БАЛ АЙЫ
Апыр-ай, ақ толқының ерке неткен,
Сүйсе мәз шолпылдатып бөрте беттен.
Қайтейін мінезіңді қайран теңіз,
Төсінде мың тентегін еркелеткен…
Зейнолла ШҮКІРОВ
І.
Сарша тамыздың тағы бір тамылжыған тәтті түні…
Үйлену тойларының өткеніне үшінші апта енді басталған. Екеуі де осы ауылдың бір-бір еркесі, кәдімгі біз білетін Аққұмның алтын айдарлы ұлы мен күміс сырғалы қызы. Ұлдың аты Бағылан, қыздың есімі Балбөбек. Бір топырақтан жаралғанымен екеуін Қызылқаланың думанды кештері мен тылсым түндері табыстырып еді…
Бағылан таң азанымен теңізге шығып кетеді. Содан күн зауал ауа асығып оралады жібек желекті келіншегіне. Ал басқа балықшылар ауылға кейде апталап қайырыла алмайды, олар теңіз малының қарасы қай атыраптан қылаң берсе, сол маңайға қостанып жатып аулайды. Балбөбек болса жалғыз өзі даңғыраған үш бөлмелі тамға симай зерігеді. Тамыздың мынау талмаураған ұзақты күні өтіп болмайды-ау, өтіп болмайды. Үйде істейтін жұмыс жоқ. Қолы алдына симайды. Айналдырған үш бөлмені қашанғы «жалай» берсін. Бұл үш бөлмені кемпір-шалдың қожалақ кір-қоңысынан алғашқы аптада арылтып алған. Үй ішін үш қайтара әктеп әйнектей жалтыратып, сәулелен-діріп қойды. Екеуінің некелі меншігіндегі бөлмеге қайын апасы құрып берген ақ жібек шымылдық құдды ғайыптан ұшып келіп қонақтаған жұбай аққудың мекені ме дерсіз. Бұған дейін бұл үйдің ішінен ыс иісі мүңкіп тұратын. Енді жиырма жасына биыл іліккен келіншектің кісіні еріксіз елітетін жұпар лебі кернеп тұратын болған.
Шаңырақ иесінің келешегіне деп ата-енесінің басын құраған бірді-екілі мал-тегесі өрісте. Ұлы теңіздің оңаша бір қойнауы – Өндір деген жерді өздеріндей тілеуқор кейуаналар қаз-қатар жайлап отыр. Осыдан жаяу адамға бір күншілік жер. Келін түсіру тойын өткізіп, молдаға құпиялап некесін қиғызғаннан кейін екеуін оңаша қалдырып жаз жайлауына кеткен. Осыдан қара күзге дейін сонда болады. Қатынаушылардан керімсал иісі бұрқыраған қымыран шұбатын үзбей қатынатып тұр.
Екеуі махаббат қызығына мас. Әл-әзір бірін бірі құшып, сүйіп тояр емес. Балбөбегі еркелеп тоймайды, Бағыланы аймалап тоймайды. Бауырынан жараған жігіттің әрі ісі асығыс. Ұйқысы бөлініп кетсе болды, ояна сала келіншегін аймалап тоятқұмар қыранша түлейді. Теңіз төрінен келіншегіне жеткенше тағаты қалмайды. Ауға түскен олжасын таразыға тапсырып құтылысымен моторлы қайығын ауылға қарай жұлдыздай ағызады. Жиекке жетіп, қара жерге табаны тиісімен келіншегіне жеткенше сәйгүлікше жорытады.
Үйге келуіне апыл-ғұпыл жуынады. Сосын әуелі келіншегін құшырлана құшақтап, деміне тұншыққанша құшағынан босатпай тұрып алады. Дайын дастарханға сосын отырады. Баяғы бала күнінен шайға зауқы жоқ еді. Сол әдет – шайды бір-екі пиаладан асырмайды. Балбөбегі буын бұрқыратып алдына қойған қуырдақты нанмен қоса қарбытып асап, қарынға ел қондырып алғасын: «Мен болдым» – дейді. «Болсаң ас қайырсай» – дейді келіншегі демі жиілеп. Бағылан әкесінен құлағында қалған батаны ілкіде есіне түсіре алмай іркіліп барып: «Бақ қарасын, қыдыр дарысын. Отымыздың басы аман болсын. Дәметкен әруақтарға тие берсін...» – дейді де, алақанын жайған қалпында кідіріп қалады. Балбөбегі: «Болғаны осы ма?» – деп төгіле күледі. Бағылан да мырс етіп күледі де: «Осы айтқандарым қабыл болсын!» – деп бетін сипайды. Оған еріп келіншегі де бетін сипайды «әумин» деп.
Міне, күндегі дағдылары осы.
Бағыланы сабырдан айырылған, ісінің бәрі шалт. Астың батасын қайыра сала атып тұрып сыртқы есіктің ілмешегін іліп келеді. Балбөбегі шайға қататын сүтті сарайға апарып, есігін жауып, енді дастарханды жинауға беттей бергенде Бағылан келіншегінің білегінен қысып ұстап некелі төсегіне қарай дедектетіп ала жөнеледі.
– Масқара-а, түн болсын да... – дейді Балбөбегі бұлқынып.
– Түн болғанша қалай шыдайым...
– Қойшы, шыдауға болады ғой...
– Маған болмайды, білдің бе-е... – дейді Бағыланы алқынып.
– И-и, қойшы, ұяламын, – дейді Балбөбегінің демі жиілеп.
– Күнде-күнде ұяла бересің бе?
– Енді... тал түсте...
– Қайдағы тал түс, күн қазір-ақ батады.
– Біреу келіп қалса қайтеміз, ұят емес пе?
– Келмейді.
– Бағылан-н, қолыңды тартшы... Өзім-м...
– Көмектесейін десем...
– Ы-ы... қарамашы...
– Ал қарамайын...
– Ы-ы... көзіңді жұмсай...
– Ал жұмдым...
– Ту-у-у, басым айналып кетті ғой...
– Болдың ба-а?
– Иә-ә...
– Иә деген үніңнен...
– Сосын?
– Балбыраған тамағыңнан...
– Сосын?
– Оттай ыстық құшағыңнан...
– Ы-ы... грушамды ауыртып жібердің...
– Грушаңнан сенің-ң...
– Ы-ы-а-а...
Күндегі «жаттығулары» осы. Балбөбегінің елжіреген үні, Бағыланның алқынған демі сусылдаған ақ жібек шымылдықты кернеп кетеді. «Марту басқыр бәле-мәтер келініме жоламасын» – деп енесі шымылдықтың төрт бұрышына қадаған төрт тал үкі билеп береді.
Ес жоқ екеуінде. Дастархан жинаусыз жатыр...
* * *
...Содан кейін екеуі жібек шымылдық ішінде, кіршіксіз ақ төсектің үстінде Аққұм елі қашан түн жамылып, Ай көтерілгенше бар дүниені ұмыттырып балбыратқан балдай тәтті ұйқыны соғады.
Жұлдыздар жыпырласып жымыңдасты. Он төртінде толған Ай бүгін де толықсып тұрды. Тамыздың тамылжыған тәтті түні сол Ай нұрына бөгіп жым-жырт мүлгиді. Сонау сол ақ жұмыр Айдың жұмсақ сүт ағын сәулесі әдеттегідей алдымен Балбөбекті аймалайды. Бұл бір ғажап. Кейде одан да өткен бір тылсым құбылыстың белгі беретіні бар.
Бүгін сондай бір сәт тағы оралды. Сонау қиырдағы ғарыш тұңғиығынан саулаған ақ мұнар сәуле көлбей шаншыла құйылып келіп Балбөбектің лүп-лүп тыныстап жатқан жүрегіне қонақтады. Құдды балғын денеге нұр болып құйылып жатқандай.
Ғарыштан құйылатын осы тылсым сәуле Балбөбекке қыз күнінен үйір болып еді. Бұл жолы келіншектің балбыраған уыз денесін қыдыра аяалдап аялады. Ұзақ аялдады. Содан бір сәтте... о, құдірет... мына жұмбақ сәуленің ғажап нұры Балбөбектің жалаңаштанып қалған денесі үстінде үлбіреген қырық шыраққа бөлініп, бөлініп жанып тұрды. Оны бірақ ұйқыдағы ару сезбеді.
Балбөбек мынау ғажайып құбылысты қыз күнінде де сезген емес. Кейбір кезде қыз төсегін білдірмей тауып, сездірмей аялайтын сол тылсым нұр енді ақ жібек желекті келіншектің қырық шырағына айналыпты. Балбөбек ақ жүзіне ұялаған Ай сәулесінен оянайын деді. Рахаттана керіліп көзін аша бергені, үлбіреген қырық шырағы ғайып болды.
Көзін ашқанда өң мен түстің мұнарында манаураған бір халде еді. Осылай оянғанда әуелі «мама» деп бір қыңқылдайтын да, сол бойы ұйықтап кететін. Осы жолы да мамалап оянды. Бірақ айналып-толғанып тіл қатқан жан болмады. Жым-жырт. Сонда ғана өзінің қай ауылда, қандай төсекте, кімнің қасында жатқаны есіне түсті. Басын жастықтан жұлып алды. Жанында Бағыланы, ол тұмсығын жастығына тығып етпетінен, бұл шалқасынан... ашылып-шашылып қалыпты. Ұят-ай, – деді өзіне өзі сыбырлап, – не істе-генбіз...
Жармалы жібек халатын жылдам киініп ала қойды. Сосын мықынына төгілген қолаң шашын жөндеп, тел қиық жібек орамалмен тұйықтап тастады. Сосын:
– Бағылан-н дейім, тұршы, – деп қыңқылдай бастады.
Келіншегінің қыңқылымен шашы дудырап ол да оянды. Кәдімгі ілкідегі өң мен түс.
Ақ шымылдық ішінде біріне бірі қарап біруақ отырды. Сосын:
– Жаным-м... – деді Бағыланы ынтығып.
– Не-е дейсің... – деді Балбөбегі сыбырлап.
– Түн болыпты ғой, келші-і... – деді ері ентігіп.
– Әуелі суға шомылып келейікші, – деді келіншегі дауысы дірілдеп...
* * *
Теңіз айдыны Ай астында жарқырап жатыр. Екеуі жиектен әрі ұзамайды. Бағыланы ұзайын десе, Балбөбегі тыпыршып жібермейді. Күндіз емес, түнде тереңге құлаш ұрудан қорқады. Келіншегінің ай дидарлы жүзін өзіне қаратып құшағына алады да, жағалаудағы ақ қайраңда қалқып жүзеді. Теңіздің қойыны түнемелік жып-жылы, жанға жайлы келеді. Күні бойы теңіз жалдап жүретін Бағылан осы ақ қайраңға Балбөбегі үшін келеді. Ол теңізге сұлу денесін жарқыратып күндіз түсуге ел көзінен қымсынады. Сондықтан келін-шегін түнемелік осылай оңаша шомылдырып қайтады.
Ай сәулелі айдында құшақтасқан екеуі жұбай аққудай, бірі біріне еркелеп жүзіп жүр. Екеуінің тынысы бірге соғады, қос жүрек жарыса лүпілдейді. Алысырақта, Ай нүры астында бауыры жарқырап балықтар шолп-шолп секіреді. Күндіз де, түнде де, осылай шолп-шолп секіріп шіркей аулайды. Аспан ашық, самсаған сансыз жұлдыздар көзді арбайды. Аққүмның ақ түні жан тербейді.
– Бағылан-н... – деді Балбөбегі сыбырлап.
– Не дейсің жаным... – деді Бағыланы елжіреп.
– Теңіздің рахаты-ай... сүйші...
Екеуі құшақтаса жүзіп жүріп ұзақ аймаласты.
– Біз қандай бақыттымыз, теңізде туған-н.. – деді Балбөбегі үздігіп.
– Жақсы ма?
– Жақсы-ы. Саған ше?
– Маған да... теңіз жердің жұмағы ғой, жаным... – Екеуі тағы да аймаласты. Бағыланы:
– Жақсы ма? – деді тағы да алқынып.
– Жақсы-ы... – деді Балбөбегі талықсып. – Үйге қайтайықшы, үйқым келді...
– Айтсаң болды ғой.. – Бағылан келіншегін судан көтеріп алып жағалаудан бір-ақ шығарды. Сосын суын шала сықтырып, жүре киіндіріп, қолынан жетелей жөнелді.
– Жай жүрсей... – деді бүлкілдеп жүгірсе де жігітінің адымына ере алмай ентіге бастаған Балбөбегі.
– Онда, кел, арқама мін! – Тізесін бүгіп отыра берген Бағыланның арқа-сына Балбөбегі жығыла кетті. Келіншегін балаша арқалап алған ол бүлкіл желіске салып келе жатып:
– Жақсы ма? – деді мойнын бұрып.
– Жақсы-ы... – деп арқасына жабыса түсті Балбөбегі. Бағыланы сол сау желісінен жаңылмай жорытып келіп үйіне жанастыра қалқитқан қамыс қақыраның есігі алдына бір-ақ тоқтады. Күндегі дағдысымен екеуі үндемей отырып шұбат ішіп алғасын Бағылан суға түсуге кетерде жазғы сарайдың ішіне келіншегі құрып кеткен марлы масаханадағы төсегіне бас қойды. Ерте тұруы, ертелетіп ауына кетуі керек. Балбөбегі енесінің ақылын ұғып алған. «Үйде шымылдықтың, жазғы қақырада масахананың ішіне жатыңдар. Жайдақ жатпаңдар. Желегі желбіреген келіншекті түнде жын мен ібіліс аңдиды» – деп тапсырып кеткен. Түнемелік үйдің іші қапырық тартады. Жазғы сарай салқын. Рахат! Сол рахатта Бағылан жатыр келіншегін күтіп. Әрі аунады, бері аунады. Балбөбегі келе қоймады. Осы енді, күйбеңдеп жүріп алады. Бас жағындағы будильник сағат тықылдап, ол да бір дегібірін алып барады.
Уһ... Балбөбегі де келді-ау түн киетін ақ жібек дүриясы сусылдап.
– Келші жаным-м...
– Ы-ы… Грушамды ауыртпашы...
– Грушаңнан айналайын...
Төсектерінің астына төсеген қамыс шиге жан бітті. Сытыр-сытыр... сытыр-сытыр... Балбөбегінің талмаураған үні, Бағыланының алқынған демі. Марлы масахананың төрт бұрышындағы төрт тал үкі билеп берді...
* * *
Шым-шымдап білінген таң рауаны қиыр көкжиектің сусыған шымыл-дығын ақырын, ақырын желпіп жібергендей болып еді, кешіккен жұлдыздар сиреп сала берді. Мұздай көктің сол күлімкөз маржандары әр тұстан бір мөлтілдеп әлсіздеу көз үйіреді. Дүн–дүние өң мен түстің құшағында балқып тұр.
Жас отаудың жұдырықтай сағаты тәтті ұйқысынан шошып оянған сәбидей шырылдап қоя берді.
– Аһ-а! – Бағылан басын жастығынан жұлып алды. Ұмсынып Балбөбегіне еңкейді. Жатысын-ай, басы жастығынан төмен сырғып кетіпті. Мең қадаған оң миығында сүйкімді күлкі табы үйіріліп қалыпты. О, құдірет, таң алдындағы тамылжыған тыныштықта, ақ масахана ішінде, кіршіксіз ақ төсектің үстінде табиғаттың бір таңғажайып жаратылысы жатыр ақ сазандай жарқырып. Асау жүректі талықтырар мынадай сұлулықтан жігіттің көзі тұнып, қаны басына тепті. Таңалды тәтті ұйқыға елітіп жатқан келіншегінің қос анарын құшыр-лана өпті.
– Мама-а...— Балбөбек оянып кетті.
– Қап, оятып алдым-ау... Жата бер, мен кеттім.
– Бағылан-н...
– Ол не-е?
– Мені де ала кетші.
– Шын-ә?
– Шын емей... — Балбөбек тұруға ыңғайлана берді.
– Ұшан теңізде не бар саған. Онан да тып-тыныш үйде, жайлы төсекте ұйқы сериясын жалғастырып жата бермейсің бе? Мен болсам сөйтер едім.
– Үйде жата-жата жалықтым. Қасыңнан қалдырмашы, – Балбобек шындап киіне бастады.
– Еркелесең де, ерікпеші. Құдайдың осы қапырық ыстығында саған су жағалатқаным елден ұятты...
– Сенен жаным артық па? Мен де барамын.
– Бармайсың. Айттым – болды. Не бітіресің барып?
– Саған көмектесемін, ау қарасамын.
– Ой-хай деген! Қолғанатқа жарып қалатын болдым-ау! – Бағылан қақыра сарайдың төбесін көтере күлді. – Білесің бе, сені ауға алып барғанымды есітсе, енеңнің сазайымды қалай беретінін...
Бағылан Балбөбегін үйде қалуға әрең көндірді. Үйінен қашып шық-қандай болып кетті теңізге.
II.
Айдын бетін айқара тіліп құстай ұшқан моторлы қайық сол зымы-рауымен шалқар теңізді қүйындатып келіп жағалауға ытырыла ырғып тұмсық тіреді. Бұл ауын қарап, балығын өткізіп оралған Бағылан еді. Қайық тұмсығы жағалауға қайқая асылғанда, соңынан қақ жарыла ілескен толқын-дар жарыса жамырай шапшып, қайта шегініп, тағы да ілгері-кейін толқи теңселіп, теңселіп, ақыры жуасып басылды. Бағылан ырғып жағалауға шық-ты. Аққұмның сусыған ақ құмы әбден пісіп бабына келген екен, ыстығы табанын қарып, күйдіріп барады.
– О-о... – Бағылан бір оң аяғымен, бір сол аяғымен алма-кезек секіріп, секіріп тұр.
Тас төбеде Күн қазаны балқыған. Ұшы-қиыры көз талдыратын кең дүниені сағым толқындары буып, сарша тамыздың талма түскі жалыны орап алған. Айнала жер беті де, теңіз айдыны да түгел жыбырлап, бұлыңдаған сағым толқындар тынымсыз тулап, дөңбекшіп жатыр. Теңіздің мінезі де алакүлік, алдыңғы күні жынын қоздырып шулады, тулады, ал бүгін тылсым тыныштыққа ұйып момақанси қалыпты. Айнадай жалтыраған айдын шалқар-дың салқын лебі ашық аңғардан лекітіп, лекітіп өтеді де, кілт ішін тартып тына қалады. Теңіз де, құрлық та жым-жырт, тілсіз тынып жатыр. Құм жоталардың қызуы Бағыланды пысынатып жіберді. Жартылай жалаңаш денесі қола түстеніп күйген. Бұтындағы балағы шолақ шалбарын қайығына атып ұрды да, ақ қайраңды атша лайлап шауып барып, тереңге сүңгіп кетті.
Сол шым батқаннан әудем жерден қарайып басы көрінді. Теңізде туған балықшының баласы айдын төсінде аса еркін, ұлы аңғардың өріне қарай алып жайындай жосыла жүзді. Қос құлашын алма-кезек аршындап ұрған сайын ілгері созыла жеңіл ытқиды. Бір шама осылай құлаш ұрып айызын қандырып алғаннан кейін айдын бетінде шалқасынан жатып тербеле қалқыды. Талма түсте шаншылған Күн шапағының сансыз сынық сәулелері денесін қыдыра қытықтап, жан дүниесіне шым-шым сіңді. Тұла бойы түгел шы-мырлап, көзіне ұйқы тығылайын деді. Бір жанға жайлы тылсым дүние әлеміне батып бара жатқандай күйге енді.
Осылай рахат дүниесінде манаурап жатқанында, кенет әкесінің: «Қырық күн шілде мен отыз күн тамыздың ыстығында беті ашық суға тал түсте түсу-ге болмайды. Ыстығы ішке кетеді» – деп бала күнінен құлағына құйған ескертуі есіне түсіп, тулаған балықтай бір бұлқынып серпілді де, құлашын керіп жүзе жөнелді.
Жағалаудағы ақ қайраңның шетіне табаны тигенде күрең торы жорғасын желдіртіп жеткен басқарманы көрді. Ол ат үстінде, бұл суда тұрып:
– Ассалаумаәликүм! – деді.
– Ә-ә, Сәкем баласымысың. Ә-ә, Бағыланжан-н, келіннің құшағы ыстық-ау. Қайда көрем, судан көрем... — деп ыңыранды Байтас басқарма жұмбақ жымиып. — Келіннің тұла бойы толған рахат қой, ә?
Бағылан құлағының ұшына дейін қызарды.
Байтас басқарма: – Лахат, лахат... – деп тамсанды. Р әрпін әдейі жұтып. Атынан түсіп шешінді. – Мына Күн шыбын жанды қуырып барады ғой, ыстық басып алайын-н...
Байекеңнің суға түскені қызық екен. Гүмп-гүмп сүңгіген сайын айғырдай оқыранады. Бағыланды жұмсап күрең жорғаны суға жалдатып алды. Бұл мақұлық та танауы пырылдап оқыранды. Байекең Бағыланға ақ қайраңның құмымен арқасын ыстырды. Өзі де денесін қолының жеткен жеріне дейін уыс-уыс құммен ысып құнжыңдады. Суы сорғалаған ыспа құм суға шолп-шолп тамады, Байекең гүмп-гүпм сүңгиді. Бағылан оның арқасын құммен егеп ысқан сайын: – Аһ, аһ! Жан-ай! – деп болар емес. – Қышуын қандыршы, құл-дығым. Бір қабат кір осымен-ақ кетеді. Апаңа как огурчик барайын. Таң алдында таңғы самалмен таңынан тартамын ғой...
– Оныңызда менің шаруам қанша?
– Ә-ә, Бағылан-жан, шаруаның зоры сол. Біз қызығымызды баяғыда бастасақ, сендер енді кірістіңдер. Осы күні осы ауылда бар рахатты келін екеуің көріп жатқан жоқсыңдар ма?
Бағылан: «Сіздің қызыңыз да Қырымда рахатты көріп жатқан шығар?» – деуге оқталып еді, құрсын ұятты, көңіліне келер деп іркіліп іштен тынды.
– Осы, Бағылан-жан, сенің жасың нешеде?
– Жиырмада.
– Келіннің ше?
– Ол да жиырмада.
– Ә-ә, келінмен құрдаспын де. Мен сенің апаңнан он жас үлкенмін. Құдайдың берген қуаты, қызығымыз әлі басылған жоқ. Сендерге қайда-а әлі. Келін сұлу ғой. Жақсы бала! Сондай сауырлы сұлуды сен үшін туған боқан-дардың атасына рахмет! Алты ай мінгенде арымайтын сенің апаңды мен үшін туған дүйсемдердің атасына рахмет!
Бағылан мырс етіп күліп жіберді. Байекеңнің жаратылысы осы, жүрген жері әзіл-қалжың. Ауылдағы нөмірі бірінші бастық болғасын ауыз өзімдікі дей ме, көкейін түрткен сөзді ірікпейді. «Байтас айтқыш» деген атағы да бар.
– Бағылан-жан, біріне қыз беріп, бірінен қыз алған нағашылы-жиенді ауылмыз ғой. Сен маған әрі жиен, әрі балдыз боласың. Сосын ғой, өзімсініп қайдағы-жайдағыны айта беретінім. Ал, қайтайық. Мен апаңа, сен келінге...
– Байеке, өткенде ауданға бюроға барып келдіңіз ғой. Құлағыңызға тиген жоқ па? – деді Бағылан жиекке қарай су кешіп келе жатып. – Арал теңізін құрғатып, ұлтанына күріш егеді деген не сөз?
– Оттапты! – деді Байекең аблығып. – Ол не, құрғай қалатын шалшық су ма? Теңізді құрғатпаққа көтіне бақсын. Оны кімнен есітіп жүрсің?
– Есіткенім жоқ. Газеттен оқыдым. Бір атақты ғалым жазыпты.
– Сол ғалымыңа айта бар. Басты ауыртпасын. Ол кім өзі, теңізді құрғатып, мындағы елді шөлге қамайтындай? Ата-бабасы күріштің ботқасына жарымай аштан өлген неме шығар. Теңіз деген қара жердің жаны емес пе, мына пәни дүниенің пейіші емес пе? Теңізді құрғатып мындағы халықты қыра ма?! Сен оны атақты ғалым дейсің. Теңізді жоқ еткісі келетін ол көксоққан, халықтың жауы болып жүрмесін. Ол қандай газет ғалым атын жамылып жүрген қырттың ауызын қайшылатып қойған. «Ит жоқта шошқа үреді» деп...
– «Правда» газеті.
– «Правда-а-а»?! Ойпырмай не дейт...
– Иә, «Правдаға» шығыпты.
– Қүдая тоба... Мен сол газеттен шошимын. Бағыланжан-н, ол газет бізді талай шошытқан... – Байекеңнің қабағы түксиіп, ұрты салбырап кетті…
Әзіл-қалжыңы сап тынған Байекең жорғасына қонжиып алғасын артына қайырылып: – Бағыланжан, атаң қазақ: «Атыңа сенбе түгі бар, қатыныңа сенбе жігі бар» – деген. Менің саған айтар ағалық ақылым: келіннің борбайын құрғатпа, құрғаттың болды, олар жан-жағына қарай бастайтын халық. Көзінің отын осы бастан алатын бол! – деп жорғаның жүгенін бір сілкіп ілгері ұмсына берді.
– Нағашы-еке, өткенде осы ақылыңызды күйеу балаңызға да айттыңыз ба? – деп дауыстады Бағылан құмның ыстығынан қорғайтын жеңіл тапышкесін тепкілеп киіп тұрып.
– А как же! — деді ілкіде ер көңілді Байекең тізгінін кілт тежеп. Сосын Бағыланға еңсеріле бұрылып қамшысын безеді. – Ә-ә, қу бала, сен мені қатырдың. Күйеу балалы болғаным есімнен шығып кетіпті ғой. О бала бірақ сендей емес, нәкерлеу ме дейім...
– Неге? Боксер ғой.
– Солай ма? Құрсын, қайдам, әйтеуір Алла абырой берсін... – Байекең енді кідірмеді, жорғасын қос өкпелігінен тебініп жіберіп тайпалта жөнелді.
– О, паң көтен! Тапсырмасының түрін... – Бағылан мәз, әрі жезде, әрі нағашы болып келетін басқармаға қатырып бір «гол» салғанына.
Аққұмдықтар Байекеңе «Паң көтен» деп ат қойған. Басқарманың «паң көтен» атанғанына Бағыланның «ақылы жетпей» таң қалып жүретін. Ел ішінің неге олай дейтініне өткенде Байекең қызын ұзатқанда көзі жетті. «Паң көтен» десе, дегендей екен. Басқарма ауылды да, ауданды да, облысты да олқысынып, қызы Қызылгүлдің он жылдығын Алматыда – туған нағашы ағасының қамқорлығында оқытты. Одан Қызылгүл Ресейдің мәдениет институтына түскен екен. Екінші жылын бітіруіне күйеу тауып ала қойыпты. Қызылгүл өл деген әнші, өл деген биші болыпты. Бірақ бір ауыз қазақтың әнін білмейді, орындайтын әндері орысша мен шетелше, биі түрліше. Ұзатылу тойында ауылдастарына жартылай жалаңаш денесін ойнатып, кіндігін көрсетіп, бөксесін бүлкілдетіп, бүкіл денесін селкілдетіп билеп бір бергенде бойдақ байғұстарда ес қалмады.
Онысын қойшы, өнерге бейім жаратылған бала ғой. Бұл Бағылан білмейді екен, қызықтың көкесін Байекең көрсетті. Той дастарханын жасарда «жаңалық» ашты.
– Дастарханымыз неше метр болады? – деді сыбайластарына.
– Дастарханды кім өлшеп көріпті...
– Тойға шақырылғандар бір шеті Мәскеу, бір шеті Алматы арасынан жиналады... – деп паңқыды Байекең. – Қызылгүлімнің дастарханы елу бес метрден кем болмасын! Дәулетім жетеді!
– Дәулетіңіздің жететінін білеміз ғой. Бірақ...
– Не бірақ? Мен Алматыда курортта болғанымда бір жесір қатынның келін түсірген тойын көргем, қырық бес метр дастархан жайды. Аққұмның елі, немене, біз жесір қатын құрлы жоқпыз ба?
Аққұмның елі Алласы «жарытып бере салған» басқармасына не десін, той өзінікі, айтты ма, орыңдалады. Теріс айнала бере: «Бұл Паң көтеннен шығады, аулаған балығымызды қойып, дастарханымызға дейін өлшеп жүргені ме...» – деп күңкілдесті.
Күңкілдесе берсін, Байекең айтқанынан қайтқан жоқ. Шашылды. «Қатын-бала қамы үшін» деп жиған-тергенін ортаға салды. Дүрілдеп той өтті. Бұл бір Аққұмның елі бұрын өңдері тұрғай түстерінде де көрмеген той болды. Байекең қонақтары мен құдаларына теңіздің алабұғасынан бастап бекіре, қаязына дейінгі барлық түрінің дәмін татқызды: астырды, қуыртты, балықтан котлет, түшпара, пельмен, шашылық, қарма жасаттырды. Байекең айта алмасын ба, құдалары мен қонақтарының құлақ құрышын да қандырды. Балықшылардың екі шағын кемесі мен он шақты моторлы қайығы «Мәскеу – Алматы арасынан» жиналған құрметтілердің қызметіне жегілді. Бағылан күйеу жігітті қалыңдығымен, қыз жолдас пен күйеу жолдасты, еріп келген курстас және екі жұпты өзінің қайығымен алып жүрді. Шала қазақтардың қызығына батты. Бұларда ұялу, қымсыну деген болмайды екен, бәрі ашық...
Байекең қонақтарын шығарып салғасын құдаларын теңіздің оңаша қойнаулары мен ашық аңғарларындағы Айдарлы қырға, Домалақтың ба-сатына, Саршаның ақ құмашағына, Қаратөс шыңының салқын сабатты кө-леңкесіне қос-қосынан киіз үй, палатка тіктіріп, бір-бір күннен түнеттіріп, бір жеті демалдырды. Өзі мәз, құдалар дән риза. Соңында қосылған қос ғашықты бал айын өткізуге Қырымға аттандырды. Үлкен тойлары Қырымнан келгесін Алматыда өткізілетін болып шешілді. Аққұмдықтардың сондағы ішектерін тартып гүпілдескендерін айт. «А-құ-да-ай, бал айы дегені де болады екен-ау...» – деп дуылдасты.
Осындай ой жетегінде қатты аяңдап келе жатқан Бағылан үйіне жақындап та қалған еді. Қора көлеңкесінде Балбөбегі тұр екен мұны күтіп. Қолын бұлғады. Бұл да қолын бұлғады асыға адымдай түсіп...
III.
Теңіздің кейде қапы соқтыратыны бар. Алдыңғы күні Арқа беттен аласапыран дауыл соғып, балықшыларды әбден әбігерге салды. Ақ дауылдың жынын шашып сабалаған алағай-бұлағайынан ау біткен арқаннан бетер есіліп қалыпты. Енді Бағыланның кешеден бергі отырысы мынау шатысқан ауларының шетіне шыға алмай. Аудың шатысқанын жазудан өткен азап жоқ. Өнбейтін жұмыс. Шатысқан ауды жазу жаңа үйленген жігіттің қолы емес, бұған ерінбейтін бір шалды отырғызып қойса, қатып кетер еді. Бағылан әрбір тартым аудың шатысын жазып болуына торға жұғып қатып қалған лайдың татын тазалау үшін ақ қайраңның тұнығына салып шайқап-шайқап алады да, қайығының түреніне тиейді. Күні бойғы әлегі осы – жүйкеге тиетін машақат. Тазартып болғасын, ойы бүгінгі кеште Қаратөс шыңының тұмсығы астына сұғынып кеткен ұшан теңізді өрлетіп ау түнету еді. Үлгіретіндей сыңайы бар-ау шамасы. Ол мезгіл қай уақыт болды екен дегендей Аққұмның батыс көкжиегіне көз тікті. Күн кештетіп қалыпты-ау!
Ойында және Балбөбегі. Ендігі шамада мұның жол азығын әкеліп те қалар. Ол келісімен түнгі теңіз төріне тартып кетпек. Сонау алаулаған Күн астына әлсін-әлсін назар жығып алады. Қимылын шалттата түсті. Біраз машақатпен ау-құралдарын қайығына тиеп те болды. Сосын қайықтың қара құсына қонжиып отырып алып, «қойын кітабын» парақтай бастады. Бұл таразыға тапсырған табысын түртіп жүрген блокноты еді. Бұрынғыларына бүгінгі күнгісін «плюс» деп тіркеп қойды. Бәрін есептеп, жиынтығын шығарып болғасын ысқырып жіберді.
– Аз болса жатсын!
Көңілі тоқ. Жоспар шамаласып қалыпты. «План, план!» – деді сосын Байекеңнің мақамына салып. Басқарманы аудандағылар бюроға шақырып тұрады. Қоржын-қолабасын нөкеріне арқалатып Байекең кетеді. Кейде паңқып, кейде қабағы қатулы келеді бюродан. Ондайда балықшыларды жинап алып: «План! План!» – деп столын сабалайтыны бар. Бұл Бағылан үйлене-рінің алдында Балбөбегін мына тұрған Ақтөбедегі нағашы жұртына танысты-рып, әрі қыдыртып қайтқысы келген. Байекең жібімеді: «Бала, басымды көп қатырма. Маған план керек, план! Білдің бе?» – деп онда да столын бір сабалап алған.
– Соңыра абыржының уақытында болмаса, ық етуге хал жоқ! – деп келтесінен кесті.
Ал абыржының кезінде Балбөбегін мектеп босатпайды. Не деген қиғаш тірлік десеңші... – Бағылан өңешін созьш Балбөбегі келетін жолға қарады. Көз ұшындағының бәрін сылаңдаған сағым толқындары көтеріп, дірілдетіп тұр. «Япырмай, Күннің қызуы басылса да аптабы басылмайтын бұл неғылған ыстық» – деп ыңылдады. Балбөбегін ойына алғанда ән салғысы келетін әдеті. Не басталуы, не аяқталуы белгісіз бір көңілді ыңылға басты. О, әне, өзі де көрінді! Құмырсқабелденген бойын сағым буы биіктетіп жіберген. Талдырмаш денесіне құйыла қалатын көгілдір көйлегінің етегі көлбеңдеп, жағалаудағы шалшық суды жалаң аяғымен ойнап басып келеді. Бүгінгі таңда екеуі тағы «шекісті». Ұйқыға бас қоярда бұл оны теңізге алып шықпақшы болып алдарқатады. Таңертең берген «сертінен жаңылысып» тұрады. Сонымен бұл мәселенің «өте қиын шаруаға» айналып түрғаны.
Екі көзі келіншегінде. Іші-бауыры елжіреп аяп отыр. Өзі еркек кіндіктен жалғыз болғандықтан әке-шешесін ертерек асырағысы келіп жетінші класты бітіруіне Қызылқаланың құрылыс техникумына түскен-ді. Не ойлағанын өзі біледі, оқуын Балбөбек те сол Қызылқаланың бірыңғай қыздар оқитын педучилищесінде жалғастырды. Оқуды бітіретін жылы орталық кітапханада өткен қала жастарының махаббат туралы дискуссиясынан кейін екеуі кездесуді жиілетті. Ауылға дипломмен оралғандарына биыл екінші жыл. Бағылан алдыңғы жылы қолындағы жолдама қағазымен комсомолдың екпінді құрылысына кетпекші болған. Оқуын қашан бітіреді деп Ай қарағандай үздігіп отырған кемпір-шал: «Балық ауласаң да көз алдымызда бол» – деп зарлап қоя берді. Ақыры дегендері болды. Ауылда Бағылан белсеніп араласатын құрылыс атымен жоқ. Содан, ойлана келе, бір қайық ау алып кәнігі балықшылар қатарына қосылған. Балбөбегі болса, жазғы каникулына шыққан.
Екі көзі келіншегінде. Қайықтан ырғып түсіп қарсы аяңдады. Біріне бірі жақындап келе бергенде Балбөбегі жиекте төңкерулі жатқан ескі қайқы бел қара қайыққа қарай кілт бұрылды. Аяғын санап басып барады. Әлгіндегі билеп басу жоқ. Қайыққа таяп келіп, қолындағысын үстіне қойды да, ақ қайраңды кешіп барып, су деңгейі тізесіне жанасқанда етегін түріп қалт тұра қалды.
Бағыланы да суды кешіп келіп ту сыртынан тұра қалды.
– Мұғалім апай, мұныңыз қалай?
Үн жоқ.
– Апа-а-й...
Балбөбегі бұл жолы да үндемеді. Бағылан енді оқушы балғындардың дауысына салды.
– Апай-апай! Мына бала шашымнан тарта береді.
– Апай-апай! Өтірік айтады!
Балбөбегі күліп жіберді. Бағыланы ту сыртынан қапсыра құшактай алды. Балбөбегі теріс қарағанын қойып бетін бүрды. Бағыланы оның алқымынан иіскеп бауырына басты. Омырауы от, бұған деген ынтық жүрегі лүп-лүп соғып тұр. Бір ой толқыды жігіттің көңілінде: «Теңізге алып шықсам, ә-ә...» — Міне, жаңалық!
– Жоғары мәртебелім, сізді круиездік сапарыңыз күтіп тұр. Жоғары класты люкстен орын дайындаттырып қойдым. Бүгін соның сәті түскелі тұр. Менің бұл хабарымды қалай қабылдар екенсіз, жоғары мәртебелім?
– Сенің уәдеңе тойдым, күнде алдайсың.
– Енді бар ғой, сені алдасам, Бағылан атым бар болсын. Міне, өліп кетейін! – деп ол оң алақанының қырымен кеңірдегін «орып» жіберді.
– Оның не?! Қайдағыны айтпашы... – деп Балбөбегі шошып кетті.
Екеуі қайықтың бел тақтайына жайғасып отырып ауқаттанып алды.
– Андағың не? – деді Бағыланы «Қазақстан әйелдері» журналын парақтап отырған Балбөбегіне.
– Чарли Чаплиннің қызы Жералдинаға жазған хаты.
– Не депті Чарли жаңғалақ?
– Не десем екен... Ол жаңғалақ емес. Міне, өзің оқышы хатын.
– Апай-апай! Сен оқып берші?
Балбөбек дауыстап оқи бастады. Ұлы күлдіргіш хатын: «Кішкентайым менің! – деп бастапты. – Жүрегіңді алтын мен гауһарға сатпа... Бар өміріңді өзің таңдап сүйген сол адамға бағышта... Жұмысыңның өте қиын екенін білемін. Денеңді бір жапырақ жібек қана жауып тұрады. Өнер үшін сахнаға жалаңаш-жалпы шығуыңа тура келеді. Бірақ балеттен кейін жақсылап киініп ал. Қыз баланың аюдай тырнағын көруді еш жерде ешкім ұнатпайды. Ал тырнақты өсіріп жіберу – біздің заманымыздың дерті. Мен қартайған адаммын ғой, айтып отырғанымның ерсі көрінуі ғажап емес. Бірақ айналайын қара-шығым, сенің жалаңаш денеңді өзіңнің ішкі жан дүниеңді шынайы сүйетін жан ғана көруі тиіс...»
– Алла-а, мен бармақтай Чарли шалды мұндай деп ойламаушы едім. Киноэкранда шошаңдап, секектейтініне қарап жаңғалақ-ау дейтінмін. Олай болмады. Жазығы сайқымазақтығы болмаса, сөзі тура біздің қасиетті шалдарымыздың сөзінен не айырмасы бар? Ал мында Америка десе, Батыс десе таңын атырып, күнін батырмауға бар. Даттайтындары «Американский образ жизни...» Сұмдықтың бәрін Батыстан көретін дертке шалдыққанбыз.
– Бәріміз де адамбыз ғой. Олар да біз сияқты болар, – деді Балбөбегі қарақат көзі жарқырап. – Міне, көрдің бе, біз сияқты бір жұп Паэла мен Джерри бал айларын өткізуге Кавказға келіпті, мұхиттың арғы жағынан.
– Солай ма? – Бағылан келіншегі ұсынған «Работница» журналындағы американдық екі жастың суретін көріп:
– О-о, дұрыс болыпты. Ол жұп бал айын Кавказда өткізсе, біз жұп бал айымызды қамыс қақыраның ішінде, Арал теңізінің айдынында өткіземіз. Солай емес пе, ә-ә?
– Солай! – Балбөбегі еркелей күліп назданды.
Бағылан Күн астына назар жықты. Күн маңдайы нарт қызыл. Батыс беткей тегіс толықсып тұр. Дүниенің қиыр шеті сыңсыған қызыл арайға малынып, кешкі алауға оранды. Күн төбесі сағым дірілімен көз үйіре қылтылдап, бірте-бірте сусып барып, қиыр көкжиектің тасасына сүңгіп кетті. Орнында аспан төріне тік шаншылған шұғыласы қалды.
Болды. Теңіз Күнмен қоштасты. Бір күн ілгері озды...
Жер бетіне төніп келе жатқан кешкі іңірдің жұқа көлеңкесі теңіз айдынын қымтай бастады. Әрегіректе, қаулаған қалың пішеннің арасында құстардың ду-дуы қызып жатты. Ауыл төрінен бағана басындағы күміс көмей радио бір шабытты күй төгіп берді.
Бағылан қайығын қоттады.
Бейуақ кеште Қаратөс шыңының қыл тұмсығын нысанаға алып қай-қаңдай тартқан жасыл төс ақ қайық құстай ұшты. Маңдайы – ұлы теңіз.
Қайық ізінде бұйра бас толқындардың ақ ирек жоталары қалды.
Арынды ақ толқындар...
(жалғасы бар)
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ,
жазушы