ТАБЫСТЫ САЛАНЫ ТАСАДА ҚАЛДЫРМАЙЫҚ
Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы, біріншіден, «Қазақстан – 2050» даму стратегиясына, «100 нақты қадам» – ұлт жоспарына негізделіп, 10 нақты міндеттерді алға қойып отыр. Сонымен қатар, «үшінші агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту» мүмкіндіктерінің әрқайсысына дәл түсініктеме бере отырып, аграрлық кешенді дамытуға түбегейлі бет бұру маңызды делінген.
Сондай-ақ, жерді барынша тиімді игеретіндерді ынталандырып, ал дұрыс пайдалана алмайтындарға шара қолдану керек екендігі де айтылған. Осы орайда өткен ғасырдың 50 жылдарынан бастап, агроөнеркәсіп кешенінің бір тармағы болып саналатын балық шаруашылығы өндірісінде еңбек етіп, он жылдай балық шаруашылығын басқарған, бұл саланың экономикасы мен кәсіби жұмыстарының өкілі маған өте жақын тақырыптағы Жолдау болды. Әсіресе, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында, Қызылорда облысы балық өндірісінің флагманы болып есептелініп келген Арал балық шаруашылығы жұмыстарының қиыншылығына куәгер болдық. Дегенмен, Елбасының тікелей қолдауының арқасында, «САРАТС-1» жобасы іске асырылып, Президентіміздің «Аралдықтарға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген сөзі іске асып жатқанына тағы куәгер болып келеміз.
Дәлірек айтсақ, Арал теңізінің балықшылары бұрынғыдай емес, ауланған балықтарын тапсыратын жер іздеп сандалмайды. Қазірдің өзінде балық қабылдайтын кішігірім пункт – зауыттар барлық балық аулайтын жерде жеткілікті. Балықшылардың басқа өндірістен артықшылығы – ай сайын тапқан табыстарын күтіп жүрмейді. Әрі кетсе апта сайын, болмаса қолма-қол табысының қаражатын алып отырады. Бұл еш жерде, еш уақытта болмаған жағдай. Қазіргі кезде балықшы қауымының әл-ауқаты, тұрмыс жағдайлары артты. Барлық дерлік елді мекендерде жаңадан салынған үйлер, мектеп, аурухана, ФАБ, жарық, ауызсу, тағы басқа инфрақұрылымдар жұмыс істейді. Қызғанбаймыз, қызығамыз. Әйтсе де, «алмақтың да салмағы бар» демекші, бір күндік пайданы ойламай, болашақты да ойланатын уақыт туған сияқты.
Балық шаруашылығы, тамақ өнеркәсібінде қай заманда да алдыңғы қатарда тұрғандығы баршаға мәлім. ХХ ғасырда балық Одақ бойынша әр жанға 18, ал Қазақстанда жан басына 10 келі болды. Керек десеңіз тамақтандыру орындарында аптаның әр бесінші күні балық күні деген тәртіп те болған. Осындай балықшылар өндірісінің адам капиталына құндылығын ескеріп, Одақтың Жоғарғы кеңесі тарихта тұңғыш рет 1965 жылы «шілде айының бірінші онкүндігі балықшылардың кәсіптік мейрамы деп аталсын» деген қаулысының да куәгері болдық. Бұл мерзім тегіннен тегін аталмаған, ол айларда балық уылдырығын шашып болып, майда шабақтарын қорғайтын мезгілі. Осындай қамқордың арқасында, балықшылардың рухы көтеріліп, жігерленіп, өздерінің сыйлы тұлға екендерін білген уақыттары еді. Бірақ, түрлі себептерге байланысты 1980 жылдың екінші жартысынан бастап 30 жылдай балықшылардың еңбегі еленбей, оларды жігерлендіретін шаралар өз мәнінде атқарылмады. Дегенмен, кейінгі жылдары облыс әкімдігі жұртшылықпен бірлесіп, балықшылар инфрақұрылымын жүйелі түрде жақсартуға, тұрғындардың жайлы өмір сүру үшін жағдай жасауға бағытталған жұмыстарын табысты атқарып келетінін атап өткім келеді.
Қазір Кіші Арал теңізінің айдыны 18 учаскеге бөлініп, «Қазақ балық шаруашылығы» ҒЗИ белгілеп берген лимитке сәйкес, балықшылардың жұмыс жасауын қадағалайтын жауапты кәсіпкерлер белгіленген. Алайда, осы мамандардың балық қорын сақтау, нормадан тыс ау-құралдарын пайдаландырмау, балықшылар өмірінің қауіпсіздік жолдарын ойластыруда әжептәуір кемшіліктер жіберіп жатқандығы белгілі. Табиғатты қолдарымен өзгерткісі келіп жанталасқаны дұрыс емес.
Жалпы, 100 жылдай тарихы бар Арал балық шаруашылығы өндірісінің тарихында көптеген айтулы оқиға болғанын білеміз. Кешегі ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы өздері аш-жалаңаш болса да, Ресейдің Волга төңірегіндегі аштықтан жапа шеккен балалар үшін 14 вагон балық жібергені не тұрады?! Уақытында балық қорын көбейтіп, табиғаттың байлығын көзінің қарашығындай сақтаған, балықшылар өміріне өздерінің үлесін қосып, жемісті еңбектерінің арқасында 30-жылдары сонау Одақ Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Калининнің қолынан орден алып қайтқан ағаларымыз – Уәйіс Қосымов, Баймағанбет Әбілдаев, Қараман Ыңғаев және Арал теңізі балықшылары арасынан Социалистік Еңбек ері атағына ие болған – Бақыт Рысқалов, Ұштап Утеулиева, Төлеген Әлімбетов, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланған – Ұлдай Есмағанбетова, Әлсейіт Жұбаниязов, Күляй Кенжебаева, Күлпаш Бисенова, Дүйшенбі Қалыбаев, Нарғали Демеуов, сондай-ақ, «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» сынды ордендермен марапатталған еңбек майталмандары қаншама?
Балықшылар тарихын, шаруашылық пен өндірісін, азаматтарын, қысқаша жазғанда, олардың болашаққа деген көзқарасын айрықша атап өткім келеді. Мысалы: Дүйшенбі Қалабаев, Күлпаш Бисенова, Нарғали Демеуовтің балық аулау әдістерін, ізденімпаздықтарын қазіргі «жаңа технология» дейміз. Өз көзіммен көріп таңқалғанмын, сонда құрал-саймандары нормадан аспайды, жырымдарының құрылымы – шонтайының көзі (мотня) 32 мм болса, оған жақын бөлігі 45-50, ең аяғы 55-65 мм аяқталады. Байқасаңыздар, балықтың майдалары тордан босанып шығып кете алады. Тек нормаға сәйкестері ғана шонтайдың түбінде қалады. Не деген өз ісіне жанашырлық! Ал қазір дәл мұндай жанашырлықты көру қиын. Бұны балықшы қауымының өндірісіне араласып жүрген мамандар жақсы біледі. Сондықтан балықшы қауыммен бас қосып, мәселені келісіп талқылау қажет. Сонда ғана Елбасының халыққа Жолдауындағы тағам өнімінің үлкен саласының бірі, балық шаруашылығы өндірісінің алдына қойған міндеттерін орындай аламыз.
Біздер еш уақытта Кіші Арал теңізінің болашағы үлкен, тарихы сонау ХХ ғасырдан басталатын облыстың балық шаруашылығының күре тамыры екенін ұмытпауымыз керек.
Президентіміз алға қойып отырған мақсат-мұраттарды жүзеге асыруда облыс әкімдігінің нақты шаралар атқарып келетінін атап өткенді мақұл көрдім. 2015 жылы Арал өңіріндегі Қамбаш көлінде Арал балықшыларының бірінші слеті өткізіліп, осы саладағы еңбеккерлер марапатталды. 2016 жылы балықшылардың республикалық екінші слеті ұйымдастырылып, оған республикадағы балық өндірісімен айналысатын облыстардың өкілдері, басшылары қатысты. 2017 жылы шілде айында Қамбаш көлінің жиегінде Арал балықшыларының үшінші слеті халықаралық дәрежеде салтанатты түрде өткізіліп, Даниядан, Ресейден, басқа да алыс-жақын шетелдерден өкілдер келді. Мақсат – әлем халқының назарын Арал тағдырына аудару. Сондай-ақ, өткен жылы «Арал проблемасына көмектесу» туралы Қызылорда қаласында халықаралық форум өткізіліп, бұның жұмысына ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, бірнеше мәмілелер жасалды. Осының барлығы облыс басшысы Қ.Көшербаевтың белсенді қызметінің арқасында болып отырғанын балықшы қауым жақсы түсінеді.
Жалпы, Кіші Арал теңізінің болашағы жарқын. Десе де, бір қынжыларлық жағдай, осы шаруашылылыққа қатысты мамандардың өзара түсініспеушілігінен «Көкарал» тоспасынан үлкен теңізге қарай сумен бірге Кіші Аралдан балықтың көп мөлшерде кетіп, қырылып жатқан фактілері де кездесуде. Бұның барлығы «Көкарал» бөгетінің деңгейі 42 м асып кетеді деп қауіптенуден туып отырған жағдай. Шынында да қазіргі кезде Сырдария өзені суының «Ақлақ» арқылы өткен бағыты бірден «Көкаралға» тірелетіні анық. Келешек бұндай жағдайды болдырмау үшін: біріншіден, бұрынғы қазылған каналдар арқылы Қарашалаң көлінен Қызылқайыр өзегімен су бағытын Кіші Аралдың солтүстігіне бұру керек. Екіншіден, Тұщы көлінен бұрынғы ескі арнаны пайдаланып, Сырдария суын Сарытерең шығанағы арқылы Кіші Аралға бұруға болады. Үшіншіден, бұл екі бағытты да Сырдария өзенінің көп суының күшін тоспаға дейін әлсіретіп, Кіші Аралдың солтүстігін басқа бағытпенен толтырамыз және де балықтың көптеген уылдырық шашатын жерін көбейтеміз. Қазіргі кезде Кіші Арал теңізінің суы өзек арқылы Үлкен Аралға бағытталып Барсакелмес Аралына жақындаған. Ал осы бағытты бөгесек, Тұщыбас сияқты шығанақтарға су толтырылып, қосымша Қамбаш көлінің көлеміндей жер пайда болатыны анық. Бұл ұсыныстар жер ыңғайын өте жақсы білетін байырғы балықшылардың тілегі. Осындай тиімді іс-шараларды іске асырсақ, балық өнімін келешек 6500 тоннадан 12000 тоннаға дейін көбейтуге болар еді.
Құдайберген САРЖАНОВ,
ҚР өндірісіне еңбегі сіңген қайраткер