«БОЛАШАҚҚА КІТАППЕН»
Облыс орталығындағы А.Пушкин атындағы орталық кітапханада «23 сәуір – Бүкіл дүниежүзілік кітап күні» қарсаңында кітапхана оқырмандары мен «Абылай хан», «Қызылорда гуманитарлық - экономикалық» колледждер студенттерінің қатысуымен «Кітапхана және жастар: болашаққа кітаппен» атты диспут өткізді.
Шараның мақсаты – кітапхана қорындағы әдебиеттерді насихаттау, жастарды кітап оқуға тарту.
Шара барысында белсенді жастар екі топқа бөлініп, өз ойларын ортаға салды. Бір топ компьютер, ондағы материалдар кітаптың, көркем әдебиеттің орнын алмастыра алмайды деген пікірді алға тартты. Иә, ол расымен де көркем әдебиет секілді адамның жан дүниесін байыта алмайды. Ойлау жүйесін, ізгі сезімдерін дамыта алмайды, ұлттық сананы қалыптастырып, ұлттық рухты оята алмайды, бір сөзбен айтқанда кітапты көркем әдебиетті оқымай, оның жауһарларымен сусындамайынша ұлы Абай айтқандай, “толық адам” қалыптаспайды. Алғашқы топтың пікірі осыған сайды.
Кітап оқуды жақтағандарға қарсы екінші топ уақыт жетіспеушілігін алға тартты. «Бір әдеби кітап оқып уақытты босқа кетіргенше қазіргі таңда сол жазылған әдеби кітаптардың дайын кинофильмдері бар. Оны интернеттен де көруге болады», - деп өз ойларын білдірді.
Жалпы екі топ та өз ойларын еркін ортаға салып, болашақта оқу бітіріп, білімді, білікті маман болу үшін көп кітап оқу қажет деген шешімге келді.