КӘСІПКЕРЛІК КІЛТІ - БІРЛІКТЕ
Сәрсенбі күні қызылордалық кәсіпкерлер TALKS, яғни еркін форматта өткен жиында бас қосты. Бұл жолғы шара әдеттегіден өзгеше өтті. Ерекшелігі сол, кәсіпкерлік әлеміне енді қадам басқан жастар жобаларын ортаға салды. Ал ірі кәсіп иелері, облыстық кәсіпкерлік палатасы өкілдері мен Қызылорда кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшылары кәсіпті дамытудың жолдарын айтты. Сонымен қатар мәселелерін шешіп, аяқтанып кетуге көмектесіндіктерін жеткізді. Сондай қолдауға ие болып, ерекше әсерде қайтқандардың бірі Ғазиза Оспанова. Ол аймағымызда алғашқылардың бірі болып кітап клубын ашып жатыр. Кітапханаға бас сұққандар кітап сатып алып қана қоймай, оқу залында отырып оқуға мүмкіндік алады. Ал клубтағы «Ертегі терапиясы» қызметі жиналғандардың ерекше назарын аударды. Балаларды ертегі оқу арқылы ойын ашық айтуға және өзгенің пікірін тыңдауға қалыптастыратын бөлімнің жұмысы ата-аналар мен балаларды да қызықтырып жатқандығын айтты.
-«Ертегі терапиясына» келушілер қатары күн санап артып келеді. Онда біз балақайлармен бірігіп ертегі таңдаймыз. Соған сай уақытын белгілеп, балаларды алып қаламыз. Бұл қызмет түрі әсіресе балаларды телефондағы түрлі ойындар мен интернет әлемінен алшақтату үшін өте маңызды. Біз ертегі тыңдату арқылы кейінгі ұрпақтың бойына адами қасиеттерді сіңіріп, жат қылықтардан алшақтатқымыз келеді. Ал клубты ашқалы бір үлкен мәселеге тап болдық. Бүгінгі таңда қазақ тілді кітаптар өте аз. Баспаханалардан ескі кітаптар жаңаланып шығу үшін тиражы ауқымды болуы керек. Орыс тілді кітаптарды сырт қалаларда аударма жасату үшін бағасы қымбатқа түседі. Сондықтан болашақта аймақ тұрғындарына қолжетімді болу үшін өзіміз аударма жасағымыз келеді, - дейді Ғазиза Оспанова.
Жас кәсіпкердің жобасына қолдау ретінде шараны ұйымдастырушы аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Гүлмира Әшірбекова әлеуметтік желілерде бейне-ролик дайындап, «Кітап сыйла» акциясын ұйымдастыратындығын айтты. Солайша, оқу залындағы кітап қорын арттыруға үлес қоспақ. Өз кезегінде облыстық «Кәсіпкерлік палатасы» тегін сайт ашып, алдағы уақытта демеуші табуларына көмектесіндіктерін жеткізді.
«Кәсіпкерлік кілті – бірлікте» шарасы аясында ұлттық өнерді дамытуға арналған жобалар да ұсынылды. Оны талқылай келе, болашақта «Сыр сүлейлері» аллеясына киіз үйлер тігілеп аймақтағы қолөнер шеберлерінің бұйымдарын сатуға шығару, «Қымызхана» ашу, ұлттық ойындарымызды насихаттауға бағытталған түрлі шаралар өткізу бастамасын жолға қою жолдарын қарастыру жоспарланды. Бәсекелік қабілетті ұлт пен сананың ашықтығын дамыта отырып, аймақтағы әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешімін табуға, жастарды бірлесе шешім қабылдауға үйретудә мақсат тұтқан шара осылайша нәтижелі аяқталды.