АДАЛ БОЛСАҢ, ЖИЫРМА МЫҢ АЛТЫН ТІЛЛӘ БЕРЕМ
Бала күнімде біздің үйге келіп түнімен жыр айтқан бір кісінің айтқан оқиғасы есімде қалыпты. Сонда түннің бір уағында қалғып кетіп қайта оянсам, таң атыпты. Апам аяқ жаққа буы бұрқыраған самаурын әкеліп қойып жатыр, ал жырау қоңыр домбырасына қосылып әлі жырлап отыр екен. Кірпігімдегі кілегейімді қос жұдырығыммен сүртіп, жағымды таянып екібеттеп жата қалдым. Сондағы түсінгенім мынау.
Баяғы бір заманда, дін мұсылман аманда Әбухасан деген бір кісі қолындағы малын садақа қылып, кедей-кепшікке таратып жүреді екен. Сөйтіп жүріп, өзі кедейленіп, тамақ асырау үшін белшеден қарызға батады. Бір күні оның үйіне біреу кіріп келеді.
– Әбуханасан сіз боласыз ба? – дейді.
– Мен боламын.
– Сізді қайырымды, қиянатсыз кісі деп естіп ем. Мен Меккеге бара жатқан адаммын. Көп малмен шығып, соны сатып, байқап қарасам жолыма жететін қаржымнан бөлек он мың алтын тілләм артық болып тұр. Соны сізге беріп кетейін. Қажыдан қайтқан сапарымда алармын, – дейді әлгі кісі.
Әбухасан аяқасты келген аманат олжаны алып қала береді. Сол күні түнде ойланып: «Мазамды алған жұрттың қарызынан құтыла тұрайын. Бұл кісі қажылықтан қайтам дегенше, тағы бір жақсылық болар» деп ойлап, ертеңіне он мың алтын тілләні түгел жұмсайды. Ал кешке жақын сапаршы жігіт қайта келіп тұр!
– Жолай әкемнің қайтыс болғанын естіп, кері оралдым. Ақшамды қайтып беріңіз, – дейді ол. Сонда сасып қалған Әбухасан:
– Алтынды қоятын жер таппай, бір сенімді жерге жасырып едім, соны әкеле қояйын, күте тұрарсыз, – деп атына мініп айдалаға лаға жөнеледі. Жолай оны бір топ аттылы тоқтатып:
– Бізге Әбухасан керек еді, халиф шақырып жатыр, – деседі.
– Ол мен едім, – деп ештеңеге түсінбеген Әбухасан аттыларға еріп жүре береді.
Халифтың алдына барады.
– Мен ел ішін аралап ең кедей адамға көмектеспек болып ниеттеніп ем, қай кедейге барсам да, «бізге Әбухасан көмек берген, сіз ол кісіге көмектесіңіз» деді. Олай болса мен саған жиырма мың алтын тіллә берем, алыңыз, – дейді халиф.
Жиырма мың ақшаны алған Әбухасан сапаршы жігіттің де ақшасын беріп, өзі де байып шыға келеді.
«Шіркін, халифа шақырып алып, менің әкеме де жиырма мың алтын тіллә берсе ғой» деген дәме көпке дейін бала қиялымнан кетпей жүрді. Бірақ дәл сол кезде сол жырдың негізгі идеясын түсіндім дей алмаймын. Енді ойлап отырсам, адам тағдырының қожасы адал жүрек екен ғой. Егер адам бас есеп, арам пиғыл соңына түспей, өзін нәпсі құлдығынан аулақ ұстаса, тарс жабылған тағдырдың қақпасын ашатынына көзім жетті.
Бұл дінде де, халықтық философияда да толық бейнеленген тәмсіл.
Д.АЯШҰЛЫ.