МАЖАРСТАН ТУРИЗМ САЛАСЫНДА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ СТУДЕНТТЕРГЕ ОҚУ ГРАНТЫН КӨБЕЙТЕДІ
Мажарстан үкіметі туризм саласы бойынша қазақстандық студенттерге оқу грантын көбейтуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстандағы Венгрияның Төтенше және Өкілетті елшісі Барани Андрашқа сілтеме жасап.
Бұған дейін осы ел үкіметінің қазақстандық студенттер үшін 200 грант бөлетіні хабарланған еді.
"Биыл екі ел арасында білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің мерзімі аяқталады және Келісімнің жаңа мәтінін әзірлеу бойынша келіссөздер өтеді. Онда қазақстандық тараптың белгілі бір мамандықтар бойынша стипендия санын көбейту туралы өтініші ескеріледі. Яғни, Қазақстан белгілі бір бағыттар бойынша стипендия санын көбейткісі келсе, міндетті түрде мақұлдаймыз. Оның ішінде туризм саласы да бар", - деді Мажарстан Төтенше және Өкілетті елшісі Барани Андраш Брифинг барысында
Б. Андраш білім беру бойынша Қазақстан мен Мажарстан арасындағы ынтымақтастықтың 2013 жылы басталғанын еске салды. Арадағы Келісімге сәйкес, мажарстандық тарап қазақстандық студенттер үшін 45 грант (бакалавриат - 20, магистратура - 20, докторантура - 5) бөлген болатын. Өз кезегінде Қазақстан да серіктес ел студенттері үшін 45 грант бөлді.
Айта кеткен жөн, 2014 жылы Студенттермен баламалы алмасу бағдарламасы басталған болатын. Ал 2016 жылы мажарстандық тарап ұсынысымен келісімге өзгерістер енгізіліп, грант саны 45-тен 200-ге көбейтілді. Яғни, 2017 жылдан бастап, Мажарстан Үкіметі тарапынан Қазақстан азаматтарына 200 толық грант (бакалавриат - 90, магистратура - 90, докторантура - 20) бөлініп келеді. Қазақстандық тарап бөлетін грант көлемі (45 грант) өзгеріссіз қалды.
Б. Андраштың айтуынша, мажарстандық грант тегін оқуды, ай сайынғы шәкіртақыны (бакалавриат - 130 еуро, докторантура - 450 еуро), жатақхана немесе жалданған пәтерақы құнын (шамамен 130 еуро) және медициналық сақтандыруды қамтиды.
Биыл Мажарстан бөлетін 200 грантқа мыңнан астам қазақстандық студенттер өтінім берген. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, министрлік грант бөлу процесіне қатыспайды, құжат жинау, өтінім беру сынды әкімшілік жұмыстармен ғана айналысады. Стипендияға лайықты студенттерді депутаттар мен қоғам қайраткерлерінен, Мажарстан елшілігі қызметкерлерінен құралған қоғамдық комиссия іріктейді.
http://www.inform.kz/kz/mazharstan-turizm-salasynda-kazakstandyk-studentterge-oku-grantyn-kobeytedi_a3190643