«ТОМИРИСТІҢ» ТАБЫСЫ

Жалпы «Томирис» би ансамблі 2001 жылы филармонияның сол кездегі директоры, өнер жанашыры Сәрсенкүл Ибрашеваның бастамасымен құрылды. Алғашқыда би тобының құрамы аз болыпты. Қазіргі күні онда 20 хореограф-биші бар. Бәрі де кәсіби мамандар. Ансамбльдің жетекшісі әрі бас балетмейстері Гүлбану Мырзабаева би тобының ансамбль болып қалыптасуына үлкен еңбек сіңірді. Би ұжымы басты мақсат – Сыр елі би өнерінің деңгейін көтеру, ұлттық би нақышын жоғалтпау және заман ағымына сай жаңаша әрлеу бағытында табысқа жетіп келеді.
Халықтық би дәстүрінің әлем сахналарынан көрінуі жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан өнерлі ұжымның еңбегі ерен. Репертуары күннен күнге ұлғаюда. Қоржында жеке концерттік қойылымдар ғана емес, жеке би спектакльдері де бар. Ансамбль еліміз бойынша өтетін барлық мәдени, мерекелік концерттердің және шет елдерде өтетін ауқымды шаралар мен сайыстардың, байқаулар мен фестивальдардың белсенді қатысушысы. Халықаралық «Шабыт» жастар фестивалі, халықаралық «Бұраң бел», Ш.Жиенқұлова атындағы республикалық би байқауларында топ жарып жүрген ұжым би өнерінің хас шеберлерімен де тығыз байланыс орнатып, бірлесіп жұмыс жасауда.
Би ансамблінің алдағы жоспары көп. Жақында олар халықаралық би күніне орай концерт беруді жоспарлап отыр. Оған қызу дайындық үстінде.