БАС ПРОКУРАТУРА "ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ТАҢДАУЫ" ҚОЗҒАЛЫСЫН ЭКСТРЕМИСТІК ДЕП ТАНЫДЫ
ҚР Бас прокуратурасы Мұхтар Әбіләзов құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты тіркелмеген қозғалыстың заңсыз қызметін анықтады. Қозғалыстың әрекеті экстремистік деп танылып, оған Қазақстан Республикасының барлық аумағында тыйым салынды. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Оксана Лоскутова мәлімдеді.
Айта кету керек, Мұхтар Әбіләзов 20 жыл бас бостандығынан айыруға соттталған. Ол сотпен қылмыстық қоғамдастықты құрғаны, 7,5 млрд. АҚШ долларын ұрлап, шетелге шығарғаны үшін кінәлі болып танылған.
"Шетелде сот жазасынан жасырынып жүрген Әбілязов Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарын бұзып, конституциялық құрылысты күштеп өзгертуді насихаттау мен үгіттеу бойынша заңсыз әрекетін жалғастыруда.
Интернет желілер, месенджерлер, сондай-ақ әр түрлі әлеуметтік топтарға парақшалар тарату арқылы, Әбілязов белсенді түрде Қазақстанның азаматтарын қозғалысқа қосылуға шақырады, қазіргі биліктің жағымсыз бейнесін құрып, қоғамда наразылық көңіл-күй қалыптастыруда. Осылайша, жоспарлы түрде әлеуметтік араздық пен алауыздықты қоздыруда", - деді Оксана Ласкутова.
Сонымен қатар, 2018 жылғы 13 наурызда Астана қаласының Есіл аудандық сотының шешімімен қозғалыстың әрекеті экстремистік деп танылып, оған Қазақстан Республикасының барлық аумағында тыйым салынды.
Ал, ҚР Бас прокуратурасының Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Ерлан Абаевтың айтуынша, ҚДТ қозғалысына қолдау көрсету қылмыс болып саналады.
"Қозғалыстың идеясын үгіттеу және насихаттау, оның жарияланымдарын, парақшаларын, посттарын, пікірлерін және басқа да ақпараттық материалдарын дайындап, шығару, көбейту және таратып, пікір жазғаны, қаржыландырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 182, 258 және 405 баптарына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделеді", - деді Е.Абаев.
Сондай-ақ, заңнамаға сәйкес, экстремистік топтың әрекетіне қатысуды өз еркімен тоқтатқан адам, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.