МӘҢГІЛІК ЕЛ ЖАСТАРЫ – ИНДУСТРИЯҒА
Қоғамдық жұмыстың маңызы қашаннан зор екені белгілі. Осы орайда, қаладағы ЗК-169/1 мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтар арасында жоспарлы іс-шаралар ұдайы жүргізіліп келеді.
Жаза басқандардың түзелуіне, еңбекке және өзгеде қоғамдық пайдалы жұмыспен айналысуға, білім және мәдени деңгейін арттыруға, оңалту бағдарламаларына қатысуға ынтасын қалыптастыруға бағытталған шаралар мекемеде кезекті мәрте ұйымдастырылды. Оған мекеме бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, әділет капитаны Р.Тілеумұратов, психолог Г.Жилкаманова және Қызылорда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілдері қатысты.
Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды жұмысқа орналастыруға бағытталған мемлекеттік «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға» әлеуметтік жобасының «Серпін» бағдарламасын іске асыру жазасын өтеп шыққан азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуды көздейді. Сотталған азаматты босатуға дайындау, сондай-ақ, босатылғаннан кейін өмірге бейімделу кезеңінде көрсетілетін әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету және босатылған азаматтарды әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, тұрақты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету жұмыстарын іске асыру көзделді.
Аталған бағдарлама аясында сотталған азаматтардың босатылғаннан кейінгі жұмысқа орналастыру, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша консультациялық көмек берілді.
А.БАТЫРБЕКОВ,
арнайы контингенттер арасында
тәрбие жұмыстарын жүргізу
бөлімінің жасақ бастығы