ҚҰМШЫҒАНАҚТЫҢ БАЛАЛАРЫ
Осы әңгіме желісін маған бір кезде Сыр еліне еңбегімен танылған қадірлі ақсақал Ыбрайхан Нәлібаев айтып беріп еді.
Кейін мен осы хикаяттарды мал шаруашылығының майталман маманы, артына ізгілік ізін қалдырған Ғафурдин Жанұзақов әкеміз жайындағы жазған кітабыма қостым.
***
1928 жылы болыстықтар таратылғаннан кейін бірнеше ауылдардың шаруашылығы бірігіп, жер өңдеу серіктестігі болып құрылған. Оны қысқаша ТОЗ дейді. Ал, 1930 жылы ТОЗ-дар топтастырылып, “Құмшығанақ”, “Айдарлы”, “Ақарық” деп аталатын үш колхозға айналған.
Біз айтып отырған 1937-1938 жылдары Құмшығанақтағы халық түгел жер кепеде отыратын. Жаңадан құрылған колхозға әр жерден көшірілген жұрт әуелде жеркепе қазып алуға шамасы жетпей, бұрынғы отырғандардың үстіне кірген. Сонда бір кепеде он-он бес адамға дейін тұрған.
Сол жұрт бірінің киімін бірі киіп, бір ыдыстан, бір қасықпен ас ішті. Ол кезде білтелі шам да жоқ. Мақтаны майға батырып, тостағанды төңкеріп жағып қояды. Кепедегілерге осыдан жарық алау жоқ секілді. Неткен қанағатшыл жандар.
Құмшығанақ жұрты егінмен айналысады. Отызыншы жылдары жұттан қалған мал, ашаршылықтан қалған адам әлі оңалмаған. Қолы қимылдағанның аузы қимылдайтынын білетін ауыл сондықтан ертеден кешке дейін еңкейіп еңбек етеді. Егіннің түрі – бидай мен тары. Осының жұмысы жылдың төрт мезгіліне жетеді. Көктемде жер тырнайды, соқа салады, дән себеді. Жазда арам шөптен тазалайды, суарады, күзгі ораққа дейін бала баққан кемпірдей боп күйбеңге түскен бір жұрт. Орылған бидайды орнында тұрып сабағынан ажырататын комбайнға құшақ-құшақ бау тасыған балалардың жұмысы үлкеннің үлесінен кем емес.
Бейнетті жеңілдететін өгіз бен есек. Өгіз айдап, есекке қап артып жүргендердің ішінде он екі жасар Ғафурдин де бар. Басқа ауылдан көшіп келсе де өзі құралып балалармен тез тіл табысып кетті. Көктем мен күзде мектепке бару мен егінге қараудан қолы тимейтін балалар жаз бен қыста біраз ойынға уақыт табады. Қыста “кәнөк” тебеді. Кәнөгі жоқ бала оны табанына сым жүгіртіп ағаштан жасап алады. Мұзда сырғанап шотаяқ ойнау сол кезде барлық ауылдың балаларына тән. Әр еңіс, әр сай – мұз айдыны. Дариядан тасыған су жол қуалап, ауыл аралап кетеді.
Ал, жазда балаларға ойын түрі көп. Көбірек ойналатын ойынның бірі – кәткен. Кәткен жерді шеңберлеп сызып, ортасына асықтарды тізіп, сақамен ату. Егер сақа тізілген асықтың бірін құлатса, онда балалар оны “өлді” деп айтады. Сонан соң сызықты басып тұрып, басқа асықтарды “өлтіреді”. Осы ойында да Ғафурдин бала біткеннен үздік шықты. Балалардың басы Әбді, соңы әлі кешкентай Ыбрайхандар. Әбді тентек, ойынға еп-себі жоқ баланы түйгіштеп алады. Сондықтан жұрт Әбдіден тайсалады. “Қалтасына пышақ салып жүреді екен” деп кейбір үлкендердің өзі оның жел жағына шықпайды. Шынында Әбді біреуге қараулық жасап, нақақ қорқытып, ар-намысына тиген емес. Ол балаларды намысын бермеуге, батыл болуға үйретті.
Бір күні Әбді балалардың бәріне есек мініп келіңдер, өгіз мініп келулеріңе де болады деп тапсырма берді. Балаларды екіге бөліп “соғыс” ойнатты. Жыңғылдың бұтағына шүберек байлап, найзамен ұрандатып жекпе-жекке шығарды. Сол ойында есектен жығылып, “ағаш найза” бүйіріне батып жылап қалған балалар да болды. Әбді тапқыр, “Ал енді жығылып, жылап қалғандарың азаматы соғысқа кеткен ауылдың бала-шағасы боласыңдар. Уайымы көп жұртты біз ертек айтып жұбатамыз. Ертекті келістіріп Қапырдін айтып береді” дейді.
– Есек ақылды ма, өгіз ақылды ма? – дейді Ғафурдин аяқастынан балаларға сұрақ қойып.
– Есекте ми жоқ, өгіз ақылды, – дейді балалар.
– Жо-оқ, есек ақылды. Сенбесеңдер, мына ертекті тыңдаңдар, – деп Ғафурдин сөз бастап кетеді. Жүгіріп тұрған танауын жеңіне сүйкеп тоқтата салған балалар аузын ашып тыңдайды. Сондағы бала Ғафурдиннің ертегісі былай:
... Баяғыда бір кісінің есек пен өгізі болыпты. Өгізбен азаннан кешке дейін жер жыртады екен. Ал, есек қорада шөп жеп тұрады. Өгіз әбден өлексе болады. Бір күні өгіз есекке айтады.
– Есек досым, екеуміз бір қорада өсіп едік. Мына азаптан қалай құтылам, ақыл бер, – дейді.
– Сен бүгін түнде шөп жеме, су ішпе. Сүмірейіп сүлесоқ бол. Азанда қожайын сені аурып қалған екен деп жұмыстан босатады, – дейді есек.
Айтқандай-ақ азанда қожайын қораға келгенде өгіздің ештеңе жемегенін көреді. “Аурып қалған екен ғой” деп жұмысқа есекті алып кетеді. Есек күні бойы жерағаш тартып, әбден титықтайды. Кешке қораға келіп кіргенде өгіз оның түрін көріп, ыңыранып күліп, мазақ қылыпты.
– Ей, өгіз бауырым, бұл қай жағыңнан шыққан күлкі? Мен болсам қожайынның бүгінгі айтқан сөзін саған қалай естіртерімді білмей абыржып тұрмын ғой. Байғұс досым-ай, – деп есек уһілей түседі.
– Ойбай, не деді? Айтсайшы! – дейді өгіз тыпыршып.
– Қанша арам болсам да, достыққа адалмын. Айтайын, бауырым, қожайын қос басында көршісімен әңгімелесіп тұр екен, естіп қалдым. “Өгізім аурып қалды, ертең азаннан қалдырмай сойып алмасам, арықтап кететін түрі бар” деп жатыр екен...
– О, сорым-ай, ой-бай, есекжан, енді қайттім? Тағы бір ақыл бер, – деп өгіз өкіре береді.
– Оған сонша уайымдама. Қазір суды таусып іш, шөпті асап же. Ал, азанда қожайынға қарап күжірейіп, аяғыңмен жер тартып тұр. Сонда сені соймас, – дейді есек.
Азанда қожайын қораға келсе өгіз екі көзі қызарып, тиісерге қара таппағандай тықыршып тұрыпты. Өйткені түнімен ұйықтамаған еді.
Мұны көрген қожайын оны жер жыртуға алып кетеді. Кешке келгесін есек оған “қалай, досым” деп шиқылдап күледі.
– Өлгеннен жақсы ғой, – депті сонда өгіз.
Осы әңгімеге балалар қыран-топан күлкіге батады. Балаларға әрдайым мұндай мәнді, қызық әңгіме болуы шарт емес. Балалардың көңілі таза, олар сенгіш, күлгіш.
– Бір бай баласына “Еһе-динас-сиротил-лазина-мустахим” деген сөзді кешке дейін қайта-қайта айтып, үйретіп, “ал, енді өзің айтшы” десе, “едіреңдеген сары атанды әзер ұстадым” деп қарап отыр дейді, – деген сөзді де Ғафурдин айтқан.
– Қапырдін, қайталап айтшы, – деп балалар бұған да кешке дейін ішек-сілесі қата күледі. Олардың ешқайсысы “Ғафурдин” дегенге тілдерін бұрап қиналмайды, Қапырдін дей салады. Ал, Ғафурдиннің тілі құран сөзіне күрмелмей келеді. Басқалар, тіпті Әбді де “еһе-динас-сиротилді” айта алмай әлекке түседі.
Ауыл балаларының ішіндегі ересектеуі де осы үш бала – Әбді, Молдағали, Ғафурдин. Олар мектепке Құмшығанақтан Айдарлыға қатынап оқыды. Айдарлыда жетіжылдық мектеп бар, онда Қалмақ Сексенбаев директор болды. Балалар мектепте аралас-құралас оқиды. Жасы ұлғайғанша оқымай қалғандар «сауатсыздықты жою» деген саясатпен мектепке тартылды. Сол кезде Әкім Нұрғалиев деген кісі бірінші класқа әйелімен бірге барды. “Үшінші кластың қызы күйеуге қашып кетіпті” деген әңгіме содан кейін қызық болмай қалған. Ол қыздың жасы сонда он алты-он жетіде болған.
Білмеген кісіге күлкілі, білгенге әлгі ертектегі есек айтқандай, “бұл қай жағыңнан шыққан күлкі” дейтін сол бір жылусыз жылдар жүзіне қараудың өзіне жүрек керек.
Бірақ солай болса да, балалар оқуға ынталы. Олар латын әріптерімен жазатын. Бәріне ортақ бір ғана сиясауыт болады. Соған таласып істік пероны бір-бірінің қолына тығып алады. Бір қолынан қан шыпшып, бір қолынан сия саулап жүретін сол заманның баласын бүгінгі балалар көрсе, қайтер еді, бүктетіліп күлер еді. Ол кезде екеуі екі түрлі немесе теріс аяқкиім кию ешкімге ерсі емес. Бары сол. Бір жағы жыртылып қалса, екінші аяғына табылғанын сұға салады.
Күрпілдетіп қыстық етікті киіп жүре беретіндер де бар. Балаларды мереке күндері жүгіртіп жарыстырады. Еңбекке жегіліп, жегені бойына судай сіңетін құсұйқы балалар тайдай шабады. Қазіргі балалар күлсе күлсін, ал, жарыстырып көрсек, бүгінгілер кешегілердің шаңында адасар еді. Сонда озып келгендердің алатыны айна не тарақ. Ол болмаса, колхоз бастығы мен мұғалімнің қолын алады. Балаға мұнан үлкен сый жоқ.
Бірақ күнде бала жарыстыратын кез емес. Әлі аштық естен кетпеген, қарынға бөгіп ас жетпеген. Сондықтан жұрттың жұмыстан қолы қалт етпейді. Сол отыз жетінің салқынында әйелдің де, баланың да табаны танапта, қолы кетпенде болды.
Осы ауылдың Әпсапа деген кісісі аңшы еді, оның қанжығасынан қоян, қырғауыл үзілмейді. Елдің асыраушысы болды. Кейде олжасын Сұлутөбеге апарып сатып келеді. Теміржол жақтан сым әкеледі, ескі қазандарды балталайды, сөйтіп бытыра құяды. Оқ-дәріні Асанастың топырағынан жасайды. Құрамында жанғыш зат бар ма, құдай біледі. Әйтеуір Асанас әулиенің ақ жал құмын елеп содан дәрі шығарады. Аң-құс көп, қырғауылды керегеден атып ала беретін. Сол кезде әлдеқайдан келіп қалғанын кім білсін, бұғы да бар. Үлкен кісілер ауылға атпен айдап келеді. Ет болғанымен нан жоқ, өйткені ұн жоқ. Ал, жұрт нансыз етті бірыңғай жей алмайды. Нансыз жеген ет іште тұрмай, су болып ағып кетеді. Қазекемнің «ас атасы – нан» дейтініне енді ой жіберіп көрерсіз.
Бидайдың қарауылы қатал. Балалар бидайдың басын жауторғайша үгіп, қойын-қонышына тығады, сөйтіп отқа қақтап жейді. Бригадирлер атыз-атызда қалып кеткен масақты да тергізбейді. Бидай ұрлығымен ұсталған адам сотталады. Заман неге сонша қатал болды, жаға ұстайсың. Мұның бәрі белсенділердің ісі еді. Қазақ қазаққа қамшы үйірді. Сырлы аяқтан су ішсең, сабына қарауыл қоясың. Белсенділер кішкентай балалардың боғын таяқпен түрткілеп, ішінен бітеу бидай дәнін тауып алып, шешесін сотқа берген оқиғалар өтті. Мұнан кейін бала біткен мысық сияқты үлкен дәретін көміп кететін болған.
Бұл Құмшығанаққа техника соғыстың алдында ғана келді. Ханзада, Қараман деген кісілер ЧТЗ, ХТЗ дейтін шынжыр табан тракторларды айдады. Әйелдер жер басындағы тракторларға иінағашпен май тасиды, су тасиды. Балалар ебіл-дебіл тары қориды. Осылайша елдің ерні аққа тие бергенде соғыс басталды деген суық сөз желдей гуледі. Жиырма сегіздің қуғынынан, отыз екінің аштығынан, отыз жетінің сүргінінен енді ес жия бастаған жұрт қайта қара жамылды... (қысқартылған)
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.