемлекеттік органдар қатарына, Әділет министрлігі құзыретіне сәйкес бекітілген.
Мұндай жұмыстарды жүргізудің басты себебі – жария-құқықтық қатынастарда заңды тең құқықты емес тараптар қатысатындығына байланысты. Күн сайын азаматтар және бизнес өкілдері киыншылықтарымен, даулы мәселелерді реттеу мен әкімшілік реттеуді дауласуда белгілі бір проблемалармен кездесіп жататындығы құпия емес.
Әділет министрлігі тарапынан басқа мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылардың, ғалымдардың қатысуымен жаңа редакциядағы «Әкімшілік рәсімдер туралы», «Арбитраж туралы», «Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне» өзгерістер енгізу туралы» заң жобаларын әзірледі. Осы заң жобалары мемлекеттік реттеуді азайту бағытында жүргізілген елеулі реформалар болып танылады.
Мәселен, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР Кәсіпкерлік Кодексі заңды күшіне енді. Кодекс Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік еркіндігін қамтамасыз ететін құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар мен кепілдіктерді айқындайды, кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылына, оның ішінде кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеуге және қолдауға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді. Алдында, кәсіпкерлікті реттейтін көптеген нормативтік-құқықтық актілер болатын. Бүгінді таңда, оның барлығы бір акт – Кәсіпкерлік Кодексімен реттеледі, оның негізгі бағыты – кәсіпкерліктің дамуына құқықтық жағдай жасау болып табылады.
Әділет министрлігі бизнес құруды оңайлату бағытында Республикамыздың жеке компаниялары үшін мөрдің болуы және тіркеу кезінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жарғылық капиталды қалыптастыру жөніндегі талаптарын жойды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаны тіркеу үшін төленетін алым, жарғы, тұрған жерін растайтын құжат, құрылтайшы заңды тұлғаның салық берешегі жоқ туралы анықтама заңды тұлғаны тіркеу кезінде ұсынылатын тізбеден алып тасталды.
Бүгінгі танда кәсіпкерлер өз бизнесін «Электрондық үкіметтің» веб-порталында онлайн режимде мемлекеттік тіркеуден, қайта тіркеуден, таратылуын тіркеуден өткізуге мүмкіндігі бар. Яғни кәсіпкерлер өз бизнесін 1 жұмыс күн ішінде қайта тіркеуден, ал оны құру жұмыстарын 1 сағат ішінде қол жеткізеді.
Сонымен қатар, «Электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы 5 жұмыс күн ішінде заңды тұлғаның таратылуын тіркеу мүкіншілігі де қарастырылды. Осы электрондық қызметтін ерекшелігі, заңды тұлғаның өкілі интернет желісіне қосылған компьютер арқылы электрондық қолтанбасымен өз уақытын үнемдеп, бизнесін қысқа мерзімде тіркейді. Бұл дегеніміз, әкімшілік кедергілер қысқартылып, бизнес климат жақсартылып, халыққа қызмет көрсету рәсімдері барынша оңтайландырылып жүйеге келтірілгендігін білдіреді.
А.АХМЕТОВА,
Қызылорда облысы Әділет департаментінің
Заңды тұлғаларды тіркеу жұмыстарын ұйымдастру
бөлімінің инспекторы