ЕРТЕГІШІ АЛТЫНАЙДЫҢ КІТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ
Өңірлік коммуникациялар қызметінде жас жазушы Алтынай Беріктің ертегілер кітабының таныстырылымы өтті. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен 1000 дана ертегі кітабы шығарылды.
Жүзден аса шығармалардың авторы Алтынай қазіргі таңда 6-сыныпта оқиды.
Оның айтуынша ертегі жазуға деген оның қызығушылығы 7 жасында басталған. Ол алғашында жан-жануарлардың суреттерін салып жүрді. Одан кейін олардың әр қайсысына жеке аңгіме құрап, кейін кең көлемді ертегілер жаза бастады.
Алтынай ертегі мен қатар өлең мен әңгімелер де жазады.
- Бұл шығарылған кітапта 29 ертегі, 10 өлеңім, 12 әңгімем бар. Менің ертегілерімнің негізгі кейіпкерлері жануарлар мен жәндіктер. Шығармаларым мейірімділік пен адалдық, достық пен әділеттілікке үндейді. Бүгінге дейін қырықтан астам ертегі, алпыс өлең мен әңгімелердің авторымын, - дейді жас жазушы.
Оқушыға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін мұғалімі Гүлмира Тәшімованың айтуынша 2014 жылы Алтынайдың бірнеше шығармалары республикалық басылымдарда жарық көрген. Сонымен қатар, ол ҚР Президенті күнінде құттықтау хат жолдаған. Оған Елбасы жауап беріп, кітап сыйлады.
Алтынайдың керемет шығармашылық жоспары бар. Ол жарық көрген бірінші кітабынан түсетін қаржыға екінші кітабын шығаруды жоспарлап отыр.