"АҚМЕШІТ" ФОЛЬКЛОРЛЫҚ АНСАМБЛІ ЛОНДОН ТӨРІНДЕ ӨНЕР КӨРСЕТЕДІ
"Ақмешіт" фольклорлық ансамблі Лондонда өтетін Наурыз тойына қатыспақ. Мерекелік шара 2018 жылдың 7 сәуірінде "Victoria Embankment Gardens" саябағында ұйымдастырылады.
"Ақмешіт" ансамблінің концерттік бағдарламасы көрермендерді түрлі жанрдағы музыкалық шығармалармен сусындатпақ. Ансамбль өнерпаздары Дәулеткерейдің "Көрұғлы", Ықыластың "Жезкиік", халық күйі "Ел айрылған" сынды шығармалар мен әлемдік классикалық туындыларды орындап, ал, ұжымның жеке орындаушылары жыр-термеден шашу шашады.
"Өнерпаздарымыздың бірегей өнері арқылы біз ұлттық өнерді дәріптейміз", - деп атап өтті облыстық филармония директоры Талғат Мақашев.
Айта кетейік, "Ақмешіт" фольклорлық ансамблі Сыр бойының төлтума өнерін, қазақ ұлттық фольклорын насихаттау мақсатында 2009 жылы облыстық филармония жанынан құрылды. 1972 жылы ашылған облыстық филармонияда бүгінде 7 шығармашылық ұжым жұмыс жасайды, оның бірі – "Ақмешіт" ансамблі.
Құрамында 12 өнерпаздан тұратын ансамбль репертуарында 100-ден астам қазақ күйлері мен заманауи өңделген шығармалар бар. Олар республикалық, халықаралық конкурстар мен фестивальдерде жеңімпаз атанып жүр. Атап өту керек, соңғы жылдары облыс басшылығының қолдауымен ансамбль өнерпаздары Өзбекстан, Ресей, Түркия елдеріне гастрольдік сапарларда болды.