АЛҒАШҚЫ АСТАНА
Сыр бойы-береке-бірлігі бұзылмаған ұйытқылы жұрттың ордасы. Сахара жүзін шаһарлармен өрнектеген бабаларымыз киелі байрақ көтеріп, жойқын дария алабын гүл жазиралы байтаққа айналдырды.
Тамырын тереңнен тартқан қатпар-қатпар тарихын керуенге артқан, сайын дала төсінде жақұттай жарқырып жатқан Қызылордадай қаласы, асты кенге, сарыны мұнартқан белге бай даласы бар.
Қиын-қыстау күндерде ұлтқа пана, өзегі талған өзгеге сая болған өркенді өңір жайлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сыр алаштың анасы!»-деген қанатты сөзінің түп-төркіні осында жатса керек.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы рухани жаңаруға бет алған елдің өркениетті үлгісін танытты. Бағдарлама аясында Қызылорда қаласының тарихы бойынша құжаттарды іздестіру және көшірмелерін иелікке алуды ТМД елдерінің орталық мемлекеттік архивтарына іс-сапарлар ұйымдастырылып, облыс мемлекеттік архивінің қоры құнды құжаттармен толықты. Осы құжаттарды ақтарғанда тарих қойнауына кеткен ұлы оқиғалар уақыт өте келе қайта жаңғырып, жаңаратына сенім арта түседі. Өткен тарихтың ескі парақтарын ашып, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы атанғандығы туралы архив деректеріне жүгінсек.
1920 жылдың 26 тамызындағы Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік республикасының Халық Комиссарлар Кеңесінің Қырғыз (Қазақ) АССР құру жөніндегі қазақ ұлттық мемлекеттілігін заң түрінде бекіткен декреті шыққанымен Жетісу және Сырдария облыстары Қазақстан құрамында емес, Орта Азия территориясындағы халықтарды қамтитын Түркістан Республикасының құрамында болды.
1924 жылы Орта Азияда ұлттық мемлекеттік шекараларды белгілеу нәтижесінде Өзбекстан, Түркменстан республикалары, Қырғыз, Тәжік автономды облыстары құрылғаны белгілі. Осы шара негізінде Түркістан республикасы құрамына кіретін қазақтар Қазақ автономды республикасына қосылып, ұлт бір тұтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік болды, жер көлемі де өсті. Осы жылдарда, яғни Қазақ Автономды Кеңестік Республикасын құруға дайындық және ол құрылғаннан кейінгі алғашқы жылдары Қазақстанның әкімшілік-саяси орталығы ретінде талаптарға басқалардан гөрі Орынбор қаласы сай келген еді. Алайда территорияның ұлғаюы мен әсіресе шығыс, оңтүстік облыстардың қашықтығы, республикалық, орталық органдардың ондағы жергілікті халықтардың шаруашылық, мәдени өміріне басшылық жасауын толық қамтамасыз ете алмады.
Астананың бір қиырда орналасуы Қазақстан Үкіметінің де жергілікті жерлердегі партия, кеңес, шаруашылық ұйымдарымен тығыз байланысына едәуір қиындық келтірді, сондықтан астананы ауыстыру қажеттігі туындады. Осы жағдайларды ескере келе жаңа астананы іздестіру шаралары басталып, нәтижесінде таңдау Ақмешіт қаласына түсті.
Орталықты ауыстыру туралы мәселе 1925 жылы 9 ақпанда өткізілген Қырғыз орталық атқару комитеті президуымының кеңейтілген мәжілісінің күн тәртібінде қаралып, Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы қаулы қабылданды. Мәжіліске Байсалықов, Н.Нұрмақов, С. Қожанов, М. Орумбаев т.б қатысты. Қаулы қабылданғаннан кейін орталықты көшіру жұмысы қауырт басталды.
Астананы Ақмешіт қаласына көшіруге байланысты Есқараев, Досов жолдастарды 4 күнге жолсапарға жіберу, аталған мерзімде тексеру жұмыстарын аяқтауға міндеттеген қаулы қабылданды. Ал 9 күннен соң 18 ақпанда астананы Ақмешітке көшіру жайлы Қазақстан өлкелік партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі С.Қожановтың жеделхатын тиісті орындарға жіберіп, іс нәтижесін Секретариат мәжілісінде баяндау үгіт-насихат бөліміне міндеттелді.
17-28 наурызда мемлекеттік орталық мекемелерді (барлығы 58 мекеме) көшіру жоспары мен кестесі жасалынды.
Халық Комиссарлар Кеңесінің астанасы Ақмешіт қаласына көшіру мүмкіндіктерін жан-жақты зерттеу, лайықты жабдықтау жөнінде арнайы комиссия құрылды. Комиссияның 1925 жылдың 10 наурызындағы бұйрығында комиссия төрағасы Кенжин Ақмешіт қаласына астананы көшіріп әкелуге байланысты атқарылған дайындық жұмыстарының қорытындысын орталыққа баяндау үшін Орынбор қаласына жүріп бара жатқандығына байланысты орнына комиссия мүшесі М.Тынышпаевты қалдыратынын, оған басталған жұмысты әрі жалғастыру, ғимараттарды жөндеу мен дайындауға байланысты қаржыларды жұмсау құқы берілгенін атап көрсетіп, барлық партия, кеңес, кәсіподақ ұйымдары басшыларын оның жарлықтарын орындауға оң ықпал етуге міндеттейтіні баяндалады.
Орынбор губерниялық Атқару Комитетінің, Орынбор губерниясын Қырғыз АССР құрамынан бөліп РСФСР құрамына беру туралы өтінішіне орай, бүкілресейлік орталық атқару комитеті президиумы 1925 жылы 6 сәуірдегі мәжілісінде бөлу жұмысын орталық Ақмешітке көшірілгеннен кейін жүргізуге қаулы қабылдады.
1925 жылы 13 сәуір күні Үкімет басшылары, сьезд делегаттары мінген пойыз Орынбордан Ақмешітке бет алды. Олардың қатарында С.Мендешов, Ж.Мунбаев, С.Қожанов, С.Есқараев, С.Асфандияров, Б.Аралбаев, Н.Нұрмақов, А.Оразбаевалар болды.
1925 жылы 15 сәуірде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қазақ АССР Кеңестерінің 5-сьезі ашылды.Сьездің күн тәртібіне екі мәселе енгізілді. Ұлтымыздың «қазақ» деген атауын қайтару, Ақмешітті Қызылорда қаласы деп атауға қаулы қабылданды. Осы қаулыны жүзеге асыру мақсатында Қызылорда уездік қалалық атқару комитеті 1925 жылы 30 мамырда барлық мемлекеттік мекемелер, кооперативтік және басқа да ұйымдарға мөр, мөртабан, мекеме мандайшаларындағы атауын 1 ай көлемде «Қызылорда» деп өзгертуді міндеттеді.
Көп ұзамай Қазақстанның жаңа астанасы Қызылорданы абаттандыру жоспарын астанаға сай кең көлемді, жүйелі түрде жүргізуді суретші-сәулетші И.В. Рянгин қолға алды. Қала тұрғындарының даму динамикасын ескере отырып, жоспарды алдағы 40 жылға жасауды ұсынды.
1925 жылы 13 мамырда техникалық кеңес отырысында комиссия мүшесі, қазақтың тұңғыш инженері М.Тынышбаев И.Рянгин жасаған қаланың эскиздік жобасын баяндап, жобалау принциптерінің қойылған талаптарға сәйкес келетіндігін атап көрсетті.
Қаланың өркендеуі қазақтың ардагер азаматтарының, мемлекет қайтаркерлерінің есімдерімен тығыз байланысты.
Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің председателі Елтай Ерназаров осындай ардагерлердің бірі еді. Ол халықтың қалың ортасынан шыққан, ұйымдастырушылық қабілеті мол адам еді. Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің председателі бола жүріп ол экономика мен мәдениетті өркендетуге күш-жігер жұмсады.
Ал қазақ қыздарын еңбекке тартып, ескінің сарқыншақтарына қарсы күреске шақыруда бұл өңірде Алма Оразбаеваның еңбегі аз емес.
Халықтың әл-ауқаты, тұрмысы жақсарумен қатар олардың өнерге деген талпынуы да өсті. Қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушылар Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, сондай-ақ Сабыр Шәріпов, Николай Анов, Қалмақан Әбдіқадіров, Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағамбетов тағы басқа ақын-жазушылардың шығармаларын алғаш рет оқушы қауым Қызылорда да шығып тұратын «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемендік Қазақстан»), «Советская степь» (қазіргі «Казахстанская правда») газеттерінен оқып, танысып отырды.
Тұңғыш қазақ театрының негізі де осында қалана бастады. Әміре Қашаубаев, Құрманбек Жандарбеков, Шара Жандарбекова, Елубай Өмірзақов тағы басқа өнер саңлақтары алғаш рет театр сахнасына шығып, өзерінің таланттарын осында ұштай түсті. М. Әуезовтың «Еңлік-Кебек», Ғ. Мүсіреповтың «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу» пьессалары тұңғыш рет Қызылорда сахналарында қойылды.
Бұл жылдарда Қазақстан өмірінде үлкен әлеуметтік-мәдени, рухани өзгерістер болып жатты. Артта қалған республиканың мәдениеті өркендеп, өндірісі ұлғайып, сауатсыздық жойыла бастады. Қазақ қыздарына арналған өлкелік акушерлік техникум, милиция мектебі, әкімшілік-бухгалтерлік, киномеханик даярлайтын курстар жұмыс істеді.
Халық комиссарлар кеңесінің 1927 жылғы 29 сәуірдегі мәжілісінде астананы Алматыға көшіру туралы шешім қабылданды. Алматыны Қазақстанның астанасы етіп шешім қабылдауға Түрксіб теміржолы құрылысының ықпалы тигенін де айта кету керек. Қызылорданың алғашқы астана болғандығы туралы архив құжаттары осылай сыр шертеді.
Қазіргі уақытта Қызылорда қаласы-Сыр өлкесіндегі мәдениет пен өнердің ғана емес, облыс экономикасының даму тарихында елеулі орын алатын тұғырлы мекен.
«Кешегі Қызылордасыз, бәлкім бүгінгі әсем Алматымыз бен асқақ Астанамыздың болмауы да мүмкін еді. Демек, біз өткен тарихымызды қадірлеп, қастерлеп, одан тиісті сабақ алып, мән-маңызын жас ұрпақтың зердесіне құйып отыруымыз керек» деп Елбасымыз Н.Назарбаев алғашқы астананың маңыздылығын баса айтқан болатын.
Н.ҚУАНЫШЕВА
Қызылорда облысының
мемлекеттік архивінің басшысы