ҚАС-ҚАҒЫМ СӘТТІҢ ҰЗАҚ ҒҰМЫРЫ
Бұл фотоэнциклопедияға Қызылорда облыстық «Сыр бойы» («Ленин жолы») газетінде жарты ғасыр бойы фототілші болып еңбек еткен Болат Омарәлиевтің де туындылары енген. Суреттерінде Сыр өңірінің шежіресі тұнып тұрған әріптесіміздің архивіндегі ескінің көзіндей болған мына дүниеге назарымыз ауды.
Алматыдағы әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақ фотошежірешілері: тарих, дерек, өнер» атты фотоэнциклопедиясының тұсаукесері өтті.
Кітапты «Фотоөнер» ҚБ төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы құрастырған. Фотоальбом ұлт тарихына, еліміздің даму үдерісіне қатысты деректерге бай. Кең байтақ даламыздың көрінісі, табиғат сұлулығы, еңбек адамдарының жұмыс үстіндегі сәті, қоғамдық өмірдің сан саласынан түсірілген фоторепортаждар бір дәуірдің шежіресіне бойлатады.
Автордың айтуынша, ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынов фотография өнерімен де айналысқан. Кейін Әзілхан Нұршайықов өз заманының тарихи тұлғаларын өмірдің қайталанбас сәттерінде түсірген.
Бұл фотоэнциклопедияға «Сыр бойы» газетінде жарты ғасыр бойы фототілші болып еңбек еткен Болат Омарәлиевтің де туындылары енген. Сурет¬терінде Сыр өңірінің шежіресі тұнып тұрған әріптесіміздің архивіндегі ескінің көзіндей болған мына дүниеге назарымыз ауды.
Бұл сурет 1970 жылдары асыл өнерді алтынның сынығындай дәріптеген дүлдүлдер бас қосқан жиыннан түсірілген. Шәмшат Төлепова, Манап Көкенов, Ақмырза Тұяқбаев, Балқашбай Жүсіпов және Махамбетқали Тұрсанов сияқты өнерпаздардың төрт көзі түгел шақ екен. Қазақ өнеріндегі үлкен арна – Сыр бойындағы жыраулық дәстүрдің кеңеюіне, тереңдеуіне қызмет еткен қайран асылдар-ай...