БЕС ҚАЗАҚСТАНДЫҚ GEEBEE ТУРНИРІНДЕ ЧЕМПИОН АТАНДЫ
Хельсинкиде 6 қазақстандық қатысқан бокстан 37-ші халықаралық GeeBee турнирі аяқталды. Барлығы финалға дейін жеткенімен, Олжас Байниязов шешуші жекпе-жекте француз спортшыдан ұтылып, қанжығасына күміс медаль байлады. Қалған бес боксшымыз алтын алды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
2017 жылғы әлем чемпионы Қайрат Ералиев 2015 жылғы Еуропа чемпионатының жүлдегері венгерлік боксшы Нандор Чокті 5:0 есебімен ұтты. Азия мен әлем чемпионаттарының жүлдегері Абылайхан Жүсіпов дәл осындай есеппен финалда Харрис Акбарды жеңді.
Олимпиаданың күміс жүлдесінің иегері Василий Левит еш қиындықсыз украиналық Константин Пинчукті жеңсе, Қамышбек Конқабаев екінші раундта жарақат алғанына қарамастан қарсыласынан басым түсті.
Финалда Бек Нұрмағанбет үздік жұдырықтасты. Оның қарсыласы – 2017 жылғы Ресей чемпионатының қола жүлдесінің иегері Артем Агеев болды. Қазақстандық боксшы бірінші раундтың 40-секундында қарсыласын нокаутқа жіберді.
Осылайша қазақстандықтар турнирде командалық есеп бойынша бірінші орын алып, елге бес алтын және бір күміспен оралды.