«АРАЛ» БАССЕЙНІН САҚТАП ҚАЛУ ҮШІН АРНАЙЫ ЖҰМЫС ТОБЫ ҚҰРЫЛАДЫ
Оған шетелдік мамандарды тарту жоспарланып отыр. Ғалымдар жүргізген зерттеу негізінде 5 жылға арналған бағдарлама қабылданады. Бұл туралы Өзбекстанның автономиялы аймағы Қарақалпақстанда болып қайтқан елшіміз мәлімдеді. «Екі ел бірлесіп атқаратын жоба теңіздегі су деңгейінің біршама көтеріліп, экологиялық ахуалдың жасқаруына негіз болмақ», - дейді дипломат.
Арал теңізінің оңтүстік бөлігі көрші елдің аумағында жатыр. Оған Қызылқұмның солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан Қарақалпақстан арқылы ағып келетін Әмудария өзені құйяды. Ал Сырдария бірнеше елдің аумағынан ағып өтеді. Осы екі ірі өзен бір кездері балығы тулаған теңіздің шанағын толтырып тұратын. Өзбекстан бүгінде ұлтаны кеуіп, экологиялық апатқа айналған теңізді қайта қалпына келтіру үшін бірнеше жобаны қолға алмақшы.
Орал Атаниязова, Олий Мәжіліс сенаторы:
– Соңғы екі жылда 100-ге жуық жоба қабылданды. Бассейін маңындағы елді мекендерді таза ауызсумен қамту, «Арал» теңізін сақтап қалу мен тұздардың желмен қоршаған ортаға таралып кетпеуін қамтамасыз ету сияқты шаралар жүргізілді. Сол маңдағы халықтың денсаулығын жақсарту – бірінші кезекте тұрған басты мәселелердің бірі. Жалпы айтқанда, теңіздің тозып кетпеуіне жол бермеу керек. Осы тұрғыдан алып қарағанда, аталған бағдарламаларды бірлесіп жүзеге асыру арқылы Арал теңізінің тартылуынан келіп туындаған түрлі келеңсіздіктерді жойып, қоршаған ортаны қорғауға бар күш жігерімізді салатын боламыз.
Арал теңізі осыдан небәрі жарты ғасыр бұрын әлемдегі көлемі жағынан ірі төрттіктің қатарында болатын. Бүгінде ол Орталық Азия аймағындағы экологиялық мәселеге айналды.
Біздің елде теңізді сақтап қалу үшін қыруар жұмыс атқарылды. «Көкарал» деп аталатын жаңа бөгет салынды. Соның арқасында екіге бөлінген Аралдың солтүстік аумағындағы су деңгейі баяу болса да көтеріліп келеді. Балық шаруашылығы да қайта жандана бастады. Осы тәжірибе енді ортақ мәселені шешуге жұмсалмақ.
Ерік Өтембаев, ҚР Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
– Қазіргі таңда бірлесіп жұмыс жасап, Аралдың мәселесін бірге шешу үшін үлкен топ жасақталады. Сол топтың арқасында біз 4-5 жылға дейін бағдарлама қабылдайын деп жатырмыз. Себебі бұл – үлкен жұмыс, стратегиялық жұмыс. Соның арқасында шет елдердің де ғалымдары бірлесіп жұмыс жасау туралы үлкен шатрқа келістік.
Бір қызығы Аралға қос өзен құйғанымен, теңізден бірде бір өзен ағып шықпайды. Қызылдың құмын ендей жатқан теңізді сақтап қалу мақсатында арнайы халықаралық қор да құрылды. Орталық Азия мемлекетаралық су шаруашылығының бірлескен үйлестіру кеңесі де жұмыс істейді. Жүйелі жұмысының нәтижесінде қос өзеннен су ішетін бес елдің арасында күні бүгінге дейін суға қатысты келіспеушілік белең алған емес.
«Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп атқаратын тың жоба «Арал» теңізі бассейнін сақтап қана қоймай, экологиялық ахуалды жақстаруға да мүмкіндік береді», - дейді мамандар.