АВТОБУСТАҒЫ АЙРЫҚША ШАРА
Қызылорда қалалық кітапханалар жүйесіне қарасты №3 және №19 кітапхананың ұйымдастырумен айрықша шара өтті. Биыл Алты Алаштың анасы атанған Қызылорда облысының 80 жылдық және Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойлары. Сондай-ақ, санаулы күндерден соң ардақты аналарымыз бен ару қыздарымыздың төл мерекесі басталады. Сыр бойында өздерінің өрнекті өлеңдерімен, прозалық шығармаларымен төл әдебиетімізде лайықты орын алған, қыз-келіншектер аз емес. Кейінгі ұрпаққа сөз құдіретімен асыл мұра қалдыратын қаламгерлеріміздің шығармашылығын насихаттау – парыз. Осыған орай, «Сыр елін жырға бөледім» атты шараға «Әдеби автобус» деп айдар тақтық. Бір қызығы, бұл шара қалаішілік №17 бағыттағы қоғамдық автокөліктің салонында, осындағы жолаушы-оқырмандар арасында өтті.
Айрықша шара мерекелік құттықтаулармен басталды. Мұнан соң жергілікті ақын-жазушы әйелдер шығармашылығынан үзінділер оқылып, қоғамдық көліктегі оқырмандарға жол бойы әдеби шығармалардан сыр шертілді. Автобус салонында №173 мектеп оқушылары өлең оқып, мәдениет үйінің қызметкері Айбек Есқараев жолаушыларға жырдан шашу шашты. Бұған қоса, автобустағы жолаушылар викториналық сұрақтарға жауап берді. Жұртшылық қауымды кітап оқуға баулу мақсатында, сондай-ақ кітапханалардың мекен жайымен таныстыру үшін үлкен сыйымдылықтағы автобуста арнайы жарнама парақшалары таратылды. Шараға белсене қатысқан жолаушы-оқырмандарға кітапхана ұжымы дайындаған мерекелік сыйлықтар табысталды.