ӨМІРІ – ӨШПЕС ӨНЕГЕ
Мен ардагер Сәрсенбай Жәкебайұлын бала кезімнен білемін. Өзі 1922 жылы Сырдария ауданының қазіргі Сәкен Сейфуллин (бұрынғы 1 май колхозы) ауылында туған. Сырдариялық Сәрсенбай Баяханов 1942 жылдың қаңтар айында Кеңес әскері қатарына шақырылып, Украин бағытындағы жойқын жорықтарға қатысыпты. Жасы ұлғайған шағында да Сәкең тік жүретін қалпынан таңған жоқ. Қашанда мақтануды жаны қаламайтын, тек еңбекпен ғана есейіп бақытын тапқан ақынжанды қартты әңгімеге тарту оңай емес болатын. Бірақ өлең, поэзия жөнінде әңгіме айтып, көзі тірі кезінде соғыс жылдары жайында да сырт тартқаным сол-ақ екен жадында қалған жәйттерді жайып салған еді.
– Мен соғысқа 20 жасымда Тереңөзектен аттандым. Әуелі Самарқанға барып, дайындықтан өттік. Сол жерде жасақталған 82-ші минометшілер батальоны құрамында Украина жерінде соғыстық. Взвод командирі еврей жігіті болатын. Тағы да бір татар, сонан соң қазақ жігіттері болды. Олар мұсылман болғандықтан тонның ішкі бауындай өздеріне жақын тартып, қолдарына түскендерін теңдей бөліп беретін. Сол қазақ командирім бірде маған мынадай ақыл берді: “Айналайын, мына жерден (ол кезде мен наводчикке снаряд әперушімін. Дізерлеп тұрып снаряд әперетіндіктен қорғануға да мүмкіндік жоқ. Егер жау атқылай бастаса, менің маңдайыма тиеді) тезірек кет. Артқа қарай ауыс. Өзің әлі өрімдей жас екенсің. Көрер қызығың алда. Тезірек ауысып ал”.
Сонымен не керек соңғы кезекке ауыстым. Бұрынғыдай емес өзімді жеңіл сезіндім.
Бір күні ауыр шайқас жүріп жатқан. Жан беріп, жан алатын сәт. Немістер күші бізден басымдау екені білініп тұр. Оларға үсті-үстіне адам толықтыру келіп жатыр. Біздің қоршауда қалатын түріміз бар. Содан командир қорғана отырып, кейін шегінуге бұйрық берді. Мені шақырып алып: “Ана төбенің басына бекіңіздер” – деп бұйырды. Төбенің басына не окоп жоқ, не шел жоқ. Дереу жерді қазып, минометтен бір-екі оқ жібергеніміз сол еді, кенет дәл қасымыздан бомба жарылды. Арғы жағы есімде жоқ. Көз алдымда наводчик орыс жігіттің бөлшек-бөлшек болып денелері ауада ұшып жүргені. Мені топырақ басып қалыпты. Сәлден кейін есімді жинадым. Снаряд жарықшақтары тиген екен. Жарақатым жеңіл сияқты. Бірақ денем дел-сал. Солай әрі-сәрі күй кешіп жатып, көзім ілініп кетіпті.
Майдангер қария сарғыш тартқан көнетоз блокнотты алып, беттерін парақтап, соғыс кезіндегі естеліктері мен майданнан елге жазған өлең хаттарын оқи жөнелді. Сағыныш сезіммен, әдемі ұйқаспен жазылған жыр жолдары оны айрықша қанаттандырып, арқаландырып жіберетін секілді.
Солтүстік мұзды мұхитпен өткен кеңес әскері құрамында жапон соғысына қатысқан Баяханов Сәрсенбай аға кейіннен Моңғолияға жол салуға қатысады. Сухо-Батор, Улан-Баторға жол салған жауынгер тек 1949 жылы әскер қатарынан босанады. Соғысты Финляндияда аяқтаған Сәрсенбай аға бірнеше орден, медальдардың иесі.
Елге келіп, облыстық филармонияға жұмысқа тұрады. 1956 жылға дейін осы Қызылорда облысы концерттік-эстрада бюросында қызмет жасайды. Онда атақты Нартай Бекежанов, Ақмырза Тұяқбаев, Күндебай Алдоңғаров секілді есімдері елге белгілі өнер тарландарымен қызметтес, тұздас-дәмдес болады. Соғыстан кейінгі қамкөңіл, көңілі жарым елге демеу болып жүрген талантты өнерпаздармен бірге Сыр өңірінің ауыл-ауылын аралайды. Өнерімен елдің көңілін көтеріп, концерт қояды. Түрлі тағдыр иелерімен жүздеседі. Елдегі қиын жағдайды көзімен көріп, жүрегімен сезініп, кейіннен Тереңөзекке келіп, осныдағы №15 ПМК-да “Казсельхозтехника” мекемесінде ұсталық жасайды. Ендігі өмірін отбасына, балалардың бақытына арнаған Сәкең ақсақал перзенттерін де адал еңбек етуге үйретеді.
Сәрсенбай Баяханов зайыбы Жаңыл Шырақбаева екеуі 6 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Үбірлі-шүбірлі болып, бақытты ғұмыр кешті. Қазіргі күні бұлардан тараған немере-шөбере баршылық.
Сәкеңнің үлкені Темірбек он саусағынан өнері тамған, темірден түйін түйген шебер. Темірғали мен Темірхан аудандық ауруханада қызмет ете жүріп, замана ағымына сай тіршілік етіп жүрген нағыз еңбеккеш жандар. Әкімбегі – жүргізуші. Ал Әкімхан мен Әкімжаны да өмірден өз орындарын тапқан жандар.
Майдангер аға 2009 жылы 87-ге қараған шағында дүниеден озды. Отан соғысы ардагерінің ұрпақтары 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орайластырып аудан орталығында жауынгер-ақын Сәрсенбай Баяхметов атындағы жас ақындар мүшәйрасын ұйымдастырды. Онда жас ақындар Сәрсенбай ағаның майдандағы жорық жылдары және бейбіт еңбектегі ерлік істері туралы тереңнен толғаған өлең шумақтарын оқыды. Бір сөзбен айтқанда майдангер, еңбеккер Сәрсенбай ағаның образын жан-жақты ашты.
Қашанда халқы үшін еңбек етіп, соғыс жылдарының да қиындықтарын көрген Сәрсенбай ағаның өмірі жас ұрпақ үшін өшпес өнеге екені даусыз.
Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ,
Сырдария ауданы