КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ: ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?
Кеше ғана қамбаны астыққа толтырып, «Алтын күз» мерекесін тойлаған еңбекшіл қауым қысқы демалыстан соң дала жұмысына қайта кірісіп кетті. Таң атпай кетпенін асынып, жерден несібесін жинағандар егістік алқабын егінге дайындау үстінде. Өткен жылдан қалған қалдықтар өртеліп, жер өңдеу, оны тегістеуде атыздықтарда техникалар тізіліп жүр. Биыл да мол өнім алуға үмітті диқандар осылайша көктемгі егін егу жұмыстарын жүйелі жүзеге асырудың қамын жасауда. Енді оның барысына тоқталып өтсек.
Егіс көлемі артпақ
Иә, биылғы жылы егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі артып отыр. Жылда Сырдария ауданы бойынша егілетін егіннің сызбасы облыс әкімімен бекітілетін болса, соған сәйкес, үстіміздегі жылы 29926 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу межеленіп отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылы 29041 гектарды құраған. Яғни, биылғы жылы егіс көлемі сәл де болса артып отыр. Оның ішінде, күріш егудің көлемі де ұлғайған. Былтыр шаруашылықтар 17400 гектар жерге Сыр салысын сепсе, биыл 18500 гектарға күріш егу жоспарлануда. Сондай-ақ, осы жылы 500 гектарға жаздық бидай, 200 гектарға жүгері, 300 гектарға мақсары, 2906 гектарға жаңа жоңышқа және 6700 гектарға ескі жоңышқа егілмек. Оған қоса, 310 гектарға картоп, 189 гектарға көкөніс, 321 гектарға бақша дақылдарын егу де межелі жұмыс болып отыр.
Сырдария ауданы көлеміндегі шаруашылықтар ерте көктем¬нен дала жұмыстарына дайындықты бастаса, бүгінде егін егу жұмыстарын жүргізуде. Айталық, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы құрылымдарында 6700 гектар ескі жоңышқа тырмаланса, 2906 гектар жаңа жоңышқа, 200 гектар жаздық бидай, 100 гектар мақсары егілген. Енді шамалы күндерден соң Сыр салысын себу жұмыстары басталады.
Егінге тұқым дайын
«Тары болса, тауық табылады» демекші, егістік жерлер дайын болғанда оған себетін тұқым да әзір. Өткен егін жинау науқанында аудандағы шаруашылықтар өздеріне қажетті тұқымды дайындап қойған. Енді жерді өңдеу жұмыстары аяқталғанда егіннің бітік шығуына тілекші механизаторлар бір мезетте сеуіп шықпақ.
Жалпы, үстіміздегі жылдың егісіне қажетті 5140 тонна күріш, 406 тонна жаздық бидай, 43,1 тонна жоңышқа және 60 тонна арпа, 42,1 тонна сұлы тұқымы әзірленген. Аталған күріш тұқымының 150 тоннасы маржан, 2804 тоннасы лидер және 1105 тоннасы янтарь сорттары.
Тұқым себер алдында жыл сайын сараптамадан өткізіліп отырады. Соған орай, «Казагрэкс» АҚ аудандық филиалының 10-шы сәуірдегі мәліметі бойынша аудандық зертқаналық сараптама бөлімшесіне өткізілген 4059 тонна күріш тұқымының 3284 тоннасы (81 пайыз) себу дәрежесіне жеткізіліп отыр. Оның ішінде, 400 тоннасы I класс, 2724 тоннасы II класс, 160 тоннасы III класс дәрежесіне жатады.
«Көктемде түскен бір дән, күзді күні мың дән болады» дегендей, тұқым себу жұмыстарын өз дәрежесінде жүргізгенде жыл сайын жаңарып отырған рекордтық көрсеткішке биыл да өзгерістер енгізеріміз анық. Оның үстіне, қамбаны қызылға толтырып, мол өнім алу – диқандардың мерейі. Ал ол ел мәртебесін асқақтата түсетіні сөзсіз.
Тыңайтқыштар тасылуда
Күрішке күш беріп, оның ауруға ұшырамауына минералды тыңайтқыштардың тигізер септігі мол. Өйткені, жыл сайын егілген күріштік жерлердің құнарлылығы төмендей түседі. Сол кезде тыңайт¬қыштар бас көтерген күріштің өсіп, жетілуіне көмек болады.
2018 жылдың егісіне қажетті минералды тыңайтқыштардың көлемі 12714 тоннаны құрайды. Осыған байланысты 5005 тонна сульфат амоний, 3896,5 тонна карбамид, 2332 тонна амофос минералды тыңайтқыштарға сұраныс берілген. Қазіргі таңда шаруашылықтар 4963,5 тонна сульфат амоний, 1325 тонна карбамид және 3068 тонна аммофос минералды тыңайтқыштарымен қамтамасыз етіліп отыр.
Техника күші жеткілікті
Орақшы – бір кісі, комбайын – мың кісі. Иә, қазір техниканың күшімен адам жасар күндік жұмысты аз уақытта бітіруге болады. Арнайы құрылғылары бар техникалар барлық жұмысты тындырып алуға тиімді. Осы ретте, егін егу, оны күтіп-баптау, жинау жұмыстарында шаруашылықтарда тракторлар, жүк көліктері, комбайндар сақадай сай тұр.
Биылғы көктемгі егін егу маусымына техникалардың дайындығы 100 пайыз. Қазіргі таңда бұл жұмыстарға 398 трактор, 85 соқа, 44 тұқым сепкіш, 72 жүк көлігі қатысуда. Бүгінгі таңда оларға қажетті жанар-жағар майдың жетіспеушілігі білінбейді. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті арзандатылған дизель отынын жеткізіп беруші оператор ретінде «Нефть-Транс Қызылорда» ЖШС бекітіліп, 2550 тонна дизель отыны бөлінген. Наурыз, сәуір айларына оның 1150 тоннасы алынған. Яғни, егін егу жұмыстарының толық жүргізілуіне барлық жағдай жасалып отыр.
Көктем – мұрап, күз - диқан
Күріш, күріш суымен ырыс. Су болмаса, егілген егін¬¬¬¬нен, себілген тұқымнан түк те шықпайтыны анық. Сон-дықтан да «су жүрген жер молшылық» деп бекер айтылмаса керек-ті. Ал күрішке су көптік қылмайды.
Қазіргі таңда каналдарда су жоқ. Бірақ осы айдың орта шенінен асқаннан кейін арналарға су жіберіліп, күріштіктерге су баратыны белгілі. Осы тұста, шаруа¬шылықтар су жүйелеріне, ішкі су жолдарына тазалау жұмыстарын толық жүргізген. Су құрылыстарын, су тартатын қондырғыларды жөндеу де тиісінше 100 пайыз орындалып отыр. Сол себепті, су келсе, атыздықтар «айдын көлге» айналмақшы. Бұл күріштің бітік шығуына септігін тигізеді.
Басын көтеріп елден сұрағанша, басын иіп жерден сұрайтын диқан қауымы осылайша нәпақасын табу үшін тырбанып тірлік жасауға кірісіп кеткен. Ала жаздай егіннің бабын жасау үшін осы кезден барлық құрал-саймандарын сайлап алған. «Диқан жерім дейді, жері үшін ерінбейді» демекші, тілімдей жерден жылдық азық жинауға бел байлап, қызу тірлікке араласқан. Сондықтан биылғы жылы да ауданның еңбеккерлері күріштен тау тұрғызып, ел мерейін үстем етеді деп сенеміз.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ