МЕКТЕПТЕРДЕ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ САБАҚТАРЫ ӨТТІ
Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Орталық сараптама кеңесінің бастамасы және Қызылорда қаласы әкімдігінің қолдауымен қаланың 40-тан аса орта мектептерінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген мәселелерді жастарға түсіндіру, кемел келешек пен оған жетер қадамдарды кеңінен насихаттау мақсатында дәрістер өтті.
Тағылымды дәрістер барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жетекші ғалымдары, оқытушы-профессорлар құрамы, сарапшылар 8,9,10,11-сынып оқушыларына «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Білімнің салтанат құруы», «Туған жер», «Латын әліпбиіне көшу», «Рухани қазына» және т.б арнайы жобаларының мазмұны мен маңызын түсіндірді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жетекші ғалымдары Елбасының аталған тұғырнамасында білім, ғылымға ерекше басымдық беріп отырғандығын, сонымен қатар, «Мәңгілік ел» болуға қадам басқан тәуелсіз Қазақстан жастарының ұлттық кодын сақтаған, терең білімді, бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтарын бойына сіңірген, үйлесімді дамыған тұлға болуының маңыздылығына айрықша тоқталды. Ғалымдар бағдарламалық мақалада айтылған «Туған жер», «Киелі жерлердің географиялық картасы» «100 жаңа есім», «100 жаңа кітап» жобасына тоқталып өтті. Сонымен қатар, ұлттық код мәселесін де жастарға толық ашып түсіндіріп берді. Оқушылар көкейде жүрген сұрақтарын ортаға салып, тұщымды жауаптар алды.
Өткізілген тағылымды дәрістер оқушыларды рухани тәрбиелеуде, болашақтағы бағыт-бағдарларын зерделеуде өте маңызды болды.