ПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТТАРЫ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНДА БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Кәсікерлер палатасының алаңында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Балайым Кесебаева, Наталья Жұмаділдаева, Фахриддин Қаратаев өңір кәсіпкерлерімен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Кездесуде халық қалаулылары кәсіпкерлікті қолдау бағытында елімізде қабылданған мемлекеттік бағдарламалар, Елбасының осы жылы жариялаған 5 әлеуметтік бастамасы жөнінде айтып, негізгі мақсаттары өңірдегі халықтың тыныс-тіршілігін көріп, мәселелерін шешуге атсалысу екендігін жеткізді. Сондай-ақ, кездесуде негізгі басымдықты кәсіпкерлердің проблемаларын талқылауға берді.
«Мектепке дейінгі ұйымдардың қазақстандық қауымдастығы» Қызылорда облыстық филиалының директоры Наталья Мишукова жеке балабақшалардың проблемаларын жеткізді.
- Біздің облыс «Балапан» бағдарламасы бойынша балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен толық қамтамасыз еткен өңір. Алайда, өткен жылдан бері салада шешілмей тұрған мәселе бар. Қызылорда қаласындағы 206 жеке балабақша 2017 жылдың қараша-желтоқсан айларына мемлекеттен бөлінген субсидияны ала алмады. Әкімдіктен, қалалық білім бөлімі республикалық бюджеттен қажетті қаржы толық аударылмағандығын, дегенмен осы жылдың І тоқсанына дейін алатындығымызды жеткізді. Алайда мәселе әлі күнге шешілген жоқ. Бүгінде бұл кәсіпкерлердің басым бөлігі қызметкерлеріне, салық органдарына, өзге де ұйымдарға қарыз болып отыр. Кей кәсіпкерлер қызметкерлеріне уақытылы айлығын төлеу үшін несие алуға да мәжбүр болды. Мәселенің шешілуіне қолдай көрсетсеңіздер, - деді.
- Республикалық бюджеттік комиссияның мүшелігінде бармын. Сондықтан аталмыш мәселені жақсы білемін. Бюджет 3 жылға қалыптастырылу барысында қаржы толықтай қаралған. Алайда, бұл аралықта жергілікті атқарушы орган жаңадан балабақшалар ашуға рұқсат беріп, нәтижесінде осындай жағдай қалыптасып отыр. Алғашынды жергілікті атқарушы орган бізге экологиялық апат аймағына арналған 30 пайыз аударылмағандықтан осындай жағдай қалыптасып отыр деген болатын. Зерделей келе субсидияның ішінде қызметкерлердің жалақысына қатысты қаржының жетіспей отырғандығын көріп отырмыз. Сондықтан мәселені қайта қараймыз, бюджеттік комиссияға қайта ұсынатын боламыз», - деп жауап берді мәжіліс депутаты Наталья Жұмаділдаева
Мұнан өзге, кәсіпкерлер сағаттық белдеу, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мәселелерін де көтерді. Өз кезегінде депутаттар сауалдардың барлығын жазбаша жинап, шешу жолдарын қарастыратындықтарын жеткізді.
Кездесу қорытындысымен, Парламент Мәжілісінің депуттары «Атамекеннің», жергілікті жерлердегі Кәсіпкерлер палаталарының жұмысы жүйелі жолға қойылғандығын айтып, жоғары бағасын берді.