ҚҰРАНДЫ МӘНЕРЛЕП ОҚУДАН ОБЛЫСТЫҚ ЖАРЫС ӨТТІ
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ұйымдастыруымен Жаңақорған ауданы, Сүттіқұдық ауылдық «Ескендір Мағзым» мешітінде қасиетті Құран Кәрімді мәнерлеп оқудан «Құран – мәңгі мұғжиза» атты облыстық жарыс болып өтті.
Қызылорда облысы бойынша өкіл имам Болатбек қажы Ұласқанұлы: «Құран – Алланың кәләмі, адамзатқа берілген ешбір қатесіз өмір сүру құралы. Құранның бір ғана әрпіне он есе сауап жазылып, оқыған пендеге қияметте шапағатшы болады»,- дей келе қатысушыларға сәттілік тіледі.
Облыстағы имандылық үйлерінен жиналған қатысушылар әртүрлі деңгейде қасиетті Құранды мәнерлеп оқып, сынға түскен сайыста жеңімпаздарды анықтау оңай болмады. Барлық талаптар мен ережелердің сақталуын ескере отырып, арнайы құрылған әділқазылар алқасының шешімімен:
І орын иегері: Берік Асқарұлы (Жаңақорған ауданы)
ІІ орын иегері: Қуанышбайұлы Дәулет (Қызылорда қаласы, «Мүсірәлі Ата» мешіті)
ІІІ орын иегері: Нұрғалиев Абдулазиз (Қызылорда қаласы, «Нұр» мешіті)
Жүлделі орындарға ие болып, ақшалай сыйақымен (І орын – 70000 тг, ІІ орын – 50000 тг, ІІІ орын – 30000 тг) марапатталды.
Сондай-ақ, барлық қатысушыларға Алғыс хат пен ынталандыру сыйлығы табысталды. Жарысқа келушілерге ас беріліп, өкіл имам аудан халқына өз батасын берді.