СҮЙІКТІ КЕЙІПКЕРІМНЕН ТӘЛІМ ТЕРДІМ
«Зытып келем, зытып келем. Артыма қарай-қарай зытам... Зытып келе жатқаным – қашып келемін, артыма қарай беретінім – қорқып келемін». Міне, осылай басталатын қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романын оқымаған тұстастарым некен-саяқ деп ойлаймын. Өйткені, үлкен кісілерді айтпағанның өзінде, өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары өмірге келген жеткін¬шектер әдеби кітап оқуға құштар болатынбыз. Тіпті бірінші-екінші сыныпта оқып жүрген кезімізде-ақ кітапханадан шағын әңгіме-повестерді жаздырып алып оқитынбыз. Ал аталған романды өз басым төртінші сыныпта оқыдым. Мұны мақтаныш ретінде айтып отырған жоқпын. Әңгіме басқада.
Роман желісі Шеген, Бораш, Қайрош есімді бозөкпелердің басынан өткен оқиғалармен өріледі. Алдыңғы екеуіне Қайрош соңынан қосылса да бір үйдің баласындай тез тіл табысып кетеді. Әдетте таныс емес балалардың алғашқы кездесулері азды-көпті жанжалсыз, бірлі-жарым жұдырықсыз өте қоймайтыны белгілі. Бірақ, олардың таныстығы жаға ұстасуға да жетпеді.
Бозбаланың бірі сұлу да сұңғақ денелі, күнге күйіп, күрең тарт¬қан тобылғы торының бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнап, қо¬лынан келмейтіні жоқтығын байқатса, аққұба жүзді арық, бір аяғын ақсаңдай басатын екіншісінің Қайрошпен жасы шамалас болатын. Қуануы да, ренжіп қалуы да оп-оңай, қағілез де қыз мінезді бала Бораштың мөлдір қара көзінен көңілінің түбі көрініп тұрғандай. Жаратылысында ауыр еңбекке жаралмаған жарымжан баланың жүрегіне мәңгі байланып қалған ауыр бір күрсініс бар. Ол күрсініс езу тартқанда да түгел жойылып кете алмайды.
Романды оқып отырған талай бала қабағына қақ тұрмайтын ойнақылығы басым ақкөңіл Шегенге ұқсағысы келсе, менің де көкейімде Бораштай болсам деген арман болды. Өгей шеше кесірінен қораның төбесінен соқаның үстіне құлап, оң тізесінен жарақат алған Бораш бала күнінен аяғынан шойырылған болса, мен де бес жасымда таяқ ұстағандықтан онымен тағдырлас едім.
Тамақ табу үшін бұлар базар халқына әр түрлі өнер көрсетеді. Доңғалақша айналып, ақсақ та, соқыр да, саңырау да бола алатын он бес жастағы Шеген жылатса көзіңнің жасын тыйғызбайтын, күлдірсе ішегіңді қатыратын толып жатқан әңгімелер кені болса, «Айнамкөз», «Зәуреш», тағы басқа әндерді зарлатып жіберетін Бораш бейнебір кәсіби әншілерден бірде кем емес. Тумысынан өнерге бейім оның бар арманы консер¬ваторияда оқып, әнші болу. «Зәурешті» айтып тұрған Бораш көз алдыма келеді де, ішімнен мен де қосыла жөнелемін. Оған еліктегенім сондай, екеуміздің даусымыз бірге өрілгендей шығатын.
Әрі дімкәс, әрі жасқаншақ Бораш ақыры өз жолын тапқандай болады. Жетіжылдыққа қоса, ол Оралдың музыка мектебінде оқиды. «Коммуна» балалары концерт берсе Бораш қатыспай қалған емес. Бүкіл қаланың құлағына ілініп, «әнші бала» атанған оны, даусы бір қалыпқа түсе қоймаса да жұрт қатты сүйсініп тыңдайтын. Он алты жасқа толып, консер¬ваторияға баруға бел буған оған Қайроштың: – Енді сен де кеттің бе? – деген қимастық сезіміне мұңая тұрып: – Мен мұңлы әрі жарымжанмын ғой, бауырым! Дауыстан басқа өнерім болмаса, амалым не, Костя! – деп жауап берген-тін.
Иә, «Тау тауға қосылмайды, бірақ адамға адам кездеседі» деген тәмсілге тәнті болмасқа шараң жоқ. Романда Мәскеу консерваториясына кеткен Борашпен Алматыда кездесемін деп кім ойлаған. Дәлірек айтсам, өзіме «кумир» санаған сүйікті кейіпкерімнен тәлім тердім.
Сонау жетпісінші жылдары арман қуып Алматы қаласына бардым. Ол кезде журналистика мамандығы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ғана еді. Соған орай конкурс та өте жоғары болатын. Бірер жыл оқуға түсудің сәті түспей, дайындық бөлімінен соң ақыры студент атандым. Сонымен қыркүйек айының алғашқы күні екінші сабақта екі топтағы елу ұл-қыз университеттің акт залында оқытушыны күтіп отырмыз. Бір уақытта кеудесін шалқақ ұстай сылти басып, қолында таяғы бар ағай кіріп келді. Студенттермен сәлемдесіп алған соң «Тауман Амандосов деген ағайларың боламын» деп өзін таныстырды.
Жатақханаға келгеннен кейін бірге тұратын жоғары курс студенттерінен ол кісінің мақала басында айтылған «Қазақ солдаты» романындағы Бораштың прототипі екенін естіп білдім. Расында да, факультетаралық іс-шараларда Тауман ағайдың «Айнамкөз», «Зәуреш» әндерін нақышына келтіре орындағанына талай мәрте куә болдым. Бірақ ұстазымнан бала Бораш жайлы сұрауға батылым бармады. Десек те, өзім еліктеген кейіпкерім, қазақ журналистикасының негізін қалаған ғұлама ғалым Тауман Салықбайұлы Амандосов ағайдан тәлім тергенімді әр кез мақтан тұтамын.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ