ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШАДЫ
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бір айдан астам уақыт бұрын Парламент палаталарының бірлескен отырысында өзінің жаңа Бес әлеуметтік бастамасын жариялады. Олар Қазақстан қоғамы арасында кеңінен қолдау тапты, ал ел Үкіметі Президент белгілеген міндеттерді іске асыруға дереу кірісіп кетті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауқымды әлеуметтік жобалар арқылы қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайту үшін жігерімізді жанып, нақты іске кірісетін сәттің жеткенін атап өтті.
«Бірден айтайын: бүгін айтылатын ұсыныстың бәрі – есеп-қисабы мұқият жасалған бағдарлама. Бұл – елдің игілігіне арналған ұтымды, сонымен қатар, оптимистік жоба», — деді Мемлекет басшысы халыққа арналған үндеуінде.
Президент «7–20–25» бағдарламасын іске қосу арқылы жұмыс істейтін әрбір қазақстандық төмендегідей шарттар бойынша теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие болатынын айтты:
несие өсімінің мөлшерлемесі жылына 7 проценттен аспайтын болады;
бастапқы жарна 20%-тен аспауға тиіс;
несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 25 жылға дейін болады.
Мемлекет тәуелсіздік алған жылдардан бері елдегі тұрғын үй құрылысы жұмыстарымен байыпты түрде айналысып жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, өткен жылы тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша рекорд жасалды. Бұның өзі әзірге жеткіліксіз болып тұр. Бүгін Primeminister.kz сайтына берген сұхбатында ҚР ИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов Президенттің бес әлеуметтік бастамасының «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты Бірінші бастамасы туралы, бұндай бастамаға қажеттіліктің неліктен туындағаны жайлы және оны іске асыру тетігі қалай орындалатыны жөнінде айтып берді.
— «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты Президенттің бірінші бастамасы неден туындағанын айтып беріңізші, алда бірінші кезекте қандай міндеттер тұр?
— Тұрғын үй құрылысының белсенді дамуы аясында соңғы он жылда халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейі 30%-ке өсіп, 21,6 шаршы метрге жетті. Сонымен қатар Мемлекет басшысының 10.01.2018 жылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларына сәйкес, баспанамен қамту көрсеткішін бір тұрғынға шаққанда 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керек.
Аталған міндетті табысты іске асыру үшін тұрғын үйді пайдалануға берудің жыл сайынғы көлемін арттыруға жағдай жасау қажет. Осыған орай біз мүдделі ұйымдармен бірлесіп қолданыстағы тетіктерді жаңарту және жаңа тетіктерді енгізу бойынша ұсыныс әзірлеп жатырмыз. Барлық тетіктер максималды түрде қолданылатын болады, оның ішінде жеке құрылыс салушылар мен банк секторының мүмкіндіктері де қарастырылады деп көзделген.
Атап айтқанда:
«7–20–25» ипотекалық бағдарламасын бекіту және ҚР заңнамалық актілеріне тиісті өзгерістер мен толықтыруларды енгізу;
«7–20–25» ипотекалық бағдарламасын іске асыру мақсатында қажетті ережелер мен реттемелерді қабылдау;
ҚР Ұлттық банкінің 100% қатысуымен мамандандырылған ұйым құру;
«Нұрлы жер» бағдарламасын, оның ішінде инженерлік коммуникациялардың құрылысын жыл сайынғы қосымша қаржыландыру мәселесін қарастыру;
«7–20–25» бағдарламасының нормаларын ескере отырып, тетіктерді түзету тұрғысынан «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланған.
— Президенттің Бірінші бастамасының нәтижесі қандай болатыны туралы экономикалық есептер бар ма? Осы кезеңде шамамен қанша тұрғын үй пайдалануға беріледі?
— Елбасы атап өткендей, осы мақсаттарға Ұлттық банк 1 трлн теңгеге жуық қаржы тартады, яғни ипотекалық несие сомасы 9,6 млн теңгені құрайтын болса, онда 100 мыңға жуық қолжетімді несие берілуі мүмкін. Біздің есептеулеріміз бойынша бұл 6,7 млн м² тұрғын үй.
Мәселен, 12 млн теңге тұратын пәтердің бастапқы жарнасы (20%) 2,4 млн теңгені құраса, қалған 9,6 млн теңгені банк 25 жылға 7%-пен береді. Нәтижесінде, ай сайынғы төлем 68 мың теңгені құрайды.
Жалпы алғанда, қабылданған шаралар Мемлекет басшысының «Бес бастамалар» аясында берген тапсырмаларын, сондай-ақ Қазақстан халқына Жолдауында жүктеген міндеттерін іске асыруға және баспанамен қамту көрсеткішін бір тұрғынға шаққанда 2030 жылға қарай 30 шаршы метрге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
— Көптеген адамдарды осыған дейінгі тұрғын үй бағдарламаларының жағдайы одан әрі қалай болатыны қызықтырады? ЕДБ-тен бұған дейін алынған ипотекалық несиелерді «7–20–25» шарттарымен қайта құрылымдауға бола ма?
— 2017 жылдан бастап «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы жүзеге асырылуда, оған өңірлік даму бағдарламалары мен «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысына қатысты барлық мәселелер біріктірілген. Мемлекет басшысының соңғы тапсырмаларына байланысты «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз, онда тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту нормалары қарастырылатын болады.
Сәйкесінше «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» тұрғын үй несиелері «7–20–25» жаңа бағдарламасының параметрлері бойынша қайта қаралады.
Бұдан өзге, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» әскери қызметкерлер мен арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне арналған «5–5–25» бағдарламасын; «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» несиелік тұрғын үй сатып алуға арналған «5–20–15» бағдарламасын енгізу жоспарда бар. Түсіндіріп өтейін, банк салымшыларына банк шотында кем дегенде 20% қаражат болған жағдайда, 15 жылға дейінгі несиелік мерзімге 5%-бен несие беріледі.
Сонымен қатар, Бағдарлама өзгерістері аясында жергілікті атқарушы органдардың несиелік пәтерлерін тек Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары ғана емес, сондай-ақ жеке банктердің клиенттерінің де сатып алу мүмкіндігі қарастырылуда.
Бұл жағдайлар әкімдіктер салып жатқан бағалық параметрлерге байланысты ипотеканы дамытуға үлкен серпін береді. Бұл өңірлерде 140 мың теңге, Астана, Алматы, Атырау және Ақтау қалаларында — 180 мың теңге (салынып жатқан тұрғын үй 3 айдың ішінде банк салымшыларына өткізіледі және сатылмаған тұрғын үйдің қалғаны — ЕДБ клиенттеріне сатылады).
Аталған бағдарламаға жеке құрылыс салушылардың белсенді қатысуы үшін олардың тұрғызған үй-жайларын жергілікті атқарушы органдар (несиелік тұрғын үй құрылысына бөлінген қаражат және сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй қаражаты есебінен) сатып ала алады.
Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысын қаржыландыру жолдарын немесе мемлекеттік кәсіпорындардың өздерінің қызметкерлеріне бастапқы жарнамен тұрғын үй қарыздарын беру жолдарын қарастырамыз.
Сонымен қатар, жеке құрылыс салушыларға құрылыс алаңдарын дайындау үшін, біз Қаржы министрлігімен бірлесіп тұрғын үй құрылысы аудандарына инженерлік коммуникациялар құрылысын қаржыландыруды 80 млрд теңгеден 100 млрд теңгеге дейін ұлғайту мәселесін қарастырып жатырмыз.