ҚАЗАҚСТАНДА АВТОКӨЛІК ТАРИХЫН КӨРСЕТЕТІН ЭЛЕКТРОНДЫ АВТОҚҰЖАТ ЕНГІЗІЛМЕКШІ
Қазақстандық автобизнес қауымдастығы (ҚАБҚ) 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап ел аумағында электронды автоқұжат енгізу жұмыстарын бастайды.
Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Қазақстандық автобизнес қауымдастығы өзінің Facebook парақшасында электронды құжаттың артықшылықтары туралы айтып өтті. Болашақта қолданыста болатын электронды автоқұжатқа автокөліктің барлық тарихы енгізіледі. Оның ішіне техникалық сапасынан бастап, жол-көлік оқиғаларына қатысты жағдайы, техникалық қызметтен өтуі басқа да шектеулерге қатысы бар екені жазылады.
«2018 жылдың 1 шілдесінен бастап көлік құралдарының электронды жүйеге өтуі Еуразиялық экономикалық одақтың ішіндегі құжаттарды жеделдетіп, бизнестегі операциялық жұмыстарды жеңілдетеді»,-делінген хабарламада.
Енді айдалған көлік сатып алғысы келетіндер арнайы порталға кіріп автокөліктің тарихымен толық таныса алады. Электронды автоқұжат жүйесіне көшу біртіндеп жүзеге асырылады. Құжат барлық ЕАЭО елдерінде бірдей болады.