«ASTANA BALLET» ТЕАТРЫНЫҢ КЕШІ ӨТТІ
«Astana Ballet» театрының Қызылордадағы екікүндік гастролі аншлагпен өтті. Шығармашылық ұжым концерттік бағдарламасын «Ұлы дала мұрасы» деп атап, Астананың 20 жылдығына арнады.
Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында болған концертте өнер ұжымы үздік үш үлгі – халықтық дәстүр, классикалық және заманауи стильді үйлестіруімен ерекшеленді. Этно-фольклорлы «Тұран» тобының «Арулар» музыкалық композициясы, этномузыкант Еділ Құсайынов өңдеген «Ақ қыз» қазақ халық музыкасы, фольклорлы-этнографиялық «Hassak» тобының «Қыз қайың» музыкасы сияқты қойылымдар түп тамыры ғасырлар қойнауынан нәр алатын ұлттық би өнерінің бекзаттық қасиетін айшықтады.
«Клеопатра» балетінің үзіндісі Мысыр патшайымының көпшілікке беймәлім қырларын ашқандай болды. Оның сіңлісі Арсиноянмен тақ үшін таласы шоу-қойылымның ішкі энергетикасы мен динамикасын қоюлата түсті. Ал бірактілі «A fuego lento» балеті алғашқы махаббат сезімін бейнеледі.
Сезім иірімдерін, эмоцияны дәл жеткізе білген барлық композиция көңілден шықты. «Astana Ballet» театры осылайша ғажайып шоу, ғажайып қойылым жасады.
Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ