ҚЫЗЫЛОРДАДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІН АТАП ӨТТІ
Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев аймақтың әйелдер қоғамдастығының өкілдерімен кездесіп, Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
Аймақ басшысы өңірдің бірқатар маңызды салаларында әйелдер қауымының арқасында қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
«Тарихтың қай парағын ақтарсаң да қаны асыл, жаны текті апа-аналарымыздың өнегелі ісі, айшықты жүзі мен ғибратты сөзіне қанасың. Бегім сұлу, Құртқа, Қыз Жібек, Қарашаш, Айман, Домалақ ана сияқты ақылы асқан, дана апа-аналарымыздың бейнесі асыл мұра ретінде ұрпағының санасында. Сыр өңірінде де талай ардақты аналардың өнегелі өмірі, сырлы шежіресі аңызға айналып, ел аузында жүр. Сәлима Жұмабекова, Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Закира Ержанова, Қазына Жүсіпова сынды ел аналарының ерен еңбегі мен жарқын істері бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Бүгінгі кездесуімізге көп балалы аналар, ауыл шаруашылық, білім, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, яғни, күнделікті қажырлы еңбектерімен өмірімізді жақсартып, тәуелсіздігімізді нығайтып келетін жандар қатысуда. Облысымыздың, еліміздің барлық жетістіктерінде сіздердің зор үлестеріңіз бар», - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, өңір басшысы Қызылорда облысының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Алма Ақдәулетованы биылғы 85 жылдық мерейтойымен құттықтады.
«Естуімізше, жақсы адамға үш қасиет ерекше тән дейді: бірі – жылы жүзі, екіншісі – дана сөзі, үшіншісі – сырбаз мінезі. Бар бақытын еліне арнаған еңбектен тапқан Алма Танабайқызы өз бойындағы осы үш қасиетінің арқасында Сыр елінде айрықша құрметке бөленді», - деді облыс әкімі
Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі үшін Алма Ақдәулетова Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
Өз кезегінде кездесуге қатысушылар аймақ басшысына көрсетіп жатқан қолдау үшін алғыс білдірді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Сыр өңірінде 44 мыңнан астам көпбалалы ана ғұмыр кешуде. Ал батыр аналардың саны 27 мыңнан асады. Олардың ішінде 14 мыңнан астамы «Алтын алқа», қалған 13 мыңдайы «Күміс алқа» иегерлері.