АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ЭЛЕКТРОНДЫ ҮКІМЕТ АРҚЫЛЫ ҚЫЗМЕТ АЛУДЫ ҮЙРЕНДІ
«Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлікқоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалы «Халыққа қызмет көрсету орталығы» Жалағаш аудандық бөлімінің қызметкерлері Шәменов ауылының тұрғындарымен кездесіп, «Электронды үкімет порталын» насихаттау мақсатында жұмыстар жүргізді. Электронды үкімет порталы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге тоқталып, оның тиімділігі туралы ақпараттармен бөлісті.
«Қазіргі таңда Елбасының тапсырмасымен елімізде цифрландыру қарқынды жүріп жатыр. Барлық сала жаңартылған жүйелер мен заманауи технологияларға көшуде. Осы орайда заман көшінен қалмай, әлемнің озық жаңалықтарын күнделікті өмірімізге қолдану – әрбір көзі ашық азаматтың қоғамдағы қарым-қатынасын әлдеқайда жеңілдетпек. Бүгінгі ХҚКО қызметкерлерінің жүргізген оқыту-кеңес беру жұмысының арқасында біраз мағлұматтар алдық. Қарапайым түсінікті тілмен жеткізіп, одан әрі практика жүзінде көрсетіп жатыр. Шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін бұл жақсы әрі тиімді жаңалық болды», - дейді ауыл тұрғыны, № 34 орта мектептің физика пәнінің мұғалімі Н.Омаров.
«Қазірдің өзінде мемлекеттік қызметттер алу оңтайландырылып, тұрғындар электронды-цифрлық қолтаңбасы арқылы бірнеше қызмет түрін алу мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр. Бұл адамдардың уақытын үнемдеумен қатар, қаржысын үнемдеуге де мүмкіндік береді. Сіз өз қолтаңбаңызбен үйде отырып та, жұмыс орныңызда отырып та «Egov» порталы арқылы өзіңізге қажетті анықтамаларды ала аласыз. Сондай-ақ, сіздің электронды цифрлы қолтаңбаңызбен үшінші тұлғаларға да анықтама алып бере аласыз. Ол үшін сіздің көмегіңізге жүгінген үшінші тұлға өзін Порталдағы mGov мобильдік қорына немесе ХҚКО-ға жүгініп, телефон нөмірін ЖСН-ға бекіту керек. Бүгінгі таңда үшінші жақпен тұрғылықты жерінен мекенжай анықтамасы, жылжымайтын мүлік пен жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы анықтамаларды, сотталғандығы болуы не болмауы туралы анықтама алуға болады», - дейді құжаттарды қабылдау жөніндегі маман Д.Рахымбаев.
Жиын соңында ауыл тұрғындары Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмыскерлерінің жұмыстарына ризашылығын білдіріп, еңбектеріне толағай табыс тілеп, алдағы уақытта да халыққа сапалы қызмет көрсетулеріне сенім білдірді.
Халықтың компьютерлік сауаттылығын арттыруға бағытталған шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.