ЖАЛАҒАШ ЖАН-ЖАҚТЫ ЖЕТІСТІККЕ ИЕК АРТТЫ
Жалағашта жүйелі іс бар. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтқан ауданда мемлекеттік бағдарламалар көмегімен жаңа бастамалар қолға алынып, оң нәтижесін беруде. Бұған біз өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен кезекті баспасөз турында көз жеткіздік.
ЖЫЛЫЖАЙДЫҢ ИЕСІ – СТУДЕНТТЕР
Бірінші болып аудан орталығында орналасқан Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінің жұмысымен таныстық. Байқағанымыздай, аграрлық саланың әлеуетін арттыруды көздейтін арнаулы оқу орнына ерекше қолдау көрсетілген. Мұнда «Ферма шаруашылығы», «Электр станциялары мен желілерінің электр жабдықтары», «Үйлер мен ғимараттарды салу және пайдалану», «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мен «Дәнекерлеу ісі» секілді мамандықтар бойынша болашақ кадрлар дайындалуда. Жуырда колледж жанынан жылыжай да ашылыпты. БҰҰ Даму бағдарламасы шеңберінде ашылған жылыжай ісіне студенттер жіті мән беріп, отандық көкөністің сұранысқа сай шығуына үлес қосқысы келеді. Колледж директоры Ғани Серікбаевтың айтуынша, қазір мұнда 360 түп қияр, 260 түп қызанақ, шалғам, аскөк, ақжелкен егіліп, бастапқы өнімін бере бастаған.
– Жобаның құны – 3,2 млн теңге. Жылыжай ұзындығы 27 метрді құрайды. Өздеріңізге белгілі, жылыжайда көкөніс өсіру – көп еңбекті қажет ететін процесс. Жемістің әр түрін өсірудің өзіндік құпиясын меңгеру қажет. Бұған біз студенттерді тартудамыз. Өндірістік шеберлер олардың бұл дүниелерді көзбен көріп, қызығушылық танытуына ықпал жасауда. Сырттан келетін көкөніс өнімдерінің орнын өз жерімізден шыққан өнімдермен алмастыруды ойлаймыз. Ұтымды технологияның арқасында жыл он екі ай бойы көкөніс өндіріп, тұтынушыларға ұсыну мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бұған қоса колледжде фермер мамандығының «Жеміс және көкөніс өсіруші» біліктілігі бойынша оқып жатқан студенттер “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы” аясында жұмысқа орналаса алады, – дейді Ғ.Серікбаев.
«ТӘТТІ» БИЗНЕС
Кентте табысты кәсіпті тізгіндегендер де бар. «Гаюпова» ЖК кондитерлік цех, наубайханасы қандайда бір салтанатты дастарханның сәнін келтіріп, тіл үйірер дәмімен есте қалатын тағамдарымен көпке танымал болған. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жеңілдетілген несиеге қол жеткізген кәсіпкерлік нысанында 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ерекше кәсіп түріне серпін берген Әйгерім Каюповамен тілдескенімізде, ол өнімдердің аудандағы мектеп, балабақшаларға ұдайы жеткізіліп отыратынын айтты.
– Тәттіден бас тартатын адам жоқ шығар. Себебі, оны балалар ғана емес, ересектер де сүйсініп жейді. Біздегі кондитерлік өнімдер көлемі, дәмі, безендірілуі жағынан бір-бірінен асып түседі. Бағасы да қолжетімді. Наубайханадан жүздеген нан өнімдері шығарылады. Өмірде мақсатсыз адам болмайды, менің де алға қойған мақсатым – осы кәсіпті кеңейту арқылы аудан дамуына жол ашу, – дейді кәсіпкер.
Сатып алушыларының алғысына бөленіп, қуанышына ортақтасуды мақсат ететін кейіпкеріміздің алдағы уақытқа жоспары көп. Ең бастысы, ол мемлекет идеясын игілікке айналдыруына мүмкіндік бергеніне қуанышты.
РИЗЫҒЫН МАЛДАН ТАПҚАН
Бұдан бөлек, біз ауданға қарасты Аққұм ауылдық округіне ат басын бұрып, мал шаруашылығын шалқытып отырған «Нұрболат» қожалығының жұмысына қанық болдық. Тірлігін дөңгелентіп, мал өсіріп, бейнетіне көніп, зейнетін көріп отырған кәсіпкер Нұрболат Абдраманов бұл істі отбасымен бастаған.
«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші, олар еңбектің көзін тапса, пайда табуға болатынын дәлелдеуде. Қожалықта 58-ден астам мүйізді ірі қара бар. Мал басын асылдандыру, бордақылау қолға алынған. Мемлекет көмегіне иек артқан кәсіпкер бастаған ісін аяқсыз қалдырмай, одан нәтиже шығаруды көздейді. Алдағы күндердің еншісіне белгілеген бірнеше жоспары бар.
Орайы келсе, басқа да кәсіп түрлерін дамытып, ауылдастарын тұрақты жұмыспен қамтуды ойлайды. Шаруаның басын біріктіріп, ауыл-аймаққа үлгі боларлықтай еңбек етіп жатқан кәсіпкер өмірдегі бар қиындықты еңбек жеңетінін қаперден шығармақ емес.
АУЫЛДАҒЫ АЛМА БАҚ
Әрі қарай сапарымыз Т.Жүргенов ауылында жалғасты. Мұнда халқын тұрмыс түйткілінен ада еткен азамат бар екен. «Құрманбай ата» шаруа қожалығының иесі Еркін Бекжанов талай жылдан бері туған ауылын түлетуге үлес қосып келеді. Жуырда кәсіпкер ауыл іргесінен арнайы жер алып, 13 мың түп алма ағашын егуге кіріскен. Кәсіпкер еңбегін ауыл ақсақалдары да жоғары бағалап, ақ батасын беруде. Шынында, миллиондап табыс тапса да, таразы басына абыройды жоғары қойған азаматтың пейілі шығары белгілі.
– Кеңес үкіметі кезінде осы ауылда алма бақ болған. Кейін қараусыз қалғандықтан ізін де таппай қалдық. Мен сол бақта бағбан болған едім. Қазір қуанышымда шек жоқ. Ісімізді Еркін деген азамат жалғастырып жатыр. Қаншама адамға жұмыс тауып берейін деп отыр. Кәсібіне береке берсін дегім келеді. Қазір алма ағашының біреуін болса да өз қолыммен егіп кетейін деп келіп отырмын», – деді 94 жастағы ақсақал Әшен Үбайдуллаев.
Тәуекелге бел буған кәсіпкер де өз кезегінде аядай ауылының ажары ашылып, жасыл-желекке әрі жемісі мол өлкеге айналуын қалайтынын жеткізді. Мұнда жұмыс қызу. Ауыл тұрғындары қазірдің өзінде жеті мыңға жуық көшет отырғызыпты. Енді ағаштар қажетті деңгейде күтіп-бапталуы керек. Себебі, кейін төккен тер жемісін берсе, игілігін де осы ел көретін болады.
Елі ырысты, жері күрішті Жалағашта әлі талай қарқынды, істер қанат жаярына біз де сенімдіміз. Себебі, түлеп жатқан тіршілік сол сенімнің айқын дәлеліндей.
М.ҚАЛЫМБЕТ