АЛЫП ҚАШУ САЛТЫ МА БҰРЫНҒЫНЫҢ...
Мектепті бірге бітірген Тұрар доспен телефон арқылы хабарластым. Өзі біршама уақыттан бері хабарсыз кеткен, сағынысып қалыппыз. Әңгіме арасында:
–Ақеркені алып қашып кетіпті, – деді. Осы тұста оның даусы бәсең шықты.
– Қайда? Кім? – деп сұрадым мен де таңданысымды жасыра алмай.
– Білмеймін. Ақтөбенің бір ауылының жігіті көрінеді.
– Сендер қыз бен жігіт болып жүрмеушіме едіңдер?
– Иә, жүруін жүрдік қой. Бірақ, осыдан біраз уақыт бұрын ұрысып қалғанбыз. Мен жігіт пен қыздың арасында болып тұратын кикілжің ғой, ашуы тарқаған соң қайтадан татуласармыз деп ойлағанмын, - деді Тұрар күмілжіп.
Тұрар мен Ақеркенің көңіл жарасымдарының тапқандарына да екі жылдың жүзі болған. Бала күндерінен бірге өскен олардың осы қарым-қатынасы мектеп бітіргеннен кейін басталған. Тұрар Қызылордадағы педколледжге түсіп, Ақерке Ақтөбедегі Жұбановқа оқуға аттанған болатын. Обалына не керек, Тұрар екі жылдан бері көршілес қос қаланың ортасын жол қылып, бір адамдай сарсаңға түскен. «Оқу бітіргеннен соң құсымды қондырсам, жалғыз шешемнің қолын ұзартсам» деген арманы бар еді. Енді міне, сол арманы адыра қалып отыр.
Телефон тұтқасының ар жағында мұңайып тұрған досыма:
– Енді қайтпексің? Оны алып қашып кеткенін кімнен естідің?-дедім.
– Өзі айтты.
– Өзі айтқаны қалай?
– Жаңа жыл қарсаңында екеуміз де бірдей ауылға қайтып, мерекені бірге қарсы алмақ болғанбыз. Емтихандарымыздың барлығын ертерек бітіріп, билет те алып қойған едік. Енді келіп «Мені алып қашып кетті, кешір. Көнбеске лажым қалмады» - деп смс хабарлама жазып жіберіпті.
– Не ойың бар?-дедім мазасызданып.
– Ешқандай.
– Ештеңесі қалай? Бір әрекет жасамаймысың?
-Өзің айтшы, не істемекпін? Қыздың өзі көндім деп отырса. Еріксіз көндірген.
– Ішім алай-дүлей...
Иә, бұл тек қазіргі қоғамда болып жатырған оқиғалардың бір парасы ғана.
Естімей, көрмегендеріміз қаншама?
Бала кезімізде парақтаған ғашықтық дастандардың ішінде де көзсіз сүйген жігіттердің ғашығымен қашып кеткендерін оқып отыратынбыз. Кейде белгілі бір күштерге қарсы келмей, шарасыздық танытатын ғашықтарға аяныш білдіріп, оларды тағдырына елеңдесіп те отырдық. Бірақ, олар ғашық жандар еді ғой. Қазіргі таңда танысын-танымасын алып қашып кету үрдісі алысқа бармай-ақ, алақандай Қазалының өзінде де бар. Бұл арада келісіммен үйленіп, отау көтергендердің жөні бөлек. «Еріксіз, қызды зорлықпен көлікке қойша тиеп кетіпті. Барғаннан кейін өйтіп-бүйтіп көндіріп алып қалыпы» деген әңгімелерді естиміз. Ал танымайтын адамға ерге шықпай қарсыласатын қыздың жолына кесе-көлденең жатып алатын әжейлерді де видеолардан көріп жүрміз. Мұнда қазақы түсінік бойынша қалыптасқан «үлкен кісінің үстіне аттасаң, бақытсыз боласың» деген ұғым жатса керек.
Айтпағымыз, алып қашу дұрыс па әлде бұрыс па? Осы тұрғыда біршама адамның пікірін алған едік.
Әсел Қалмырзаева (Қазалы қаласының тұрғыны):
– Қыз алып қашу салты халқымызда бұрыннан бар. Бірақ, қызды қинап алып қашу дұрыс емес деп есептеймін. Әр адам өзі сүйген жарына қосылғанға не жетсін?! Ертеңгі күні жас шаңырақтың ортасында түсінбестік болмас үшін қыз бен жігіт болып жүріп, кездесіп барып үйлену керек деген ойдамын. Қыздың келісімінсіз оны қинап тек ешқандай қыз қарамайтын, ынжық, беделсіз жігіттер алып қашады. Ал нағыз ер адам өзі қалаған, армандаған ғашығының жүрегін қалай болса да жаулап алады деп есептеймін.
Гүлнұр Жарасбаева (Әйтеке би кенті тұрғыны):
– Өзімді осыдан 12 жыл бұрын, қазіргі аудандық білім бөлімінің жанынан көлікке мінгізіп алып қашып кетті. Сол кезде кешкі уақытта құрбым екеуміз серуенге шыққан болатынбыз. Қазіргі жолдасымды тіпті танымайтын едім. Кейін білдім жанымдағы құрбыммен ойласып жасалынған іс екен. Басында көнбей туладым. Пешенеңе жазылса көнеді екенсің. Әу бастан біздің құлағымызға «Қайтіп келген қыз жаман» деген сөз құйылған. Қазір мың да бір тәубе, алтын асықтай төрт баланың анасымын. Күйеуіммен де жарасым тауып кеттік. Ата-енем де жаман адамдар емес. Қазір қоғамда кәрі қыздар өте көп. Солардың көбісі кезінде жігіттерге мұрнын шүйіріп, ешкімді менсіне қоймағандар. Жұрттың бәріне ақ боз атты ханзада қайдан болсын? Барлығын бұйырыс білдіреді. Әйелдің бақыты – отбасы. Өз басым еш өкінген емеспін.
Жасұлан:
– Қылмыста мотивация деген бар. Яғни қылмыскердің арам ойы һәм жоспары. Ал жігіттің қыз алып қашудағы мотивациясы не? Үйлену, отбасын құру, бақытты болу. Бұл арам ой ма? Жоқ. Ниеті ақ, мәселе оны жүзеге асыру тәсілінде болып тұр. Жабайы, тұрпайы тәсіл десек те, осы "қылмыстың" арқасында (қыздың келісімімен болсын, еркінен тыс болсын) бағы жанған жандар жетерлік.
Ал мұндай "ұрлау операциясына" көбінесе кімдер барады: қызға сөз айта алмай, ындыны құрығандар. Ондай адамдар бар. Осылардың бақыты үшін ғой айтып отырғаным. Өз басым, қыз алып қашуды қолдамаймын. Құда да тыныш, құдағи да тыныш болғанға не жетсін?
P/S: Бұл бір қарағанда жауыр болған тақырып секілді. Бірақ өзекті екенін ұмытпайық. Бұған қоса, ҚР Конституциясы бойынша да мұндай әрекет қылмыс саналады. Адам ұрлау және бас бостандығынан айыру заңмен жазаланатындығын да айта кеткеніміз орынды.
Есет ТАБЫНБАЕВ
Қазалы ауданы