БАЛ АЙЫ
Кейінгі әңгіме
– Туған жердің ақ шағыл топырағына түскен іздерің осы қазір бір қосылып, бір ажырайды; әп-әдемі қосылып келеді де, артынша ажырап-ақ кетеді. Тәңірім-ау, осылай мәңгібақи ажырап кетер ме, қайтер…
– Кім білген…
– Екеуіңнің анау ақ торғын Ай астында қалқыған көлеңкелерің бір қосылып, бір ажырап кетіп қайта тоғысады; осы қазір бір ажырап қалып, артынша енді қайтып айрылмастай болып қайтадан бір көлеңкеге айналып кетеді. Тәңірім-ау, осылай өмір бойы ажырамай кете барар ма, қайтер…
– Кім біледі…
* * *
Екеуі бірін бірі жетелегендей қол ұстасумен уәделі жерге келіп бір-ақ тоқтады. Ынтыққан демдерін де бір-ақ алды.
– Келдік қой?
– Келдік!
– Уәдемізде тұрдық қой?
– Тұрмай ше?
– Ал, енді не істейміз?
– Енді ме? Енді болашаққа белгілеген «ұлы жоспарымызды» осы қазір одан әрі талқылаймыз ба, қайтеміз? – Саягүл сыңғырлап, еркелеп күлді.
– Ақниет ағай айтпақшы, гениальный демейсің бе? – Сұңқар әдетінше қыз жауабын өзінше толықтырып «түзеткен» болды.
– Иә, солай-ақ болсын.
Екеуі тұмсығын теңізге сұғындырып жіберген биік ақ шағыл құм төбенің төбесінен төменге қарғып кетердей кілт тоқтап қалған еді. Бұл төбені осы ауыл тұрғындары ежелден «Аққұм» дейді. Десе дегендей, жата қалып аунағаныңда үстіңе жұқпайтын шыны таза ақ шағыл топырақты молынан үйе-үйе салыпты. Қол ұстасқан екеуі осы Аққұм төбенің ұшар басында иық түйістіріп тұр. Қарсы алдарында – Ай астында алып кеудесі жарқыраған ұлы теңіз тым-тырыс тынып жатты. Түн де мүлги қалған екен бір. Саягүлдің оң алақанын жас баладай қысып ұстап алған Сұңқар теңіздің тас тобесінен сұқтана қарады. Ішінен: «Мұндай да тыныштық болады екен-ау, – дейді кәдімгі аңқау балалық кейіпте таңданып. – Айқашыл теңіздің де іштен тынғанын көрдік пе сөйтіп…»
Сұңқардың бұлай ойлауына күллі кластасы болып ең-ең жақсы көретін ұстазы Ақниет ағайының құлақтарына сіңіріп тастаған бір сөзі түрткі болып тұр. Соның есіне түсе қойғаны. Ағайы: «Кезінде атағы айдай әлемге тараған тарлан теңізіміз енді ішінен тынып жатыр-ау. Құдды ішінен тынып үйренген жетім баладай…» – деп әрқайда айта отырады. Шынында, тыншуы сирек, дауыл тілегіш кереметтің мынадай момақан кейіпте іштен тынып жатуы адамды кәдімгідей ойға қалдырады екен…
Мектепте көркемсөз оқудан алдына жан салмайтын Саягүл де көп шыдап тұра алмады. Өзі мен өзі оңашаланып, бір-бір тәтті қиялдарға беріл-ген шақтарында шын ниетімен ойланып-толғанып дайындалған, дәл осы бүгінгі уәделі түнде айтсам-ау деген «құпиясын» бірден ағылтып жіберді.
– Уа, ұлы теңіз! Сен біздің бәріміздің, тіпті әлдеқашан бақұл болған ата-бабаларымыздың да ұлы Анасы емес пе едің?! Неғып үндемей қалдың? Біз, міне, бүгін қолымызға аттестатымыз тиісімен, кәмелетке жеттік дегенде қол ұстасып өзіңе келдік. Саған бар сырымызды айтып, ақ батаңды алсақ деп едік. Жүрегімізді қолға ұстап ақ ниетімізбен алдыңа келгенде үндемей жатып алғаның не, уа, ұлы Анамыз-ау? – Саягүл сәл кідіріп тұрды да: – Ей, ұлы теңіз! Біз екеуміз саған келіп тұрмыз ғой, тіл қатшы бір, не дер екенсің? – деді дірілдеген дауысы бірте-бірте бәсеңсіп. – Тіл қатшы бір…
Сұңқардың табан астынан тауып айтқан Саягүлге таң қалғаны сондай, ауызы шөлдеген шөжедей аңқиыпты да қалыпты. Қыз кілт жуасып, «тіл қатшы бір» деп жай сыбырлап тұрған сәтте ғана елпелектеп құшақтай алды: – Ойда-а, өзің ақын екенсің ғой, ә-ә? Оһо-о, неғып өлеңдерді жаттай береді десем…
– Я, қайдағы ақын… – Саягүл әлі сыбырлап тұр еді. – Тұра-тұршы, теңіз не дер екен, тыңдап көрелік бір… – деді.
– Ал, мақұл.
Екеуі сол қол ұстасқан күйде демдерін тежеп бір сәт үнсіз тұрды. Бірақ алыс-жақын бар маңай құлаққа ұрғандай тым-тырыс еді.
– Теңізде тіл жоқ қой… – Сұңқар күрсінді.
– Тұра-тұршы, – деп Саягүл оның қолын сілкіді. – Ойымды бұза бересің…
– Жақсы, дегенің болсын.
Екеуі сол қол ұстасқан қалпы үнсіз тұра берді.
Саягүл сәл күрсінді: бір-бірінен көз жазбай бірге өткізген он жылдың да кейінде қалғаны-ау енді. Кей-кейде «миды ашытып», өзекті өртей жаздайтын химия мен математикадан қиналған кездерінде оқу жылы тіпті бітпестей көрініп, жалықтырып жіберетін. Сөйткен кербез уақыттың қалай тез өте шыққанына Саягүл енді кәдімгідей қайран қалып тұр. Бәрі бір күнгідей бол-мады, сырғып өте шықты. Енді мың қайтара армандасаң да қайтып орал-майды.
Ең соңғы емтиханнан кейінгі кешегі түнде мектеппен қоштасу кеші болды. Едені жер, қабырғасы қақыра мектепті бастарына көтере думандатып түнімен күллі класс болып ән салды, биледі. Әйтеуір әркім білген өнерін аянып қалған жоқ. Таң білінісімен ауыл төрінде тұрған соғыс құрбандарының ескерткішіне барып тағзым етті. Содан кейін күллі класымен тік тұрып туған жерге ант берсін. Маңдайы Күн шапағымен жарқыраған қасиетті ескерткіш түбінде бәрі иық түйістіріп суретке түсті. Мұндай әдет бұрын жоқ еді. Бұл Ақниет ағайларының осы мектепке келуімен жол алған дәстүр.
Дәл осы қазір де сол ағайы қоймай жүріп үйреткен қысқа қайырымды ант сөзі Саягүл санасында қайта жаңғырып, тіл ұшында сайрап тұрды. «Қасиетті туған жер! Біз бүгін жұп жазбай он жыл оқыған алтын ұямызбен қоштасқалы тұрмыз. Мүмкін, бір тобымыз кір жуып, кіндік кескен меке-німізден алысқа ұзамай бірден кәсіпке араласып кетерміз. Мүмкін, бір легіміз оқу орындарының аудиторияларынан табылармыз. Кім болмайық, қайда жүр-мейік, бәріміз де ел үмітін ақтай алатын азамат болуға ант етеміз! Абай атамыз айтқандайын, атаның емес, Адамның ұлы болуға серт береміз!» – Саягүлдің шыр торғайдай шырылдап тыпыршыған албырт жүрегі балғын кеудесін жарып шығардай бұлқынды.
– Ой, Сұңқар дейім, ілгері жүрейікші, а? – деді өрекпіген кеудесін ақ сәулелі Ай нұрына тосып.
– Ойланып болдың ба?
– Қайдағы болған… ой дегенің таусылар емес…
Қол ұстасқан екеуі дәл осы сәтте жерде емес, бейне бір теңіз айдынында еріктерінен тыс қалқып бара жатқан егіз балапандай еді. Аққұмның ақ шағылы да суынып үлгіргендей екен, жалаң аяқтарына майдай жағып келеді. Бұл өңірде тым сирек қылық ашатын бүгінгідей уыз түнді жамылған екеуі аяқтарын нақ бір санап басқандай ілгері жүре түседі де, баяу кідірістеп қалады. Иықтары да сәт сайын, сәт сайын түйісіп қап, артынша аралары алшақтап барып қайтадан қатар түзейді. Ақ шағылға сусып түскен іздері де бір қосылып, бір ажырап кетеді. Ай астында қалқыған екеуінің тұлғасы осы қазір анық көрініп қап, іле қолға ұстауға келмейтін ақ жібек пердеге лезде орана қалғандай болады. Сыйқырлы тылсым елес бір. Кенет, ту-у әлде қайдан, сонау қияндағы тұңғиыққа самғап бара жатқан самолеттің құдіретті гүрілі екеуін де кілт тоқтатты. Сол үнді бір демдік сәт тыңдап үлгірген Саягүл:
– Қызығын-ай, – деді таңырқап, – самолеттің дауысы жер бетіне суылдап ағып түсіп жатқандай екен.
– Я-а, оның не-е-сін айтасың…– Сұңқар дауысын армансыз созды. – Керемет қой, ә-ә Сая?!
«Ал… міне, аспан, самолет, ғарыш кемелері десе әдеті – делебесі қозып шыға келеді. Анаң қарашы, аспанға ақысы кеткендей аңтарыла қарауын» – Құрбысының мына қылығына іштей күліп алған Саягүл:
– Қалай, самолет көрінді ме? – деді өзінше әзілдеген болып.
Аспанға үңілген Сұңқар көкірегін кере дем созды. Саягүл де көк жүзіне көз тікті.
О, бүгінгі түн нағыз қиялдағы кереметтей бір-бір жұмбақ күйде тербеліп тұр екен-ау. Кәдімгі ақындардың жалықпай айта беретін ақ түні осы болар ма?! Мамықтай жұмсақ ұлпа түн. Алыс-жуық бар маңай құдды түс көріп жатқандай мүлгіп тұр-ау, мүлгіп тұр. Көк жүзін жақұттай жарқыраған жұлдыз маржандар өрнектей берген, өрнектей берген. Жұлдыздар құдды ойнап жүрген сәбилердің көздеріндей тынымсыз сәулеленіп, жарыса жымыңдайды. Қол ұстасқан екеуі аяқтарын аттаған сайын сол самсаған сан жұлдыздар құдды төмен тамып түсердей мөлтілдейді. Ал әбден кемеліне келіп толысқан ақ жұмар Айдың осы бүгінгі түн жерге жақындағаны сондай, қызыққаннан қағып алғың келер. Аққұмның айлы түні-ай, сенің мамықтай жұмсақ мінезің де бар екен-ау…
– Төмендегі теңізге де бір қарашы, – деді Саягүл сыбырлап.
Ай астында көзді суыра жарқырап жатқан теңіз төріне екеуі де жаутаң-жаутаң қарай берді, қарай берді. Ғажап, тіл жетпейтін сұлулық тылсымы осы қазір екеуін де матап тастағандай. Ай тұрпатын айна төсіне айнытпай қағып алған теңіз айдыны аңыз-ертегілерден есте қалған жұмбақ та сиқырлы әлемге келетіндей. Қай күні еді, ие бұлар соңғы емтиханды тапсыратын күні екен ғой, көкжасыл түктерін шалқар төсіне шанышып, шанышып алып, ұлы айқайға басқаны. Енді ұяң тартып мұңдана қалыпты. Ұлылыққа бөккен теңіздің тыншығаны да тосын, тым-тырыс, бейне бір тәтті ұйқыда маужырап жатқан алып сынды. Аспан астын сүт ағын сәулесіне ұйытқан Ай сұлудың төгіле құйылған нұры сол ұйқыдағы алыптың тылсым кеудесіне ұялаған. Нақ сол тұстан толған Айдың созыла шаншылған ақ бағана сәулесі теңіз бетін сыйпай сызып келіп жағалауға асылыпты. Ай астында дірілдеп қалқыған сол ақ бағана жолағы көзді ұялтып қытықтайды.
– Да-а... мұндай кереметті... бұрын кім көрген-н... – Сұңқар біреу есітіп қоятындай демін үзіп-үзіп, сыбырлап айтты.
Саягүл де ұяң үнмен бір сәт сыбырлап-күбірлеп тұрды да:
– «Маужыраған күллі әлем,
Жақсы жатып жай тұрсын.
Адамзаттың төсегіне,
Төңкерілген Ай тұнсын…» – деп Сұңқарға тығыла түсті.
– Сол Айың, әне, біздің төбемізден төніп тұр. Атам айтқандай, бізді желеп-жебеп тұрған шығар, ә-ә, Сая?
– Мүмкін. Бірақ бір бізді деймісің, Ай әлемге ортақ қой…
– Да-а…
– Сұңқар-ай, ақын ағамыз осы өлеңінде жер жүзінің тыныштығы мен берекелі бейбітшілігін талпынып өсіп келе жатқан сәбиге теңепті-ау…
– О-о… сөйтпесе, ол Мақатаев бола ма?
– Сұңқар дейім?
– А-а.
– Ақ түн дегенің осындай болады екен-ау, ә? – Қыз таңдайын қақты. – Мынадай елде жоқ керемет түнді көріп тұрғаным осы.
– Менің де.
– Бұрын дейім-ау, неғып байқамай келгенбіз?
– Соны айтам ғой, – Сұңқар қыздың мақпалдай майда алақанын құшыр-лана қысып жіберді.
– Ой!
– Не?
– Саусақтарымды ауыртып жібердің ғой.
– А-а… Кешір… – Сұңқар қалбалақтап қалды. – Қараңғы түн деген жа-ман ғой, ә-ә, Сая? Мен сені түнемелік қорқатын шығар деп жүрсем…
– Жалғыз болсам әрине қорқам. Ал сен барда неден қорқам? Жоқ, қорқу дегенді айтпа-а… – Саягүл әсіресе осы «айтпа» деген сөзін мәнерлеп жіберді.
– Мен барда қорықпайсың, ә-ә? Міне, дұрыс! – Қыздың өзімсініп еркелеген қылығына Сұңқар кәдімгідей биіктеп, масаттанып қалды. Құдды көпті көрген кісідей кеудесін көтеріп:
– «Тірлікте қара түннің керегі не,
Кетпей ме онандағы күнге айналып…» – деді.
– Ал, осы кімнің өлеңі, білесің бе?
– Жо-қ.
– Сенің соның қызық, – деді Саягүл оның қолын сілкіп. – Өлеңін айтасың, авторын білмейсің.
– Неге дейім бе? Мен өлеңдерді сен сияқты мәнерлеп айту үшін әдейі жаттамаймын. Оқып отырғанымда кейбір жолдары ғана жадымда қалып қояды. Сол.
– Рас шығар. Сені тек физика-математика мен химияға жібер. Жаңғақша шағар едің! – Саягүл әнтек қатты күліп жіберді.
– Я, расында-а... Бірақ…
– Не бірақ, тағы да қиял ма?
– Қайдағы қиял. Осы күндері менің не ойлап жүргенімді білсең ғой… Саяа-а...
– Құпия болмаса, біз де білейік, айтсаңшы?
– Атамды айтам да. Бір Құдайы бар, күнде-күнде о, Алла-а деп жалбары-нып отырғаны…
– Не деп?
– Теңіздің тартылып бара жатқанын айтып…
– Бәсе-е, сенің теңіз тағдырын ойлап бас қатырып келе жатқаның содан екен ғой. – Саягүл бос қолының сұқ саусағымен Сұңқардың иегін шертіп, шертіп алды. – Мықтысың дейім өзің…
–Мейлің, не десең о де. Ал, сұлулығын бар ғой, құдай деген художнигің салып бере алмаған теңізімізді жүдеткендерге… жыным келеді! Білдің бе?
– Сен қызықсың Сұңқар…
– Айта бер қызықсың деп. Құлағыңды шынымен бітеп, көзіңді жұмып алған болмасаң, біздің ауыл бұрын қандай еді, қазір қандай? Теңіз бір адым шегінген сайын бір-бір үйден көтеріліп кетіп жатқан жоқ па? Бұл не, қызық па сеніңше? Ақындардың өлеңін жатқа айтқанда алдыңа жан салмайсың, ал мына теңіздің көзіне дұрыстап неге қарамайсың?
– Сұңқар дейім! – Саягүлдің үні ащы щықты. – Ал, қарадық! Сонда біздің қолымыздан не келеді?
– Не келе-ді-і… – Сұңқар біреу тас төбесінен қойып қалғандай кілт тоқтады. Бүкіл жан дүниесі тыпыршып тұр. «Біздің қолымыздан не келеді-і…»
Саягүл оның қызынып тұрған кеудесіне бетін тақап қыстыға тіл қатты: – Мынадай әдемі түнде қайдағыны айтқаның не! Қияндағы шөл далаға қолдан шалқытып теңіз жасағанда, табиғаттың өзі жарылқап сыйға тартқан қасиетті Анамыздан айрыламыз деген ой сенсең санама сыймайды. Білдің бе, санаға сыймайды. Ең болмаса, сен сарықпашы үмітіңді…
– Сенің бұл айтып тұрғаның Ақниет ағайдың сөзі ғой.
– Кім айтса да бәрібір емес пе?
– Ой, құдайым-ай, Арал атағы баяғысындай жер жарып шалқыса ғой, ана-ау тұрған Айды қолыңа әкеп қондыра салар едім-ау! – Сұңқар Саягүлді құшақтап алғысы келген. Бірақ… бұ жолы да батылы жетпеді. Бар болғаны:
– Келші, қолыңды берші, – деді даусы қалтырағандай болып. – Мен саған теңіздің көз жасын көрсетсем деп едім…
– Теңіз жылай ма екен?! – Саягүл әлгінде ажырап кеткен алақанын қайта ұсынды.
Саягүл Сұңқарды сабырға шақырғанымен іштей өзі де «жаман» әлінше күйзеліп келеді. «Білем, білем, талай айтқансың. Сенің байқағаныңды кейін мен де көргем. Самолетпен шырқап жоғары көтерілгенде екі көзің еріксіз төменге – теңізге қадала береді екен. Қайран теңіз, жағалай әр жер, әр жерінен ойдым-ойдым көлшіктеніп, үзіліп-үзіліп қала берген, қала берген. Теңіздің көз жасы емей немене ол…» – Саягүл күрсінді.
Екеуі де жалаң аяқ, жалаң бас. Осы кескіндері құдды ойын баласы секілді, екеуі де үнсіз – тілден қалғандай. Ақ түн де жым-жырт. Аққұмның ақ шағыл топырағы аяққа жұқпайды, сап-салқын, мап-майда; жұп жазбастан қол ұстасқан екеуі қатар адымдаған сайын табандары астында жеңіл сусиды.
Саягүл елегзігендей жалтақтап жан-жағына сер салды. Қызығын-ай, теңіздің түнгі суреті бұрын көрмеген не байқамаған жанға шынында тамсандыратындай екен. Анаң қара, әр тұста шойын шылбырын бос тастап, қайырлап қалған кемелер теңіз төрінен қарауытып көрінеді. Бұрын өздері келе жатқан осы ақ шағылдан тым әріде иісі бұрқыраған көк майса пішендер нуы сыңсып, жайқалып тұратын. Ой, сол кездегі көк майсаның иісі-ай, қайықпен ық жағынан өткенде танауды жарып жіберердей бұрқырап қоя беретін. Құдды теңіз қалампыры дерсің.
Ол кез Көкесінің «озат балықшы» атанып, жігері мұқалмай қайратының тасып тұрған шағы еді ғой. Көкесі ауылдың басқа да бейнетқорларымен бірге жас қауылдырығы жалбырып-балбырып, айнала тіреліп тұратын сол-сонау жасыл әлемнен пішен оруға баратын. Олар кей-кейде ауылдың ойынға тоймайтын қарақайыс тентектерін де ілестіре кетер еді. Сол кезде осы Сұңқарлардың жарты есі бар, жарты есі жоқ еді-ау. Өздерін алыс ғасырда ғұмыр кешкен атайман пираттардан бір де кем санамайтын. Шеттерінен бір керемет. Балықшылардың қайығына жармасып теңізге шыққандарына мәз; ал үлкендер болса, бабымен желге қақтырып кептірген пішендерін шетінен бау-лап беріп тұрады; Сұңқарлар соны қайыққа тасып әлек, бірінің қабырғалары ыржың-тыржың етіп, бірінің тірсектері майысып мықшыңдасып жатқаны. Қарап тұрсаң – тірі күлкі. «Ой, жаужүрек «пираттарым-ай…»
Кейде Көкесіне еріп Саягүлдің де шабындыққа шығатыны бар. Бірақ Көкесі бұны жұмысқа жекпейді. Бар бітіретіні – пішеннің туырылған көк қауылдырығынан кеме жасап ойнау. Арасына ит тұмсығы батпастай қалың қаудың іші толайым ән салып тұрғандай болатын. Сәл леп шықса, сыңсып қоя береді. Жалықпай тыңдай бер сосын. Эх, бұл теңіздің сондай да бір кереметі болатын. Енді сол жерлерде жел тұрса болды, аспанға шырқап шыға келетін күлдей аппақ улы шаң бөгіп жатыр. Теңіз тартылған сайын ащы сортопырағы қалыңдап барады. Бәрінен бұрын, сол сортопырақ тірелген қалың қопалықтың тереңдегі балдай тәтті ақ майса сүйріктерін су астынан білдірмей аяусыз қырқып отаса, тас төбеден шақшиып шақырайған Күннің оттан бетер ыстығы теңіз бетіндегі қауылдырық біткенді теп-тегіс күйдіріп жіберді. Дәл осылай болғанын заманында теңіз сүзіп, енді бұл күнде амалдың жоғынан түйе бағуға көшкен Көкесі өкіне-өкіне айтып отырады. Енді «желсіз түнде жарық Айдың» жұмсақ нұры әлгіндей кем-кетікті білдірмей көле-гейлеп тұрғанын көрмейсің бе? Ертең күндіз, жарықта көрсең ғой бұл те-ңіздің ендігі сыйқын… – Саягүлдің көңілі біртүрлі қоңылтақсып Сұңқарға көз қиығымен жаутаңдап қарады.
Ол да ұзын сонар ой ағынын кешіп келе жатқандай екен. Жүрісінің қызығын. Аяғын ілгері-кейін толықсып басады. Ал екі көзі аспанда, құдды анау құжынаған жұлдыздардың есебіне жете алмай келе жатқандай. Балғын кеудесі тым асқақтап кетіпті. Осы түрі бала пішіндес бұлғақ бойына жарасса не дейсің. «Ой-ой, аспанға қадалып болар емес қой өзі…» – Саягүл ішінен күліп алды.
– Сұңқар?
– А-а.
– Не ойлап келесің?
– Сонау алысты. – Ол иегімен зеңгір көкті нұсқады. – Ол жақты да ойлау керек бізге...
Қыз оның нені меңзегенін түсінді. Талабың-ай, сенің… бар арманы – ғарышкер космонавт болу. Әлем таңғажайыптары жөнінде бұл оқымаған не қалды… оған Саягүлдің ойы жете бермейді. Анық білетіні – Ақниет ағайдың бұған деген сенімінде шек жоқ. «Тірі болса бір жерден шығады» – деп отырады. Ұлағатты жолдың сейісі ғой, мектепті биыл бітірген қырық қаралы баланың ішінен осы Сұңқар ғана алтын медальға ілігіп, жеке-дара көш басында тұр. Осы алған бетінен қайтпаса, тілегі жанып арманына жетер…
Кенет, Сұңқар әлденеден шошынғандай кілт тұра-ғап: – Ах, ана жұлдыз-дың жосылуын-ай! – деді дауысы жарықшақтанып. – Қарашы, қарашы, тұңғиықты тіліп өтті! Қайда байқаймын, ең-ең жарық жұлдыздар көбіне осылай ағып түсіп жатады. Сонысы несі екен…
– Құйрықты жұлдыз болмасын, – деді Саягүл.
– Қайдам…
Қыз көңіліне күні біткен жұлдыздар тынымсыз суылдап ағып түсіп жатқандай. Әне, тағы бірі… тағы да бірі ағып түсті. «Ал сен болсаң, ту-у алыстарға шығандап ұшуға құштарсың. Дүниенің қайда беймәлім тұңғиы-ғына жетуді аңсайсың. Бірақ… сол арманға жету… оңай деген… Ендігі жерде алдымызда бізді нендей жайлар тосып тұр екен. Соны білсек-ау… Сен алысқа асқақтап қарайсың, ал менің жүрегім секемшіл… сенсең бар ғой, жұғын іздеп қаңғалақтаған шыбыннан да қорқамын… Мынау жер бетіндегінің бәріне, жандыға да, жансызға да ізгілік нұры қандай қажет болып тұр десеңші…»
Жатса-тұрса ойынан бір кетпейтін, кейде кәдімгідей түсіне еніп, аян беріп жүретін аяулы Ақынның бір толғауы қыз санасында тулап, тіл ұшына орала кеткені. Саягүл дұға оқығандай қыстыға егіліп, елжіреді.
«Жапырақ – жүрек, жас қайың!
Жанымды айырбастайын.
Сен Адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын,
Келісесің бе, жас қайың?
Жапырақ – жүрек, жас қайың!
Өміріңді маған бір берші,
Дүрбелең мына дүниені,
Адам көзімен бір көрші…
…Жапырақ – жүрек, жас қайың!
Бар-жоғы менде бір жүрек,
Ол өлсе мәңгі кеткенім.
Сендегі семсе мың жүрек,
Келгенде жасыл көктемің,
Тірілер қайта дүркіреп…
Жапырақ – жүрек, жас қайың!
Жанымызды айырбастайық?
Адам боп жүрсең қасқайып,
Қайың боп тұрам қасқиып,
Тәуекел, айырбастайық…» – Қыз Сұңқарды құшақтай-ап… солқылдап жылап жіберді.
– Өй, Сая… Сая дейім, саған не болды?! Неге жыладың, а? Неге жыладың?! – Қалбалақтаған Сұңқар қызды қанатының астына алып, шашы-нан сыйпалай берді. – Неге жыладың деймін, а?!
– Жылағым келді… жыладым да… – Саягүл солыған әбден басып болғасын барып тіл қатты. – Ойыма әр нәрсе түсе береді. Өзің ойлашы, күллі әлемнің көз алдында суалып бара жатқан анау ұлы теңіздің қасында… осы біз кімбіз дейім-ау…
– Сая, жүрейікші ілгері, теңізге апарайын. Теңіз суына көз жасыңды жушы, – Сұңқар қызды жетелеп ілгері жылжыды.
Ол екеуі ақ маңдай Ай астында қол ұстасып қатар келеді. Туған жердің топырағына айнымай түскен іздері осы қазір қосылып кетіп, артынша аралары алшақ тартып ажырайды; енді бір сәтте қайта жақындап кеп қатар түзейді…
Ол екеуі жарқыраған Ай астында қол ұстасып қатар келеді. Ақ түннің нәзік сәулесінде қалқыған көлеңкелері осы қазір бірігіп кетіп, артынша екі айырылады; енді бір сәтте қайтадан тоғысып біріге қалады…
Бұл бір балбыраған сары уыз сәби түн еді.
Саягүл теңіздің сор татыған ащы суына көз жасын жуды…
(соңы)
А.СӘДІБЕКҰЛЫ,
жазушы