АСТАНАДА НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ EXPO КӨРМЕ КЕШЕНІНІҢ АУМАҒЫНДА ӨТЕДІ
Астанада 21 наурызда көктемнің шуақты мерекесі Наурыз мейрамын тойлауға арналған ауқымды шаралар EXPO көрме кешенінде, "Қазақ елі" монументінің алдындағы алаңда, Қалалық алаңда, "Студенттік" саябақта, "Жастар" театры және тұрғын алаптарында халықтық серуендер басталады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Ашық алаңдардағы жалпықалалық шаралар 22 наурызда жалғасын табады. Наурыз мейрамына арналған бағдарлама аясында елорда тұрғындары мен қонақтары EXPO көрме кешенінің аумағында бірегей этноауыл мен тақырыптық киіз үй-музейлерді, "Қазақ елі" монументі алдындағы алаңда "Дала қазығы" тарихи ортағасырлық жекпе-жектер турнирін, сондай-ақ қазақстандық эстрада жұлдыздары мен жетекші шығармашылық ұжымдардың қатысуымен театрландырылған қойылымдар мен концерттер тамашалай алады.
"Биыл Наурызға орайластырылған басты шаралар EXPO көрме кешенінің аумағындағы алаңда өтеді. Мұнда 21 наурызда сағат 13:00-де мерекелік бағдарлама басталады. Көрме аумағында қала тұрғындары мен қонақтары үшін этноауыл ашылады. Келушілерді қазақ халық ертегілерінің кейіпкерлері құшақ жая қарсы алады: Алдар Көсе, Қожанасыр, Тазша бала және басқалары. Елордалық театрлардың артистері көрермендерді ұлттық салт-дәстүрлермен және әдет-ғұрыптармен таныстырады. Қышшылар, зергерлер, киіз басу мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлері қолдан жасалған бұйымдарын көпшілік наарына ұсынады", - делінген Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасын хабарламасында. Этноауыл қонақтарының арасында қазақ күресі, асық ату, арқан тарту, армрестлинг және гір көтеруден сайыстар өткізіледі. Бұдан басқа, ниет білдірген жандар "Қой көтеру" сынды ұлттық ойында күш сынасады, алтыбақан тебеді.
"Киіз үй қалашығының аумағында сыйымдылығы 1000 литр тайқазан орнатылады, оның жанында театрландырылған қойылым көрсетіледі. Сонымен қатар, жиналған қауымның назарына жетекші отандық артистердің қатысуымен мерекелік концерт ұсынылады. Этноауылға келушілер қазақ халқы ежелден өсіріп келе жатқан тазы мен төбеттер көрмесін тамашалай алады. Арнайы ұйымдастырылған фудкорт аймағында шығыс аспаздығынан ыстық тағамдар сатылады", - делінген баспасөз хабарламасында.
Этноауыл аумағында орналасқан төрт киіз үйден тұратын музей кешені келушілердің ерекше ықыласына бөленбекші.
Бірінші киіз үй ежелгі түркі жазбасына және мәдениетіне арналады. Мұнда ежелгі түркі жазбалары жазылған тас стеллалардың реконструкциясы ұсынылған, экскурсоводтар адамдарға бұл тарих ескерткіштерінің пайда болуы туралы айтып береді.
Екінші киіз үй "Ұлттық музыкалық аспаптар музейі" - деп аталады. Мұнда қонақтар домбыра, нарқобыз, дауылпаз, жетіген, сырнай және басқа да ескі аспаптардың реконструкциясымен таныса алады, сондай-ақ аталған аспаптарды жасау тарихы мен дамуы туралы әңгімелер тыңдайды.
Үшінші киіз үй - "Ұлттық этнография және зергерлік бұйымдар музейі». Келушілер назарына қазақ халқының тұрмысындағы ескі заттар ұсынылады, атап айтқанда, адалбақан, жағлан, кебеже, жүкаяқ және басқалары, сонымен қатар батысқазақстандық шеберлердің ескі зергерлік бұйымдары - сәукеле, өңіржиек, өңіртал, құдағи жүзік, белдік, асатаяқ және т.б. әшекейлер.
Төртінші киіз үй - "Ұлттық кілем өнімдері музейі". Қонақтар ескі түкті және түксіз кілемдерді, сондай-ақ киіз бен жібектен жасалған кілемдерді тамашалайды, ал гид оларды аталған бұйымдарды жасаудың ежелгі технологиясымен таныстырады.
ЭКСПО көрмесінің аумағындағы мерекелік бағдарлама 22 наурызда жалғасын табады. Наурыз мейрамына арналған шаралар ұйымдастырылатын тағы да бір үлкен алаң - "Қазақ елі" монументінің алдындағы аумақ болмақ. Мұнда мерекелік бағдарлама 21-22 наурызда сағат 10:00-ден 16:00-ге дейін өткізіледі. Көрермендер қазақстандық эстрада жұлдыздарының, би және аспапты ұжымдардың қатысуымен өтетін концерт пен театрландырылған қойылымды тамашалай алады.
Сонымен қатар, 21 және 22 наурызда дәстүрлі халықтық серуендер елордалық әкімдік алдындағы қалалық алаңда, "Студенттік" саябақта өтеді. Қалалық алаңда және "Студенттік" саябақта киіз үйлер, алтыбақандар орнатылып, концерт болады, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар көрсетіледі.
Мерекелік концерттер мен театрландырылған қойылымдар 22 наурызда "Жастар" театрының алдындағы алаңда да ұйымдастырылады.
Наурызға орайластырылған шаралар елорданың тұрғын алаптарында 17 наурызда басталды. Бүгінде Железнодорожный, Интернациональный, Мичурино және Промышленный тұрғын алаптарында Наурыз мейрамы аталып өтті. 21 наурызда халықтық серуендер Пригородныйжәне Үркер, 22 наурызда Көктал-1 және Өндіріс, 23 наурызда Сарайшық шағын ауданында жалғасын табады. "Елорда тұрғындары мен қонақтарын көктемнің шуақты мерекесі Наурыз мейрамын бірге тойлауға шақырамыз!", делінген хабарламада.