ДЕСТРУКТИВТІ ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ ЗИЯНДЫЛЫҒЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Дінге бет бұрған әрбір жас деструктивті діни ағымдардың жетегіне еріп кетпеуі керек. Сондықтан олардың діни сауатын арттырып, асыра діншілдік мәселесінің алдын алу шарт. Осы мақсатта С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінде «дөңгелек үстел» өтті.
Облыстық ішкі саясат басқармасы Дін мәселелерін зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен кездесуге «Айтбай» мешітінің бас имамы Нұржан Керімбеков, Дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Олжас Жаппасбаев, «Батыр ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлсара Әбдіхалықова және Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Жасұлан Тасабаев қатысып, жат ағымдардың жастарға теріс ықпалдарын жан-жақты түсіндірді.
-Дінге ден қойған қайбір жас болсын, ең бірінші білімді әлеуметтік желіден алғанды жеңіл көреді. Одан қалды айналасындағы адамдардан сұрау арқылы көп нәрсені үйренуге болады деп есептейді. Соның салдарынан олар көп жағдайда жат ағымның жетегіне еріп кетеді. Деструктивті ағымдар бірден өздерінің негізгі ұстанымдарын байқатпайды. Алғашында діни ағымдардың уағызшылары өз жолдарын нағыз тура жол етіп көрсетіп, адам санасын улау арқылы, өз дегендеріне көндіріп алады. Исламда бөліну жоқ. Сондықтан жамағатқа, бір топқа бөлінгендерден бойларыңды аулақ ұстаңдар - деді «Айтбай» мешітінің бас имамы Нұржан Пірәліұлы жиналған жастарға.
Дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Олжас Жаппасбаевтың пікірі де осыған саяды. Теолог дінге бет бұрған әрбір жас ең алдымен ресми мешіттерге барып, ұстаздардан білім алған дұрыс дейді. Өйткені әлеуметтік желілердегі мыңдаған діни үндеулер мен бейнежазба түріндегі уағыздардың көп бөлігін деструктивті ағым өкілдерінің таратқанын айтады.
«Дөңгелек үстел» басында «Батыр ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлсара Әбдіхалықова жастар бос уақытында спорттық шараларға қатысып, қоғамдық жұмыстармен айналысу қажеттігін жеткізсе, Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Жасұлан Тасабаев орталықтың жастар үшін есігі әрдайым ашық екендігін айтты. Уақытын тиімді өткізгісі келетін әрбір жасқа жөн сілтеп, қажет десе жұмыс тауып беруге де күш саламыз дейді.
Шара соңында колледж студенттері имам мен мамандарға дінге қатысты сауалдарын қойып, өзара пікір алмасты.