ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӨМІР СҮРУ ЖАСЫ ҰЗАРДЫ
Соңғы 10 жылда Қазақстанда өлім-жітім көрсеткіші азайып, өмір сүру ұзақтығы 6 жылға ұзарған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Лаура Ахметниязова мәлім етті.
«Соңғы жылдары денсаулық сақтау жүйесінің қызметі елдегі демографиялық жағдайға ықпал ететін аурулардың алдын алуға, оларды ерте анықтауға және тиімді емдеуге басымдық берген болатын. Атап айтқанда, қан айналымы жүйелерінің бұзылуы, онкологиялық аурулар, жарақаттар, ана мен бала күтімі және т.б. Бұл бағытта мемлекет атқарған, атқарып жатқан және болашақта да атқаратын шаралар кешені өз нәтижелерін бере бастады», - деп атап өтті Л. Ахметниязова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау күніне арналған баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, соңғы 10 жылда Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 6 жылға ұзарған. 2016 жылдың қорытындысына сәйкес, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 72,3 жылға жеткен.
«Қазақстандағы өлім-жітім көрсеткіші 27 процентке азайып, ана өлімі - 4 есеге, бала өлімі - 1,6 есеге төмендеген. Сонымен бірге, қан айналым жүйесі, туберкулез, онкология сынды әлеуметтік маңызы бар аурулардан болатын өлім көрсеткіші де азайған. Алдымызда медициналық қызметтің қолжетімді ету, оның сапасын жақсарту міндеттері тұр. Бұл мақсатта бастапқы медициналық-санитарлық көмекте тіркеу бөлімінің жұмысын жетілдіреміз. Ересектерге, балаларға және қарттарға жеке-жеке тіркеу бөлімдерін ашамыз», - деп өз сөзін толықтырды Л. Ахметниязова.
Еске сала кетсек, 7 сәуір күні Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау күні аталып өтеді. Бұл күні еліміздің барлық медициналық ұйымдарында ашық есік күні ұйымдастырылады және кез келген ниет білдіруші тегін тексеруден өтіп, арнайы мамандардан консультациялық көмек ала алады.