ҮЛГІЛІ ЕҢБЕККЕ ЛАЙЫҚТЫ ҚҰРМЕТ
Бүгін облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен актив жиыны өтті. Онда облыс әкімі облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлыбек Жолдасбаевты зейнет жасына жетуімен құттықтады.
–Үлкенді сыйлау, құрметтеу, азаматтың еңбегін бағалау халқымыздың қанына біткен ұлы қасиет. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген ізгілікті ілтипатпен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлыбек Қалжатайұлы Жолдасбаевты құрметті зейнет демалысына шығарып салғалы отырмыз, - деген аймақ басшысы бірқатар салаларда жетекшілік жасаған азаматтың аймақтың дамуына қосқан үлесі жайында айтып өтті және оған облыстың «Құрмет» грамотасын табыстады.
Нұрлыбек Қалжатайұлы 1955 жылы 5 наурызда Жалағаш ауданында дүниеге келген. Қазақ ССР Ауылшаруашылық министрлігінің Қызылорда совхоз-техникумын – зоотехник, Тимириязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясын – зоотехник-зооинженер мамандығы бойынша тәмамдаған.
Ол еңбек жолын 1972 жылы Жалағаш ауданы «Мәдениет» кеңшарында аға жұмысшы ретінде бастаған. 1984-1998 жылдары аталған кеңшарда бас зоотехник, директор. 1998-2008 жылдары Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары, Жалағаш ауданының әкімі, облыстық ауылшаруашылық басқармасының бастығы, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы болды, 2008 жылдан облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры қызметін атқарды. 2013 жылы Қызылорда облысының жаңадан құрылған еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. Бүгінге дейін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы лауазымын атқарып келді.
Өз кезегінде Нұрлыбек Жолдасбаев еңбегін елеп, құрмет көрсетіп жатқан облыс әкіміне, әріптестеріне алғысын айтып, жылы лебізін білдірді.