ЖЕРЛЕРДІҢ ШӨЛДЕНУІ МЕН ТОЗУЫ ҮДЕРІСТЕРІНЕ ҒАРЫШТЫҚ МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗУ
Арал өңірі аймағының экологиялық проблемаларын зерттеуге заманауи технологияларды енгізу, сондай-ақ оларды оқу үдерісінде пайдалану Қызылорда облысын тұрақты дамытудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
2018 жылдың 21-23 ақпаны күндері Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылар құрамына мамандар біліктілігін арттыру және қайта даярлау бөлімінің ұйымдастыруымен «Жерлердің шөлденуі мен тозуы үдерістеріне ғарыштық мониторинг жүргізу» бағдарламасы бойынша семинар өтті.
Семинарға қатысушылар өте маңызды дағдыларды - ғарыштық мониторингті және http://geomonitoring.kz/. геопорталын пайдаланып, жерлердің шөлденуі мен тозуы үдерістерін зерттеу әдістерін үйренді.
Жерлердің шөлденуі мен тозуы үдерістерінің ғарыштық мониторинг әдістемесін «Қазақстандық ГАЖ және АЗ агенттігі» ЖШС -ң директоры Светлаков Валерий Рашидовичтің жетекшілік етуімен әзірледі. Курс жаттықтырушысы – Рысмахан Гаухар, ГАЖ жетекші маманы.
Бұл әдістеме ҒЭҚ-БҰҰДБ шөлді эко жүйелерді сақтау жобасы аясында жарыққа шығарылды және Арал-Сырдария мен Іле-Балқаш аймақтарындағы жерлердің шөлденуі мен тозу үдерістерінің негізгі индикаторлары бойынша құнды ақпаратты көрсетеді.
Профессор-оқытушылар құрамы оқу үдерісі мен ғылыми жұмыстарында Қазақстанның шөл және шөлейт экожүйелерінің жағдайын зерттеудің ғарыштық әдістерін пайдаланып, өздерінің геопортал арқылы ғылыми зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісе алады.