ЖҮРЕГІҢНІҢ АЙТҚАНЫМЕН ЖҮР
Сүю былайша болады деп ешкім де үйретпейді. Біреу жабығып, біреу жалындап сүйеді. Алайда, жүрегінің айтқанымен жүрген пенденің әрекеті ғана шынайы һәм баянды.
Жат ой, жаман қылыққа апаратын – пендешілік пиғыл. Діни кітаптардың сөзі бойынша сыртымыздан сайтан, ішімізден ханнас жамандыққа қарай жетелейді. Осы екеуін жеңетін – адал, таза жүрек күші. Жүрек сондай қуатты бола тұра ол шын сүйгеніне тәуелді. Өмірдегі сәтсіз махаббаттардың бәрі жүректің айтқанымен жүрмеуден басталады.
Ежелгі грек ойшылы Пиндар жүрегінен тыс сезімге беріліп, сұлу Кориннаны сүйем деп қатты қателесіпті. Оның қателескені сонша, сол қызбен арадағы қақтығысы күні бүгінгі біздің құлағымызға тиіп отыр. Коринна ақын еді, Пиндар оған өлең жазуды үйретші деп өтінді. Сан қатпарлы ғылымның тереңіне түскен ойшылға бірер сөзді ұйқастырып өлең жазу түкке тұрмайтын сияқты көрінді. Бірақ қаншалықты терең ой мен пайым, құдая, тоба, бір жақсы өлең жазуға жарамады. Дегенмен, өзі жазған өлеңді жақсыға санап, бірде сүйген қызы Кориннамен қатар сөз додасына қатысты. Бұл сында Коринна бірінші болып кетті. Бұған ашуланған Пиндар «бұл орын оған дарындылығы үшін емес, сұлулығы үшін берілді» деп мойындамады. Ақырында Кориннаны «шошқа» деп атады. Кейін оқымыстылар «шошқа» сөзі ол кезде қазіргі кездегідей ерсі сөз болып есептелмейтін еді» деп ұлағатты Пиндарды ақтауға тырысқанымен, қай кезде де «шошқа» сөзі жақсы мағына береді дегенге кім сенеді.
Мұнан не түсіндің? Жүрегіңе Алла салмаған нығметті өз еркіңмен жасай алмайсың. Бүкіл аспан үстін, жер астын есік алдындағы егістігін қопсытқандай аударыстырып жүрген ғұламаларыңның бір шумақ шын өлең жаза алмауында осындай сыр бар. Пиндардың данышпандығына шек келтіру қиын, бірақ мына оқиға арқылы оның Кориннаны сүйгеніне сенбейсің. Демек, ойшылдың жүрегінде ондай сезімге орын болмаған.
... Ертектерде ер жігіт Сандыбадтың түсіне сұлу қыз еніп, оған ғашық болған сері сол сұлуды іздеп таулардан асып, теңіздерді кешіп ақырында шым-шытырық оқиға ортасына түскен жиһанкезге айналады. «Түсінде көрген қызға ғашық болған сен жынды, бәлкім сені ұға алмайтын мен жынды» деп жанындағылар оған келемеждей күлді. Алайда, ағаш ескегі шырпы боп қалғанша теңіздерді кешіп, темір таяғы тебенге айналғанша тауларды кезген сол Сандыбад түсінде көрген қызды ақыры табады.
Тарихта осындай оқиға болды ма, жоқ па, оны бір құдай біледі.
Менің анық білетінім, адал жүректің айтқанымен жүрген адам ақырында қайырлы тірлікке, бақытты өмірге кезігеді.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ