ЖИЕН ҚЫЗ
Палуан ағай кезекті оқу жылы басталар алдында алыстағы аудан орта-лығынан бір түсі бөтен жігіт пен қызды ерітіп келді. Ауыл тұрғындары ол екеуін әуелгіде ерлі-зайыпты болар деп жобалаған. Директордың айтуында, жігіт – ағасы, қыз – қарындасы, ата тегі түрік екенін білгенде, бүкіл ауыл «адам-ай» деп таңғалысты.
Ол екеуін директор құрметпен төріне оздырды. Сосын алдына бесінші кластың партасына отыратын баласын жұмсап, мұғалімдерін үйіне шақыр-тып алды. Мұғалім апайлар екі айтқызбай-ақ, самаурынмен шай қайнатып, бауырсақ пісіруге, ағайлар директордың баққыдағы бір семіз марқасын жығып салып бұтарлауға кірісіп кетті. Бәрі дайын болғасын директор түсі бөтен ол екеуін мұғалімдеріне таныстырып, әңгіме көрігін қыздырып жіберді. Танысу барысында білгеніміз, қыздың есімі Гүлдана, ағасының аты Орхан екен. Ата-анасы біреу біліп, біреу біліп болмайтын баяғы аласапыран заманда тұз-дәм айдап Аштарханға айдалып барып, сонда орнығып қалған. Гүлдана бейтаныстармен сыпайы амандасқаны болмаса, келгелі тіс жарған жоқ. Күлімсіреп отыр, директордың әңгімесін тыңдап. Ал Орхан әңгімесін түрік, қазақ, орыс тілінде араластырып айтып отырды.
– Бұл бауырлар бізге жиен болады. Апамыз қазақтың қызы екен, – деп директор білген жаңалығын айтқанда, дастарханды жағалай отырғандар емен-жарқын дуылдасып, кәдімгідей қуанысып қалды. – Орхан ініміз ас-пирант, Гүлдана мұғалімдердің екі жылдық институтын биыл бітірген. Инс-титут Гүлдананы біздің министрліктің сұрануымен Қазақстанға направить еткен екен. Бір орыс тілі маманына зар болып жүрген басым, қарындасы-мызды аудандық оқу бөлімі меңгерушісін әке-көкелеп жүріп, тіпті райкомге дейін барып, орталарыңа алып келдім. Амандық болса, алдағы жазда жеті-жылдықты бірінші бітірушілеріміз онжылдыққа барғанда орыс тілінен қиналады ғой. Тірі орыс көрмеген оларға обал. Орыс тілінсіз күніміз қараң. Енді жақсы болды. Гүлдана шала сауатты шәкірттерімізге тіл үйретеді. Так что, сендер түсі бөтеннен жалғыз жиенімізді жалғызсыратпаңдар, қамқор бола жүріңдер, – деп әріптестеріне жағалай назар жүгіртті.
Ал Гүлдана сұлу күлімсіреп отыр.
– Орхан інім, – деді сосын директор оған. – Осында Сарыалқа деген апамыз бар. Ері атақты балықшы. Өзі домохозяйка. Үйі оңаша. Екі қызын ұзатқан. Енді қолында көзінің қарашығындай жалғыз ұлы. Апай жасы тоқ-тасқан, келімі келген кісі. Обшым, идеальный адам. Гүлдананы сол апа-мыздың қолына тапсырсам ба деп ойлап отырмын. Бауырыңды орналасты-руға көрпе-төсегі мен жылдың төрт мезгілінде киетін киімдеріне дейін ит өлген жерден арқалап келген сенің көңіліңді түсінемін. Дән уайымдама. Сары апамыздың қолында Гүлдананың жағдайы болады. Солай емес пе, жолдас-тар? – деп Палуан тағы да көптің пәтуасына жығылды. Ал көпшілік:
– Ой, не айтқаныңыз. Мақпалға зер бастырғандай...
– Көрерсіз де білерсіз. Біздің жиен қызымыз әлі-ақ Сары апаның туған қызындай, ал апай оның туған анасындай болып кетеді,– деп қауқылдасты.
Директордың анасы Айбөбек әжеміз: – Өзі бір оп-орнықты бала екен, – деді жайбарақат күлімсіреп отырған Гүлбалаға көңілі толып.
***
Сарыалқа апаймен әуелгі жүздескенде-ақ Гүлдананың жүрегі жылып сала берді. Ішінен: «Жүзі жылы екен» деп күлімсіреп тұрды. Директор мән-жайды баяндап болғасын Сарыалқа апай ойланғандай іркіліп:
– Палуан, қарағым, бұл баласыз да қазан көтереміз ғой. Дидарбегіммен бірдей болады. Дегенде, өзің білесің, біздің үйден келімді-кетімді кісі арыл-майды. Мына қабырғалас көршіміз қалаға көшкелі буынып-түйініп көлік күтіп отыр. Шап-шағын екі болме. Шегене бас қыз балаға деп-дегендей. Ауылсоветіңе айтып көрсең қайтеді. Қыз баланың өзімен өзі оңаша жатып түрғаны дұрыс қой, айналайын. Отын-суынан қам жеме. Өзім бас-көз бола-мын, – дегенде, Палуан:
– Апа, мына ақылыңыз дұрыс екен. Солай етейік, – деп қуанып кетті.
Сонымен Гүлдана үй босағанша Сарыалқа апайдың қамқорлығында болды. Жаңа оқу жылы да басталып кеткен. Оқу жылымен бірге Гүлбаланың да алғашқы еңбек жолы басталған. Қызық болғанда, әшиінде еркеліктен не боларын білмей ерігіп, ұрынарға қара таппай арсалаңдап жүретін тентек-шатыс Дидарбегіміз тілі түсініксіз біртүрлі апайдың алдында екі беті қы-зарып, маңдайы тершіп, өзі де біртүрлі ұялшақ бала болды да қалды. Оның үстіне Гүлдананы директор Дидарбек оқитын алтыншының класс жетек-шілігіне бекіткен. Енді үйде де, мектепте де тілі қиын осы апайдың көз ал-дында. Өзі қызық екен, үш тілді араластырып сөйлейді. Орыс тілінде мүдір-мейді. Ал түрік, қазақ тілдерінде кібіртіктеп қалады. Айтарын ойланып алып айтады. Оқушылар бір сөзіне түсінсе, бірнеше сөзіне түсінбей отырады.
Гүлдана жатағына орнығып алғасын Сарыалқа апайдан «Дидарды қысы-ма алып жатайын, түнемелік елегзимін» деп өтінген. Дегені болды. Бөлек тұрғаны болмаса, қазан біреу, түстікте және кешкілік Сарыалқа апайдың дас-тарханы дайын. Ауқаттанып алғасын Дидарбектің ұйқысы келгенше әуелі орыс тілінде қалай жазып, сосын қалай сөйлеуді үйретіп жаттықтырады. Бұл бала бұған дейін Сары апаның сотанағы еді. Оның ауылға көрсетпеген «ки-носы» жоқ. Асып бара жатқан бұзық та емес. Жаратылысында ескерімді, тілалғыш, елгезек. Дегенде ойыны қырғын.
Жазғы демалысқа шыққанда торғайлар мен қарлығаштарды рогаткамен атып ойнау, кірпікшешен байғұстардың үстіне жермай құйып от тигізу, ит-терді айтақтап абалату, ит пен мысықты өшіктіру, құдай сақтасын, Дидарбек бастаған есерсоқ балдардың кәнігі «өнері» осындай болатын. Және де өздерінің меншіктеп алған бір-бір есектері бар. Бір-бір иттен ноқталап алып жетектеріне алады. Сосын, ал-кеп жарыс. Кімнің есігі мен иті жүйрік? Кім озып қарақшыға бірінші келеді? Қалайда озу керек. Содан, сотанақ содырлар жетектегі иттердің тілі аузына симай салақтап, өкпесі өшіп жығылғанша тізгін тартпайды. Мұны көрген шешелері «Құдая тоба-а» деп бажылдайды. Обалы кімге? – дейді. Обалын қайтеді, көздерін тырнап ашқалы алдыңғы аға-ларынан көрген-баққаны осындай ойын болса. Әлемдік өркениеттен жырақта құралақан қалған. Жазғы каникулда олардың ермегі суға түседі, құлаштап жүзіп жарысады, күн шуағына қыздырынады. Түнге қарай Ай астында ақ-сүйек ойнайды. Күндіз асық ойнап жүріп төбелесіп қалатын кездері де болып тұрады. Әне, сондай бір өмір. Қияндағы ауылда өтіп жатқан осындай өмір.
Дидарбек апайының жанына қара болғалы бұрынғы «өнерінің» бәрінен тиылды. «Қанды көйлек» достарына қолын бір сілтеп, апайының алдында тәк тұратын болды. Қайда жұмсаса да тіл қайырмайды, құйындай зырлап барып келеді. Тап-тұйнақтай қолғанат. Құдықтан су тасып, ыдыстарды мүймілдетіп қояды. Сексеуіл мен жыңғылды ұсақтап уатып, ауызғы бөлмеге жинайды. Пешке отты да өзі жағады. Мезгілімен от жаққасын үйіші жылы болып, көңірсіп тұрады.
Осындай ақылды баланы Гүлдана қалай жақсы көрмесін. Құшақтап бауырына басады. Дидарбектің ұялғаннан балбұл жанған жүзін апайы тұң-ғиық қара көзінің күндей жарқыраған жанарына сіңіріп алады. Содан екеуі-нің жүрегін бір нәзік сәуле аралап өтеді. Бала қашан көрсең де, Гүлдананың көлеңкесіндей жанында жүргені.
Ал апайы осы ауылға келгелі өзін бір тұйық ортаға тап болғандай сезініп жүр. Кемеге отырып көкжиегі көрінбейтін көк теңізге шығып кеткесін күнбатысы мен күншығысынан жаңылысып қалып еді. Ауыл тұрғындары оны ғайыптан келгендей көреді. Келбетіне, ажарына, жүріс-тұрысы мен киім киісіне кәдімгідей таң қалып қызығады. Үйткені, оның киімдеріндей киім бұл ауылдың желектілерінде жоқ. Бойжеткендер күрсінеді, жанасқысы келеді. Мектептің үлпілдек балапан қыздары соңыра осы апайындай болып бой түзеуді қиялдайды. Ал ауылдың ақкөңіл қатындары үйренісе келе Гүл-дананы өзімсініп жиен қыз дейтін болды. «Әй, жиен қыз-ау, бері келш» деп шақырып алады. Сосын әңгімесін: «Бала-ау» деп бастап, ой, соғады дейсің қайдағы-жайдағыны сампылдап. Жиен қыз тек тыңдағанды біледі. Әр отбасы құрметтеп бір-бірден қонақасы берді. Ежелден өнеге болған бабалар дәстүрі. Гүлдана да жатырқаған жоқ, араласып кетті. Әжелер «көргенді бала екен» дейтін болды.
Сонымен не деріңіз бар, сол жиен қызымыз көктегі күндей күлімдеп, аспандағы айдай жарқырап, бүтін бір ауылдың көз алдында жүр, айналасына шуақ шашып. Өзі көптің көзіне түсіп жүретіндей де бар. Егер күнделікті са-бағынан басқаға алаңдамай өзімен өзі болып жүрген біреу болса, көзге түспес те еді. Ал-л, осы ауылға «Құдай айдап» келген бұл шырағым ондай емес, жа-нып тұр. Бір минут қарап отыра алмайды. Мектеп табалдырығынан аттаған күннен қоғамдық қарбаласқа бірден кірісіп кеткен. Тасада шаң басып жатқан жалғыз барабанды тауып алғанда, баладан бетер қуанды. Оқушыларға оны-мен қалай ойнауды, хормен ән шырқап билеуді жатпай-тұрмай үйретті. Со-веттік жетінші қараша мерекесінде Гүлдана бүкіл жеті класс оқушыларын парадқа алып шықты барабандатып. Мектеп тарихында бірінші рет. Бұл дегеніңіз журналистер айтатындай түкпірдегі ауылда сенсация болды. Оны айтасыз, оқушылар жаңа жыл кешінде ата-аналарына қызықты концерт қой-ып берді. Гүлдананың өзі де қазақ, орыс, түрік әндерін шырқап, би жалынын лаулатты.
Айтпақшы ұмытып барады екенбіз ғой. Гүлданамыз оқу басталғалы жетіншінің түлектерін комсомол мүшелігіне дайындап жүреді екен. Оны да айтайық. Қысқы каникулда бітіруші он бес ұл-қызымызды ауылға айына екі рет қатынап почта таситын самолетпен қияндағы ауданға алып кеткенін бір-ақ біліп қалдық. Өмірі қала көрмеген аңқибайларымызды қыдыртқан, киноға апарған. Содан не керек, бізді келешекте коммунизмге жеткізетін шамшырақ-тарымызбен жамырасып қауышқанымызда, ауыл үстінен бір жаңалық лебі есіп өткендей болды. Мектебімізде бұрын болмаған оқиға. Ауылымыздың алғашқы комсомолдары! Он бес шаңырақ бұл қуанышты атап өтіп, шаттыққа кенелді. Он бес марқа комсомолдың құрбаны болды. Гүлданаға көңілі толған директор дастархан басында:
– Өзі баяғы бағзы замандағы ержүрек түрік аталарындай жігерлі екен. Бойында өмірге деген құштарлық бар. Далеко пойдет! – деп шалқып тасып отырды. Өзгелер де бір ауыздан:
– Рас, алғыр бала...
– Бұрымдының бекзаты... – деп мақұлдады.
Гүлдана айдай ажары гүлгүл жайнап, күлімсіреп отырды.
* * *
Ақжарқын ауыл адамдарының алғысына бөленген Гүлдана енді алдағы сегізінші наурыз – әйелдер мерекесіне дайындалу машақатына кіріскен. Бірақ мерекеге үш күн қалғанда бұл ауылдың аспанынан жай түскендей болды. «Мәңгі жасайды» деген Сталин мәңгі жасай алмай опат болыпты. Ауыл қаралы хабарды томсырайып, суық қарсы алды. Үндері өшкен, сыбырласып сөйлеседі. Ауыл үстінде тыныс созатын ауа да ауырлап кеткендей болды.
Гүлдана өзінің «меншікті класы» алтыншыға күнде күлімсіреп кіріп ке-летін. Бесінші наурыз күні класқа көңілсіз келді. Шәкірттерімен амандас-пады. Түсі қашып отырды да қойды. Сабақ бастамады. Бір мезетте өксіп жылап жіберді. Балалар үрпиісіп бір-біріне қарады. Гүлдана бет орамалымен көз жасын сүртіп отырып: «Сабақ болмайды. Үйлеріңе қайта беріңдер» деді. Балалар апайы алдында кінәлідей бастары салбырып, дыбыс шығармай, жылыстап шығып кетті. Гүлдана класта жалғыз қалды.
Сол күні кеште жиен қыздың жылағаны әр үйдің отбасында әңгіме бол-ды. Дыбыстарын шығармай сыбырласты. Сонда, немене, Гүлдана «көсемнің» өлгенін азалап жылағаны ма? Олар неғылса да солай деп жобалады-ау...
Сол күні орденді балықшы Кемаладиннің үй іші де кешкі дастарханның басында бір-бірімен үндерін шығармай сыбырласып сөйлесіп отырды. Ас қайыру батасын да солай құлықсыз жасады. Дидарбек апайының класта жы-лағанын үйге айтып келген. Сарыалқа Гүлданамен оңаша қалып, елден жайсыз хабар алмады ма, қайтті? – деген оймен неге жылағанын білгісі келген.
– Мен Сталинді жоқтап жылағаным жоқ, апа, – деді Гүлдана сыбырлап. – Ол баяғыда өлуі керек еді. Көп халықтың сорына қарай ұзақ жасады. Ол біздің әулетті де сорлатқан. Папамның әкесін бар байлығынан айырып, өзін итжеккен асырған. Атам сол кеткеннен оралмаған. Папам да отыз жетінің тырнағына ілінген. Мен папамнан төрт жасымда қалыппын. Жауыздың өлгенін есіткенде соның бәрі ойыма оралып, құтылдық па, құтылмадық па деп жыладым. Апа, ол халықтардың көсемі де, әкесі де болған жоқ. Жалған. Жаламен ұсталғандар емес – халық жауы, оның өзі халық жауы болды... – Гүлдана одан әрі қыстығып сөйлей алмай тағы егілді.
Сарыалқа: – Қарағым-ай, қайтейін, сенің де қайғың қалың екен ғой. Әйел заты жылауға жаралған ғой. Жыла, жылап ал, жыласаң ішіңдегі ішпыс-таның көз жасыңмен сыртқа шығып, бойың жеңілдейді. Бұрынғы анала-рымыз осындайда бір-бірімен көрісіп жылап, іштегі қайғыларын аластайтын, – деп жұбатты. Жұбатып отырып: – Не дейін саған, не дейін, – дей берді. – Күнім-ай, не дейін, – дей отырып Гүлдананың шашынан сипай берді, сипай берді. Басқа не десін.
Екеуінің бұл күңкілін ешкім естіген де, білген де жоқ. Осы арада қалды. Сегізінші наурызда концерт болған жоқ.
* * *
Сталин өлді екен деп өмір ағыны тоқтап қалған жоқ. Тірілер тіршілік-теріне кіріскен. Мамыр туа жер дүние құлпырып сала берген. Гүлдана да қысқы «жабағысын» тастап, дүние жарыққа жайраңдап шыға келген. Дирек-тордың әзілдеп айтатынындай «спорттық бабында». Далада көктемнің көгіл-дір сағымы ойнады. Осынау жазиралы өлкеге оқушылармен экскурсияға шы-ғу ойында жүрген, Гүлдананың. Осы ойын директорға айтқанда, ол:
– Дабай! Әңгіме жоқ, – деп жанып түсті. – Мен де барамын экскурсияға. Әрі сырттағы малымды түгендеп қайтамын.
Ауыл шағын болғанымен жері кең. Сонау теңіз айдынында ұзынынан сұлаған Сарша аралы, одан былайырақ Домалақ түбегі, сол жарты аралдан батысқа қарай көсіліп жатқан Айдарлы қыраты. Ал ауылдың далалығында Қармыс, оған жалғас Өндір, одан әрі Қаражыңғыл, Кетік, Дәуіт, Палуан шыңы. Қандай жерлер. Бірінен бірі өткен экзотика. Алғашқы экскурсияға Гүлдананы директордың өзі бастап шыққан. Кейінгілеріне колхоздың жалғыз шопыры Жарбол алып барды. Оқушылар мамырдың жуасын, көсігін қазып алып, қырдың қызғалдақ-сарғалдақтарын теріп, бірін бірі қуалап ойнап, даланың жасыл көгершіндерін қызықтап масайрады.
Сонымен мамырдың демалыс күндері экскурсия қызығымен өтті. Гүл-дана оқушыларға экскурсия дегеннің не екенін түсіндіріп, мектеп өмірінің тағы бір жаңа парағын ашты. Расында бұл ауылда бұрын болмаған жаңалық еді.
Гүлдана Дидарбекке таңертең өзімен бірге жүгіріп шынығуды үйреткен-ді. Дидарбектен көріп басқа балалар ла жүгіретін болды. Гүлдана жаз шығып күн қызғасын Дидарбекті теңіздің оңаша қойнауына алып кетіп жүрді. Алғашқы күн. Апайы суға түсуге ыңғайланып шешінгенде, Дидарбек оған қарай алмай жүзі жанды. Гүлдана:
– Сен де шешін. Суға түсейік, күнге қыздырынайық. Денсаулыққа пай-далы болады, – деді. Сосын өзі аш беліне түсетін мөлдей қара шашын төбе-сіне жинап, бір су өткізбейтін көгілдір кепешін басына киіп алып, тереңге сүңгіп кетті. Әудем жерден шығып теңіз өріне қарай құлаштап жүзе жөнелді. Қайтып оралғанда, Дидарбек апайына аузы аңқиып қарап қалған орнында селтиіп әлі тұр еді. Гүлдана: – Келсейші, жүзіп жарысайық, – деп қолын бұлғағасын бұл да апайына қарай құлаш ұрды. Ғажап! Апайы балықтан бетер жүзеді екен. Өзі қатарлы балдардың алдын бермейтін Дидарбек апайына ере алмады. Қалып қойғасын туырылған қалың пішендіктің түбіне сүңгіп кетіп тәтті сүй-ріктерді түбінен біріндеп суырып жинауға кірісті.
Сүйрікке қос уысы толғасын жағалауға шыққанда апайы ақ құмақта шалқасынан жатыр екен. Күнге қыздырынып. О, ғажап... баланың көз алдын-да – бұрын түсінде де көрмеген табиғаттың бір таңғажайып кереметі. Сұқсыр сұлудың жалаңаш денесін тұңғыш көруі. Тынысы жиілеп кетті. Ауылда жа-лаңаш қызды көрмеген оның жанары мына сұлу жаратылыстан жасқанып, көзі тұнды. Адымын санап басып, санап басып келіп, қолындағы тәтті сүй-рікті апайының төсіне қойды да, өзі оның жанына етпетінен сылқ етіп жата кетті. Жүрегі ие бермей лүп-лүп соғып жатыр.
Әне, сол күннен бастап бұл бала өзгерді. Сабақта отырса да, түнемелік төсегіне жатқасын да апайының таңғажайып келбеті мен сұлу дидары көз ал-дында елестей беретін болды. Оқу жылы аяқталысымен сәті түскен күні Орхан келіп, қарындасы екеуі жолға шықты. Дидарбек алтындай апайын жаз бойы сағынып жүрді. Сағығаннан жүдеп те кетті.
***
Мектепте жаңа оқу жылын бастау қарбаласында тағы бір жаңалық бол-ды. Айтары жоқ сенсация! Гүлдана жазғы каникулға шығар алдында соғыс-тан қалжырап шыққан ауылдың жұпыны жағдайын баяндап, үкімет басшы-сының атына хат жазып жіберген екен. Содан ақ жарылқап, оқу министр-лігінен бір кісі артынып-тартынып келе қалмасы бар ма?! Жанына облыстан бір, ауданнан бір өкіл ерткен. Мұғалімдер самолеттен қос-қос коньки, шаңғы, футбол, волейбол добы мен торын, шахмат, дойбы дегендерді түсіріп алды. Палуан қуанғаннан бір марқасын әп-сәтте жайратып салды. Гүлдананы қайта-қайта айналып, толғана береді.
Ой, айтарыңыз не, бәрінен де балаларға жақсы болды. Гүлдана оларға алдымен шахмат пен дойбыны қалай ойнауды, қыста коньки мен шаңғыны қалай тебуді, қыздарға волейбол ойнауды өзі үйретті. Футболға ер балаларды жетіжылдықты аудан орталығында оқып бітірген балықшы жігіт Тілеукен жаттықтыратын болды. Содан осынау бейғам, бұйығы ауылда осындай қызықтар болып жатты.
Гүлданада тыным жоқ. Қысқы каникулда мектепті екінші бітірушілерді де ауданға алып барып, комсомолға өткізіп қайтты. Дидарбек енді комсомол мүшесі. Жігіт болды деген осы деп, әке-шешесі бір марқайып қалды. Бала-ның өзі де тезірек ержетуге талпынып жүр. Гүлдана ендігі кезекте былтыр «көсемнің» бұйқыт қазасынан сегізінші наурыз күні қойылмай қалған концертті қайта жаңғыртты. Ауыл тарихында мұндай құрметті бірінші көрген аналар жиен қызға ағынан жарылып ақ баталарын жамыратты. Ал Палуан директор: Тамаша! – деп қолын шапаттап мәз болды. Ауылдың ақ жаулықтыла-ры алдында Гүлдананың қазақ тілін нәйеті бір жылда мүдірмей меңгергенін, рахатты осы жиен қыздан көріп жүргенін жырлап айтып, бір желпініп алды.
Мамыр туа «экскурсияға қашан шығамыз» деп енді естияр оқушы-лардың өздері апайының дегбірін алды. Жолға шығардан бірер күн бұрын Гүлданаға әдеттегідей тағы бір хат келді. Оны поштадан Дидарбек әкеліп берген. Апайы конвертті ашып, хатты қолына ала бергенде, ішінен бір сурет сусып жерге түсті. Дидарбек оны дереу көтеріп алған. Бір керім жігіттің суреті.
– Бұл кім? – деді апайына тіктеліп. Дауысы да әнтек шығып кетті. Гүлдана күліп:
– Бұл сенің ағаң, мені күтіп жүрген, – деп айтқаны сол, Дидарбек дереу дүр сілкініп, апайына ту сыртын беріп теріс қарап тұрды. Гүлдана оны сыртынан құшақтап, теңселіп тұрып: – Дидар, тентек болма. Соңыра сен де осы ағаңдай жоғары білімді азамат боласың. Сосын тура мендей қызға үйленесің. Мен сенің үйлену тойыңа ағаңмен келемін. Келіншегің екеуіңе кереметтей сыйлық әкелеміз. Сен менің інім болдың, мен сенің апаң болдым. Біз өмірден осылай өтеміз, – деп төбесінен құшырлана иіскеп, маңдайынан сүйді.
Дидарбек апайының омырауына тұмсығын тығып жылап жіберді...
* * *
Маусым туа екеуі биыл да оңашаланып кетіп теңізге шомылып, күнге қыздырынып жүрді. Дидарбек апайының алдында бұрынғыдай қымсынып қысылмайтын болған. Жанарын суырған сұлу жаратылысқа көзі үйренген. Еркін ойға беріледі. Қиялы да қызық. «Апам мені, әттең, Гүлдана дүниеге келген отыз үшінші жылы неге тумады екен» деп күрсінеді.
Баламысың деген. Осылай армандайды. Қиялында суреттегі саңылақ жі-гіттей болып, Гүлданамен вальске дөңгеленіп билеп жүреді. Сөйтіп жүргенде оқу жылы да аяқталды. Өзі жетіншіні бітірді. Гүлдана оны өзімен ала кетіп, қолында оқытатын болған. Оған баланың әке-шешесі: «Сағынып сарғаямыз ғой. Қаладағы нағашысының үйінде жатып оқыр» дегесін Гүлдана амалсыз келісті. Оқу жылы аяқталысымен. Орхан да келген. Екеуін бүкіл ауыл қимай-қимай шығарып салды. Аңқаңдаған Палуан: – Ойпырмай, халқым-ай, айна-лайын Гүлдананың еңбегі арқасында тірі орыс көрмеген оқушыларымыз тілін сындырып, нан сұрап жейтін болды... – деп көзіне жас іркті. Сарыалқа апай: «Қызымдай болып едің. Қайда жүрсең де аман бол жаным» – деп еміренді.
Дидарбек Орхан мен Гүлдананы кемеге әкесінің ау қайығымен шығарып салды. Кеме қозғалар сәтте ол екеуі баланы құшып-сүйіп қоштасты. Гүлда-наның көзінде дөңгеленіп жас кетті. Дидарбектің көзінде де дөңгеленіп жас қалды.
Бала қайтуға асыққан жоқ. Қайықтың көшкісін суға тастап, кеме көзден қашан ғайып болғанша самсоз отырды да қойды. Құдды елсіз жапанда жал-ғыз қалғандай күйде. Кеме көрінбей кеткесін қайықтың көшкісін асықпай суырып ауылға бұрды. Сосын қайықтың қос қапталындағы ескекті ескен де жоқ, жинаған да жоқ. Жел қайықтың артынан еді, ыққа қарай жай жылжып келеді. Қос қапталдағы екі ескек теңіз бетін сызып келеді. Арты көк теңіз, алды жағалау. Баланың жан дүниесінде өмір бойына сарқылмайтын уыздай сағыныш қалды. Екеуі енді қайтып кездесе алар ма екен... Соны ойлағанда баланың көңілі босап, кеудесін өксүк қысты. Қайық жай жылжып келеді. Дидарбек аңырап жылап келеді...
Баламысың деген.
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ