МЕНІҢ ӘКЕМ (ЭССЕ)
9 мамыр – Жеңіс күні жақындап келеді. Биылғы мереке ерекше. Биыл Ұлы Жеңіске – 60 жыл. 1418 күнге созылған тарихта теңдесі жоқ алапат соғыстың тоқтағанына осы көктемде 60 жыл толады. Осы Жеңісті, осы ұлы қуанышты жақындатуға миллиондаған қанды көйлек қаруластарыңмен бірге сен де қомақты үлес қостың, әке!
Тек биыл ғана емес, әр жылы Жеңіс мерекесі жақындаған сайын өзіңді ойлаймын. Ал мереке күні сәнді киініп, кеуделеріне орден-медальдарын тағып көшеге шыққан қарт майдангерлерді жолықтырғанда өзіңді көргендей боламын. Қолдарындағы таяқтарына сүйеніп, қалт-құлт басып, бір-бірімен қауқылдасып сөйлесіп келе жатқан ардагерлердің арасында сен де бар сияқты боласың. Сонан өзіңмен тезірек амандасуға асығамын. Алға қарай ұмтыла түсіп қалт тұрып қаламын. Өйткені олардың арасында мен іздеген, мен аңсаған таныс бейне жоқ. Өзің жоқсың, әке! Осыны бағамдаған сәтте кеудемді ащы өксік қысады. Көзіме мөлтілдеп жас үйіріледі. Жаңа ғана “құлыным” деп құшағын жая ұмтылар, мейірленіп маңдайымнан иіскер деген әдемі үмітім алдамшыға айналады. Жаңа ғана өзіңді кездестірем деп қуанышқа толған, өрекпи соққан жүрегім су сепкендей басылады. Өйістіп жанарларым жасқа толып, үмітім үзіліп, аңырап тұрғанда тағы да топ-топ болып келе жатқан қарттар көрінеді.
Құсы қайтқан көл сияқты құлазып қалған көңілім сол сәтте қайтадан көтеріліп, жадырай жөнеледі. Жүрек түкпірінде жылт етіп үміт оты жанады. “Менің әкем осы кісілердің арасында, осы топтың ішінде” дейді аржағымнан бір дауыс. Тағатсызданып тұрып ол топты да қарсы алам. Міне, міне, мынау менің әкем!
– Әке... әке... е... е...
Бірақ ол болмай шығады. Мына кісі де емес. Басында қоңыр бөркі, үстінде боз шапаны бар, арық келген әнебір шал қалай ұқсайды. Еңкіш тартқан денесі де, ат жақты жүзі де, тіпте шүңірейген көзі де айнымайды. Жақындай бере аңғардым, оның көзі менің әкемнің көзінен әлдеқайда суық екен. Ал менің әкемнің көзі жып-жылы болатын. Қажыған, оты азайған шүңірек көздерінде мейірім шуағы тұнып тұратын.
Көптен бері сол мейірімді көздерді көре алмадым. “Құлыным” деген жылы сөзін ести алмадым. Әп-әйдік болсам да арда бұзау құсатып арқамнан қағатын тарамыс қолдарының табын сезіне алмадым.
Жеңіс мерекесіне санаулы күндер қалды. Мен әкемді ойлап жүрмін, сағынып жүрмін. Түрлі кездесулерге, жиындарға қатысып, соғыс жайлы естеліктер айтқан қарт жауынгерлерді көрген сайын “менің әкем де тірі болғанда ғой, осы кісілермен бірге жүрер еді, өзі жастық жалынын берген, денсаулығын берген Жеңістің 60 жылдығын тойлар еді” деп армандаймын. Бірақ бұл арман орындалмайды, әрине...
Әкем Жеңістің 60 жылдығы түгілі, 50 жылдығын да көре алмады. Ал 45 жылдығын тойлады. Онда да ауруханада. Менің өзегімді өртер үлкен бір өкінішім, әр жыл сайын Жеңіс мейрамында ойыма оралып жанымды жабырқататын оқиға да осы 45 жылдыққа байланысты.
1990 жылдың 9 мамырында әкем Тереңөзектегі аудандық ауруханада жатты. Сол сұм соғыста алған жарақаттың, сыз окопта қалып тигізген суықтың, онын кейінгі көрген ауыр бейнеттің зардабы – ақыры әкемнің денсаулығын алып тынған болатын. Сонан да ол кісі ауруханаға жиі жатып емделетін.
Жыл сайын Жеңіс күні біз, қаладағы балалары, ауылға арнайы барып, әкемізді мерекесімен құттықтайтынбыз. Бұл жолы да сіңлім Ботагөз екеуміз Тереңөзекке барып құттықтап қайтпақшы болдық. Сол күні көктем айы болса да, сәске түспей-ақ күн қатты ысып кетті. Өзіміз Тасбөгет қонысында тұрамыз. Ол жаққа жету үшін әуелі қалаға барып, одан әрі қарай екінші жағынан күннің ыстығынан қашып ойланып-толғанып, аяқ астынан Тереңөзекке бармайтын болдық. Неге екенін қайдам, әйтеуір сол күні сіңлімнің де, менің де кежегеміз кейін тартып, жолға мүлдем шыққымыз келмеді. Біртүрлі шаршадық.
Сөйтіп 9 мамырда өз үйімізде болдық. Дәл сол күні және одан екі-үш өткенге дейін ештеңе ойлай қойған жоқпын. Сонан кейін... Сонан кейін қатты өкіндім. “Қандай оңбаған едім, – деп ойладым сонда мен. – Қандай оңбаған едім! Ең болмаса үйде емес, сырқаттанып ауруханада жатқан, балаларым келіп қалар ма екен деп екі көзі төрт болып жолға қарап жатқан әкемді төл мерекесімен, қан кешіп жүріп, кеудесін оққа тосып жүріп орнатқан Жеңісінің мерекесімен құттықтауға да жарамадым. Сонда жанындағы ардагерлерді бала-шағалары, туған-туысқандары, жақындары болып құттықтап, мәре-сәре болып, қуантып жатқанда, менің әкем оларға қызыға қарап, бір бұрышта жетім бала құсап жәутеңдеп отырды-ау, ә? Мен болмағанмен, тағы басқа пәленше, түгеншелер барған шығар дейтіндей де ыңғайы жоқ. Қайран әкешім-ай. Кешір мені. Кешірші мына ақымақ, аңғал қызыңды. Ал мен өзімнің бұл қателігімді ешуақытта кешпеймін. Ешқашанда кешірмеймін”.
Ой сондағы өкінгенімді-ай. Балалары барып, мәре-сәре болып жатқан науқастарға қарап қызығып, бізді әне келеді, міне келеді деп күтіп, болмағасын төсегіне барып, бүк түсіп үн-түнсіз жатып қалған әкемді ойлағанда көңілім алай-дүлей болды. Өкініштен өзегім өртеніп, жанымды қоярға жер таппадым. Кейін сауығып үйге шыққан соң:
– Әке, Жеңіс күні құттықтап бара алмадық, бізге ренжіген шығарсыз? – деп сұрадым.
Сонда ол кісі маған тіке қарамай, жүзін төмен салып:
– Несіне ренжиін, балам. Сендердің жұмыстан қолдарың тимейтінін білем ғой, – деді жәймен ғана.
Мен не дерімді білмей қалдым. Ішім қанжылады. Жүрегім езіліп кетті.
Тоғызы – демалыс күні болатын.
Сол жолы бұдан былай қарай қандай қиындық болса да Жеңіс күні бірінші кезекте және міндетті түрде әкемді құттықтаймын деп ойладым және солай етуге өзіме-өзім ант бердім.
Өкініштісі сол, келесі жылғы 9 мамырды әкем көре алмады. Жеңіс мерекесіне жиырма сегіз күн қалғанда дүние салды.
Содан бері Жеңіс мерекесі жақындаса болды, осы оқиға ойыма оралады. Оқиғамен бірге көңіл түкпірінен өзегімді өртер сол бір өкініштің ащы запыраны удай болып көмейіме тығылады.
Әкем әңгімеге жоқ, өзімен-өзі жүретін біртоға кісі еді. Көңілі қаламаған әңгімені айтпайтын. Біз, балалары, “соғыс туралы айтып беріңізші” деп қанша жалынсақ та, онша ашылмайтын. Көбіне:
– И... и... қарақтарым-ай, соғыс дегеннің несі жақсы дейсің. Сендер ойлағандай ол қызық емес. Ол – қырғын. Атыс-шабыс. Қантөгіс. Өлім. Қойыңдар. Ол сұмдықты атамаңдар. Ендіге жерде ондай қиямет болмасын. Ондай қырғынды кейінгі жастар көрмесін! – деп қос қолымен басын ұстап отырып қалатын. Кейде көзіне жас алып, қатты қиналып, көпке дейін өзіне-өзі келе алмайтын.
Сондайда мен “Несіне сұрадым екен. Қиын кезі, қиналған сәті есіне түсті-ау” – деп ойлайтынмын. Ал көз алдыма ол кісі айтқан там-тұм әңгімеден майдан даласы елестейтін.
Қиян-кескі ұрыстың бел ортасында қолына автоматын қыса ұстап әкем жүреді. Қып-қызыл жалын. Тынымсыз зулаған оқтар. Аспанда ажал уын сепкен самолеттер. Жер дүниені тітіреткен танктер. Сол қым-қиғаш, жан алып, жан берген ұрыстардың бірінде әкемнің сол аяғының төмендеу жағы шым ете қалады. Арғы жағын білмейді. Есін госпитальда жияды. Қатарлас жатқан украин жігітінің айтуынша бұған операция жасапты. Сол аяғының тобығын оқ жұлып кеткен. Бірақ аяқтың басқа жағы аман көрінеді. Бұған да шүкір, – деп ойлады бұл. Әйтеуір қайтадан соғысқа кіруге жараса болды. Ал жарамаса ше? Жоқ-жоқ. Атай көрме! Дұшпанынан кек алмай елге қайтпайды. Құдай тілеуін берді. Үш айдан кейін қолына қаруын алып қайтадан ұрысқа шықты. Харьков қаласының түбіндегі кескілескен ауыр шайқастардың бірінде тағы да жарақат алды. Дәл жанынан жарылған снаряд дүмпуі тұрған орнынан бірталай қашықтыққа ұшырып жіберді. Сол жерде топыраққа көміліп қанша жатқаны есінде жоқ. Жертөледе көзін әзер ашты. Басы көтертпейді. Құлағы түк естімейді. Біртүрлі жым-жырт, меңіреу дүние. Бір көзінің алдында тұтылып қоп-қою тұман тұр.
Әкемнің Ұлы Отан соғысына қатысып, Украина, Белоруссия жерлерін жаудан азат етуге атсалысқанын, болашақ үшін, бейбіт өмір үшін күрескенін жұртқа ашып айтпасам да, іштей мақтан тұтып жүретінмін. От жалынның ортасында болып, елге жауды жеңіп, жеңіспен оралғандықтан денесі шағын, қағылез болса да, ол кісі маған хас батырдың нағыз өзіндей болып көрінетін. Әке деген осындай болуы керек, ел басына күн туғанда толарсақтан саз кешіп, қолына қару алуы керек, дұшпанына күйрете соққы беріп, Отанын, жерін, елін қорғауы керек деп ойлайтынмын.
Жоғарғы класс оқып жүргенде күтпеген жерден Украинаға туристік сапармен барудың сәті түсті. Сондағы қуанғанымды-ай! Бір топ озат оқушылардың қатарында ауылдан ұзап шығып, ел көріп, жер көріп қайтатындығым үшін емес, Украинаға, яғни әкемнің соғыста болған жеріне баратындығым үшін қуандым. Украина, Белоруссия деген атаулар менің, жалпы біздің үйдің балаларының құлағына кішкентай күнімізден сіңген. Жұмыстан келіп, шаршағанын басу үшін балаларын алдына алып әлдилеп отырғнада әкем көбіне, “Украина, Белорусь, Харьков, Воронеж” деп тақпақтап, басымыздан сипап еркелететін. Бұл әрине, менің кішкентай кезімде. Қазір ойлаймын: Сонда бізді ойнатып отырып ол кісі бір сәт майдандағы өмірін, қарулас достарын, өзі жаудан қорғаған жерлерін еске алады екен ғой. Бірақ біз ол кезде әкемізден соғыс жайлы сұрауды білмедік. Ал бертін келе, жасы ұлғайған шағында, біздің есіміз кірген кезде бұл тақырып төңірегінде әңгіме айтуға денсаулығы көтермеді.
Туристік сапар барысында Украинаның астанасы Киев қаласында оншақты күн болдық. Қаланың әрбір көшесін, тарихи жерлерін, мұражайларын, соғысқа қатысты орындар мен ескерткіштерді аралап көрген сәттерде менің ойымда әкем жүрді. “Осы маңайды, тап осы мен басып тұрған жерді бір кездері, жап-жас шағында әкем де басты. Бірақ ол кісі мұнда мен сияқты қыдырып келген жоқ, қаланы жаудан азат етуге келді. Әкем шаһардың әрбір сүйем жері үшін соғысты. Мына, көшеде еріне басып бейқам кетіп бара жатқан украин қызы біле ме екен осыны? Өзінің осындай бақытты өмірі үшін менің әкем кеудесін оққа тосқанын біле ме екен? Жалғыз бұл қыз емес, осы республикадағы, мына қаладағы мыңдаған, миллиондаған украин жұрты, сонымен қатар осы өңірде өмір сүріп, ұрпақ өрбітіп жатқан орыстар, белорустар, чуваштар, басқа да ұлт өкілдері сезер ме екен осыны?”
Мен сол күндері көшеде қарсы жолыққан әрбір адамды тоқтатып алып осыны айтқым келді. Кеудеме сыймай жүрген, жүрегімді мақтаныш сезіміне бөлеген осы жайды айқайлап айтып, жалпақ жұрттың бәрін құлағдар еткім келді. Бұл ой әсіресе аты аңызға айналған Днепр өзеніне барғанда қатты мазалады. Сонан ішкі ой-сезімімді әрең іркіп тұрып Днепрдің жағасына “О, Ұлы Днепр, менің әкем Төлтай Рахметов сонау Сыр елінен келіп сенің тыныштығың үшін қан төкті. Сен соны білесің бе?” – деп жаздым.
Асқар тау – әкемнің дүниеден озғанына биыл он төрт жылдың жүзі болды. Он төрт жылдан бері мен әкемді сағынумен келемін. Бұл сезім жылдар жылжыған сайын кемудің орнына ұлғая түседі екен. Ауылға барғанда, әсіресе ол кісімен кезінде қатар жүріп, жиын-тойға, ас-құдайыға бірге баратын, қауқылдасып әңгіме-дүкен құратын қарттарды көргенде менің де әкем солардың ортасында тұрғандай болып елестеп кетеді.
Елес демекші, бұдан екі-үш жыл бұрын мынадай қызық оқиға болды. Бір жұмыстармен туысқан сіңлім Гүлнар екеуміз Тереңөзектегі аудандық музейге бардық. Мұражайда бізден басқа да адамдар бар екен. Ауызғы залдан бастап екеуміз екі жақ қабырғадағы суреттерді, жағалай қойылған жәдігерліктерді көріп, ауданның арғы-бергі тарихынан сыр шертетін мәліметтерді оқып, көп жайға қанығып келеміз. Мен екі залды аралап бітіп, үшіншісіне ауыстым. Ойымда ештеңе жоқ, қайтадан қатар-қатар тізілген құндылықтарға үңіле бастадым. Бір кезде... Бір кезде көзім жарқ ете қалды. Әкем тұр! О тоба! Сенейін бе, сенбейін бе? Көзімді жұмып, басымды шайқап-шайқап жіберіп қайтадан қарадым. Шынымен сол! Менің әкем! Кеудесіне орден-медальдарын тағып, монтиып қана түсіпті. Төрт-бес майдангердің суреті жапсырылған тақтаның жоғарғы жағына “Ұлы Отан соғысының ардагерлері” деп жазылыпты.
– Гүлнар, – деп айқайладым. – Гүлнар, әкемді қара, әкемді қара, менің әке...е...ем!
– Кәне, кәне, – деп екінші залда жүрген Гүлнар жетті.
– Төлтай әке, шынымен де Төлтай әке, – деді ол келе сурет салынған әйнекті қолымен сипап. Сонда барып менің есім кіріп, суретке қарай қолымды создым.
Біздің шуымызды естіп музей директоры Алма Бақтиярова, қызметкері Манат және де басқа кісілер жанымызға келді.
– Менің әкем! Мынау менің әкем! – дей бердім біресе көзімнің жасын сүртіп, біресе суреттің бетін сипап.
– Әкеңе қатты ұқсайды екенсің өзің, – деді топтың ішіндегі бір кісі.
– Солай ма? – деп мен қуанып кеттім. Сол сәт кеудемде біртүрлі мақтаныш сезімі пайда болды. Іштей әкеме ұқсағаныма қуандым.
Жұмысымызды бітіріп, мұражайдан шығар сәтте әкемнің суреті тұрған бұрышқа тағы бардым. Небір сұмдықты, қиямет-қайымды, сұрапылды көріп, басынан кешсе де, ешқандай қулық-сұмдықпен, өтірік-өсекпен шаруасы болмаған, өмір бойына еңбек етіп, қоңторғай тірлік кешкен қарапайым шаруа – менің әкем. Суретте – сол қалпы. Басқа қалып – ол кісіде болған емес.
Жеңіс күніне аз ғана уақыт қалды. Мен өзіңді тағы да ойлап жүрмін, сағынып жүрмін, әке!
Несібелі РАХМЕТ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
(Ескерту: Бұл эссе Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында, 2005 жылы жазылған).